Қытайдағы ШЫҰ БАҚ семинары: Қазақстан мен Қытай арасындағы сенім мен стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында ұйымдастырылған жоғары деңгейлі БАҚ семинары Қытай астанасы Бейжің қаласында өтті. Шараны Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі және оның аясындағы беделді оқу орталығы Academy for International Business Officials (AIBO) ұйымдастырды. Семинардың басты мақсаты — ШЫҰ елдері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды кеңейту, медиа саласындағы кәсіби ынтымақтастықты арттыру және өзара сенімді нығайту.
Қазақстан үшін бұл іс-шара екіжақты стратегиялық серіктестіктің жаңа парағын ашты. Себебі бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай тек экономикалық немесе көлік-логистикалық бағыттарда ғана емес, ақпараттық, мәдени және коммуникациялық салада да серіктестікті дамытып келеді.
Қазақстан – Орталық Азиядағы сенімді әріптес
Семинарға Қазақстаннан мемлекеттік және жеке медиа өкілдері қатысты.
Бұл шараға қатысудың өзі – Қазақстанның ШЫҰ кеңістігіндегі беделі мен белсенді рөлінің көрінісі. Қытай тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы тұрақтылық пен даму үлгісі, ал оның медиа саласын аймақтық ақпараттық тепе-теңдіктің маңызды тірегі ретінде бағалайды.
Семинар барысында қазақстандық делегация Қытайдың заманауи медиа жүйесімен, оның ішінде цифрлық трансформация тәжірибесімен танысты. Бұл тәжірибе – екі ел арасындағы сенімді стратегиялық серіктестікті нығайтудың мәдени-ақпараттық өлшемі.

Бейжіңдегі БАҚ саммиті: ШЫҰ елдерінің ақпараттық тепе-теңдігі
Бейжіңдегі жоғары деңгейлі БАҚ семинарына Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Молдова және Латвиядан келген 30-ға жуық журналист пен медиа сарапшы қатысты.
Қатысушылар Қытайдың жаңа модернизация бағытымен, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберіндегі коммуникациялық стратегияларымен және мемлекеттік басқару тәжірибесімен танысты.
Семинар барысында «жаһандық дискурстың ауысуы», «ақпараттық монополияны бұзу» және «жасанды интеллекттің журналистикадағы рөлі» тақырыптары талқыланды. Қытай университеттерінің ғалымдары мен жетекші медиа сарапшылары коммуникация технологияларының халықаралық саясатқа ықпалын түсіндірді.
Қазақстан үшін бұл тақырыптар ерекше маңызды. Бүгінде еліміз ШЫҰ кеңістігінде ақпараттық тұрақтылықтың үлгісі болып саналады. Цифрлық даму мен ашық коммуникация бағытындағы реформалар Қазақстанды Орталық Азияның медиа орталығына айналдырып келеді.
AIBO академиясының шетел мамандарын кәсіби даярлау жөніндегі бөлім директорының орынбасары Чжэн Миньюань Қазақстан делегациясымен кездесу барысында:
«Қазақстан – Қытайдың сенімді және сындарлы серіктесі. Біз үшін Қазақстан тек ШЫҰ аясындағы маңызды мүше ғана емес, сондай-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылық пен даму үлгісі. Ақпараттық және мәдени ынтымақтастық – біздің стратегиялық серіктестігіміздің маңызды бөлігі. Медиа арқылы елдеріміз арасындағы өзара түсіністік пен сенім одан әрі нығаяды», – деп атап өтті.
Бұл пікір Қытай тарапының Қазақстанмен ынтымақтастыққа стратегиялық тұрғыдан қарайтынын және медианың халықаралық қатынастардағы жұмсақ күш ретіндегі маңызын мойындайтынын айқын көрсетеді.
AIBO – халықаралық диалог пен білімнің алтын көпірі
AIBO (Academy for International Business Officials) – Қытай Сауда министрлігіне қарасты беделді оқу және зерттеу орталығы. Академия жыл сайын әлемнің жүзден астам елінен мамандарды қабылдап, дипломатия, экономика және коммуникация салаларында кәсіби даярлық жүргізеді.
Осы орталықтың бастамасымен өтетін семинарлар Қытайдың халықаралық ынтымақтастыққа деген ашық көзқарасын және серіктес елдермен тәжірибе алмасуға дайын екенін көрсетеді.
AIBO ұйымдастырған биылғы ШЫҰ БАҚ семинары – тек кәсіби даму алаңы ғана емес, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара құрметтің символына айналды.

Қытай тәжірибесі және жаңа медианың рөлі
Семинар барысында қатысушылар Бейжіңнің мәдени және инновациялық кеңістіктерімен танысты: 798 және 751 арт-аймақтарында медиа мен өнердің тоғысуы, Шэньси провинциясындағы телекомпанияның конвергентті медиа орталығы, сондай-ақ Қытай Коммунистік партиясы тарихының көрме павильоны мен ШЫҰ экономикалық ынтымақтастық аймағы көрсетілді.
Бұдан бөлек, Бейжіңде семинар қатысушылары Қытай Коммунистік партиясы тарихының әсерлі экспозициясын және ежелгі мұраның мәңгілік символы – Ұлы Қытай қорғанын тамашалап, елдің бай өткенін сезінді. Сианьда қонақтар Ұлы Тан династиясының түнгі қаласы атты жаяу жүргіншілер көшесінің сиқырлы атмосферасына еніп, әлемнің ең таңғаларлық археологиялық жаңалықтарының бірі – терракота армиясын өз көздерімен көрді. Бағдарлама әсерлі сапарлармен жалғасып, Циндаода журналисттер әлемдік алпауыт Haier компаниясының топ-менеджментін аралап, корпоративтік мәдениет пен жаһандық бренд стратегиясының құпияларын үйренді. Циндао мен Сианьдағы жетекші телеарналарда делегация жаңалықтар дайындау үдерісін, хабар тарату жүйесін және қытайлық медианың белсенді қолданатын цифрлық шешімдерін терең зерттеді.

Бейжіңде өткен ШЫҰ БАҚ семинары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа ақпараттық-кәсіби көкжиегін ашты. Семинар барысында талқыланған заманауи коммуникация, жасанды интеллект және жаһандық медиа стратегиялары екі елдің медиа кеңістігінде өзара түсіністікті тереңдетуге жол ашты.
Қазақстан үшін бұл тәжірибе – халықаралық медиа жүйесінде өз орнын нығайтуға, ал Қытай үшін – Орталық Азиядағы сенімді серіктестікті бекемдеуге бағытталған маңызды қадам.
Бұл семинар – кәсіби тәжірибе ғана емес, Қытай мен Қазақстан арасындағы рухани және ақпараттық байланыстың айғағы.
ШЫҰ шеңберіндегі мұндай жобалар болашақта екі елдің медиа серіктестігін жаңа деңгейге шығарып, Орталық Азияның ақпараттық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін сенімді көпірге айналары сөзсіз.
Ғазиза Ұзақ
Бейжің қаласы


