Қытай мен Орталық Азия: Астанада өткен форум өңірлік ынтымақтастықтың жаңа парағын ашты

Қазақстан астанасында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ауқымды халықаралық форум өтті. Ақпарат, мәдениет және цифрлық технологиялар салаларындағы әріптестік өңірдің дамуы үшін стратегиялық ресурсқа айналып келе жатқанын бұл форум тағы бір мәрте дәлелдеді.

Еуразия жүрегіндегі диалогты Президенттік орталықта Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатымен «Синьхуа» ақпарат агенттігі, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қытай қоғамдық дипломатия қоғамы бірлесіп ұйымдастырды. Сонымен қатар, бұл жиын «Жібек жолы» атты халықаралық коммуникациялық конференцияның үшінші басқосуына арналды.

Форумға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 140-тан астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында ірі БАҚ жетекшілері, мемлекеттік қайраткерлер, ғылыми-сараптамалық орталықтардың өкілдері мен цифрлық журналистика саласының сарапшылары бар.

Форум қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау жолдады. Президенттің атынан сөз сөйлеген көмекшісі Арман Қырықбаев Қытай мен Орталық Азияның тарихи байланысына ерекше тоқталып, мұндай алаңдар сенім мен өзара түсіністікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ 2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жарияланғаны жайлы да тілге тиек етті.

Форумның аясында дәстүрлі журналистикадан жасанды интеллектке дейін заманауи медиа саласындағы маңызды мәселелер талқыланды.  Сондай-ақ, «БАҚ интеграциясы және Қытай – Орталық Азия ынтымақтастығының жаңа тарауын жазу» тақырыбында медиасеріктестік, жалған ақпаратпен күрес, журналистикадағы жасанды интеллекттің этикасы,  гуманитарлық өзара ықпалдастық жайлы пікір алмасулар өтті.

«Синьхуа» агенттігінің бас директоры Фу Хуа ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Орталық Азиямен байланысқа стратегиялық маңыз беретінін атап өтті. Оның айтуынша, БАҚ мәдениеттер арасындағы көпір ретінде «ортақ тағдыр қауымдастығын» қалыптастыруға қызмет етеді.

Қазақстан тарапы журналистер арасында тәжірибе алмасу бағдарламаларын кеңейтуді, бірлескен зерттеулер мен медиажобалар үшін тұрақты диалогтық алаңдар құруды ұсынды.

Халықаралық медиа шара барысында «Астаналық консенсус» атты маңызды құжат қабылданды. Бұл құжат қазіргі медиа технологиялардың этикалық реттелуін және жалған ақпаратпен күресуді көздейді, оның ішінде:

• жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығын құру,
• журналистикада ЖИ қолдануға арналған этикалық стандарттарды енгізу,
• ақпарат көздерінің ашықтығын қамтамасыз ету,
• жастарға арналған медиасауаттылық тренингтерін өткізу.

Форумның басты зияткерлік қорытындысы — «Қытай – Орталық Азия рухы» атты аналитикалық баяндама болды. Құжатта ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы, даму сценарийлері және геосаяси бәсекелестік пен цифрлық теңсіздік сияқты негізгі сын-қатерлер сипатталған.

Аталмыш шара Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінен кейін небәрі бірнеше күн өткен соң ұйымдастырылғаны ерекше қуантты. Демек, халықаралық деңгейдегі шаралар екіжақты стратегиялық серіктестіктің жүйелі жалғасып жатқанын көрсетеді.

Форум аясында бірқатар ақпарат агенттіктері арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін журналистер арасында тәжірибе алмасу бағдарламалары ұйымдастырылатыны мәлім болды.

Астанадағы форум жай ғана пікір алмасу алаңы ғана болмады. Еуразиядағы жаңа ақпараттық кеңістікті қалыптастыру жолындағы нақты қадам. Қытай мен Орталық Азия арасындағы байланыс саясат пен экономикадан тыс, мәдениет, журналистика және технологиялық әріптестік салаларын да қамтып отыр.

«Ақпараттық Жібек жолы» — бұл жай ғана ұран емес, оны өңір елдері нақты іспен жүзеге асыра бастады. Осы демалыс күндері Астана ұлы дәстүрлер мен цифрлық болашақ түйіскен маңызды нүктеге айналды. Ал ең бастысы — бұл тек бастамасы ғана.

Ғазиза Ұзақ