Қытайда өткен ілеспе аудармашылар байқауында қазақстандық студент үздік атанды
Қазақстандық Ақерке Асылбекова Қытайдағы Шанхай шет тілдері университеті (Shanghai International Studies University) өткізген алтыншы көптілді ілеспе аудармашылар байқауында бірінші орынды жеңіп алды.
Жалпы, байқау қорытындысында 8 үміткер 1-орын жүлдесін жеңіп алды. Сегіз чемпионның бірі – Астанадан барған студент Ақерке Асылбекова қытайша-орысша аударма және қытай-ағылшынша ілеспе аударма байқауларында тамаша шеберлік көрсетті. Ол – Шанхай шет тілдер университетінің көптілді ілеспе аударма байқауы құрылғаннан бері алғаш рет чемпион атанған шетелдік студент.
Байқауды Халықаралық университеттер аударма институттары конфедерациясы (CIUTI) мен Қытай Аудармашылар қауымдастығының аударма комитеті (TAC) бірлесіп ұйымдастырады. Қазылар алқасында БҰҰ Женевадағы кеңсесі Конференцияларды басқару бөлімінің директоры Рима Аль-Чих (Rima Al-Cheeh), Халықаралық аударма институттары кеңесінің (CIUTI) президенті Барт ДеФранк (Bart Defrank) және басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары болды және олар жеңімпаздарға сертификаттар мен сыйлықтарды табыс етті.