Қуыршақпен үндескен сахна шебері Бақытжан Қаюовтың мерейтойлық бенефисі өтеді
Қуыршақ театры – қоғамның мәдени және рухани өміріндегі ерекше құбылыс. Ол тек ойын-сауықтың бір түрі емес, көрермендердің санасына ізгілік, мейірімділік, адалдық сияқты асыл қасиеттерді сіңіретін өнердің маңызды саласы. Бүгінгі таңда балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруда, ал ересектер үшін терең философиялық ойлар мен ұлттық құндылықтарды жеткізуде қуыршақ театрының маңызы зор. Ұрпақтан-ұрпаққа рухани байлықты жеткізіп, қоғамдағы мәдени мұраның сақталуына және дамуына ықпал етіп отырғаны да анық. Осы ретте республикамыздағы тұңғыш қуыршақ театрын ерекше атап өтуіміз шарт.
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ерекше өнер ордасы. 1935 жылы іргетасы қаланған бұл театр қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен әлемдік қуыршақ өнерінің үздік үлгілерін біріктіріп, көрермендерге көркемдік деңгейі жоғары қойылымдар ұсынуда. Сондай-ақ, өнер ошағы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаруда. Театр ұжымы түрлі халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысып, Қазақстанның мәдениетін жаһандық деңгейде танытып, ел абыройын асқақтатуда. Аталмыш театрда өз мамандығына адал сан қырлы кәсіби мамандар қызмет атқарады. Солардың бірегейі – үздік қуыршақ жүргізу шебері, Мәдениет саласының үздігі Қаюов Бақытжан Шадиярбекұлы.
2025 жылдың 18 қаңтар күні Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында ерекше шығармашылық кеш өтеді. Бұл кеш театр артисі, көрерменнің сүйікті өнерпазы Бақытжан Қаюовтың 50 жасқа толған мерейтойы мен сахнадағы 25 жылдық шығармашылық жолына арналады.
Бақытжан Қаюов – қуыршақ театрының сахнасында өзіндік ерекше қолтаңбасын қалыптастырған талантты артист. Оның өнер жолы қазақ қуыршақ театры өнерінің дамуына қосқан зор үлесімен ерекшеленеді. Бақытжан Шадиярбекұлы сахналық шеберлігімен ғана емес, сонымен қатар қуыршақтарды жанды бейнеге айналдыра білетін терең талғампаздығымен де танымал. Оның қатысуымен сахналанған спектакльдер кішкентай көрермендер мен олардың ата-аналары, ересек театр сүйер жандар мен кәсіби театр мамандарының жүректеріне жол таба білді.
Бақытжан Шадиярбекұлы – 1974 жылдың 18 қарашасында Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында дүниеге келген.
1996-2000 жылдар аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Сахна тілі» мамандандыруы бойынша білім алған. 2000-шы жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Мемлекеттік қуыршақ театрында қызмет істеп келеді. Дарын иесі театр сахнасында 100-ге жуық сан алуан бейнелерді сомдап, өнер құдіретімен болашақ ұрпағымыздың көңілінен шығып жүрген шебер жандардың бірі. Өзіне берілген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысатын жан.
2013 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
2022 жылдың мамыр айында театр саласына қосқан үлесі үшін «Дара» төсбелгісін иеленді. Аталмыш жылдың қараша айында қуыршақ театры сахнасындағы қажырлы еңбегі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, желтоқсан айында Халықаралық Театр сыншылары бірлестігінің шешімімен «Шал мен теңіз» (реж. Д.Жұмабаева) спектакліндегі Шал рөлі үшін «Қуыршақ театрының жыл актері» номинациясын иеленді.
Шығармашылық мансабында Бақытжан Қаюов көптеген ұлттық және халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысты. Ол балаларға арналған қойылымдардан бастап, ересектерге арналған философиялық қойылымдарға дейінгі түрлі жанрлардағы рөлдерді сәтті сомдап, қуыршақ театры өнерінің шекарасын кеңейтті. Оның әрбір рөлі көрермендер үшін ұмытылмас әсер қалдырып, театрдың мәдени миссиясын насихаттауға септігін тигізді.
Қаюов Бақытжанның мерейтойлық кешінде оның шығармашылық өміріндегі ең жарқын сәттері еске алынып, театр ұжымы арнайы дайындалған концерттік бағдарламасын ұсынады. Сонымен қатар, 11 қаңтар мен 17 қаңтар аралығында Бақытжан Қаюовтың қатысуымен спектакльдер көрермен назарына ұсынылып, шығармашылық апталығы ұйымдастырылады.
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры барлық өнер сүйер қауымды осы айрықша кешке шақырады. Бұл – қуыршақ театрындағы талантты тұлғаның еңбегін бағалап, жаңа ұрпаққа шабыт сыйлайтын маңызды шара. Барша өнер сүйер қауымды театрдағы мерейтойды бірге атап өтуге шақырамыз.
Өтетін орны: Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры
Уақыты: 18 қаңтар, сағат 14:00
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ