Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй Қазақстан құрамасын Харбинге шығарып салды

Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй ханым Алматы халықаралық әуежайында Қазақстандық спортшылар делегациясын шығарып салып, оларға Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарында сәттілік тіледі. Бұл кездесу Қытай мен Қазақстан арасындағы спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Қытай Халық Республикасының Бас консулы Цзян Вэй:
«Харбин өте әдем қала. Ол жақта көптеген рекордтар орнатылып келеді. Қазақстандық спортшылардың қысқы Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсететініне сенімдімін. Бұл жарыстар – тек медаль үшін күрес емес, елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықтың нышаны»
Қазақстан қысқы спорт түрлерін дамытуда әлемдегі жетекші елдердің бірі ретінде 139 спортшыдан тұратын ұлттық құрамасын аттандырды. Спортшыларымыз 6 спорт түрі бойынша 10 дисциплинада 51 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды.
Жарыстар 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Ойындарға Азияның 32 елінен 1000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. Айта кетерлігі, бұл жолы қысқы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет тау шаңғысы (ски-альпинизм) енгізілді.
Қазақстан құрамасының ту ұстаушылары болып шайбалы хоккейден Адиль Бекетаев пен шорт-тректен Ольга Тихонова тағайындалды. Ашылу салтанаты 7 ақпанда, ал жабылу рәсімі 14 ақпанда Харбин халықаралық конвенция және көрме орталығы стадионында өтеді.
Ойындардың талисмандары ретінде сібір жолбарыстары Бинбин мен Нини таңдалды, ал ұраны – «Азиядағы қысқы арман мен махаббат». Харбин қаласы қысқы Азия ойындарын екінші рет қабылдап отыр, алғаш рет бұл қалада 1996 жылы өткен болатын. Жалпы, Қытай бұл ойындарды үшінші рет ұйымдастыруда.
Ғазиза Ұзақ