Қытайдың экономикалық мекемелерінің басшылары баспасөз мәслихатын өткізді

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) 14-шақырылымының үшінші сессиясы аясында Қытайдың негізгі экономикалық ведомстволарының басшылары елдің экономикалық басымдықтарын таныстырып, қытайлық және шетелдік журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Баспасөз мәслихатына Мемлекеттік даму және реформалар комитетінің төрағасы Чжэн Шаньцзе, ҚХР Қаржы министрі Лань Фоань, ҚХР Сауда министрі Ван Вэньтао, Қытай халық банкінің директоры Пань Гуншэн, Бағалы қағаздарды бақылау жөніндегі комиссия төрағасы У Цин мырзалардың қатысуымен өтті.
Баспасөз маслихатында қозғалған негізгі мәлімдемелер тоқталып кетсек:
Экономикалық өсім және реформалар
Чжэн Шаньцзе Қытай экономикасының 2025 жылы 5%-ға жуық өсіміне қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдің тұрақты негізі, ауқымды ішкі нарығы және даму әлеуеті бар. Сонымен қатар, үкімет инновацияларды дамыту мен ішкі тұтынуды ынталандыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарайды.
Қаржылық тұрақтылық және бизнесті қолдау
Қаржы министрі Лань Фоань бюджет саясаты икемді болатынын, сондықтан ішкі және халықаралық сын-қатерлерге жедел жауап бере алатынын айтты. Ол сонымен қатар мемлекет стратегиялық салаларға, соның ішінде жаңартылатын энергия, технология және инфрақұрылымға инвестицияларды арттыратынын мәлімдеді.
Инновация және халықаралық сауда
Сауда министрі Ван Вэньтао ұлттық венчурлық қор құрылатынын хабарлады, ол технологиялық стартаптарды және жас компанияларды қаржыландыруға бағытталады. Сондай-ақ Қытай еркін сауда аймақтарын кеңейтіп, жаңа халықаралық келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр.
Ақша-несие саясаты
Қытай халық банкінің басшысы Пань Гуншэн банктердің міндетті резервтер нормасы мен пайыздық мөлшерлемелерін төмендету мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл шара кәсіпорындардың қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, ол инфляция деңгейін бақылау және юань тұрақтылығын қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі болатынын айтты.
Қаржы нарықтары
Бағалы қағаздарды бақылау жөніндегі комиссия төрағасы У Цин ғылыми-техникалық облигациялар нарығы платформасының іске қосылатынын жариялады. Оның айтуынша, бұл бастама жетекші технологияларды дамытуға арналған қаржылық құралдарды жетілдіруге мүмкіндік береді.
Баспасөз мәслихаты халықаралық БАҚ тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Оған қатысқан ҚР Журналисттер одағының мүшесі, Nazarmedia.kz ақпараттық агенттігінің өкілі Ғазиза Ұзақ та шарадан соң, өз ойымен бөлісті:
«Қытай экономика саласының өкілдерінің бүгінгі мәлімдемелері Бейжіңнің инновацияларға және тұрақты экономикалық өсуге басымдық беретінін көрсетті. Әсіресе, үкіметтің шағын және орта бизнесті қолдау жоспары ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл технологиялық дамудың басты қозғаушы күшіне айналып, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді. Алайда, әлемдік экономикалық белгісіздік жағдайында бұл стратегияның қаншалықты тиімді болатыны әлі де уақыт еншісінде. Қытай қаржы нарықтарын ашықтыққа бағыттап, жаһандық инвесторлармен сенімді қарым-қатынас орнатуы керек. Егер бұл саясат дұрыс іске асса, Қытай тек ішкі нарығын ғана емес, сонымен қатар халықаралық экономикалық жүйедегі ықпалын да күшейте алатыны сөзсіз»
Бұл баспасөз мәслихаты Қытайдың жаһандық экономикадағы орны, жаңа реформалар және даму стратегиялары туралы ақпарат алмасудың тиімді платформасына айналды. Халықаралық БАҚ өкілдері Қытай үкіметінің ашықтық пен ынтымақтастыққа деген ұмтылысын оң бағалап, алдағы өзгерістерді мұқият бақылап отыруға ниетті екендіктерін жеткізді.