Қытайдың орталық телеарнасы Қазақстан туралы жаңа деректі фильм түсіруде

Қытайдың орталық телеарнасы CCTV-4 түсірілім тобы Қазақстан туралы жаңа деректі фильм түсіруге кірісті. «Ортақ үй» деп аталатын жоба биыл Астанада өтетін «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында әзірленуде.

Жобаның Қазақстандағы түсірілім жұмыстары «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қолдауымен «Хабар» Агенттігі» АҚ қарасты 24kz телеарнасы және Almaty Tourism Bureau бірлесе жүзеге асырылуда.

Кадрға Алматы қаласы мен оның маңындағы көрікті жерлер кіреді. Оның ішінде Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, «Горельник» шатқалының визит-орталығы және Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі қамтылды. Көрермендер тек танымал туристік орындарды ғана емес, сондай-ақ экотуризм, гастрономия саласының сарапшыларымен және қала тұрғындарымен сұхбаттарды да тамашалай алады.

Фильм Қазақстанның бірегей мәдениетін, табиғи байлығын, бай дәстүрлерін көпшіліктің назарына ұсынбақ. Қытайдың телеарнасы биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлмек. Іле-Алатау ұлттық паркінде қазақстандық мамандар Қызыл кітапқа енген қар барысы сынды сирек кездесетін жануарларды қорғау жайлы кеңінен баяндап береді.

CCTV-4 деректі фильм арқылы Орталық Азия елдері мен ҚХР халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен достықты көрсетуді жоспарлап отыр. Туынды алты бөлімнен тұрады. Олардың әрқайсысы бір елге арналады. Фильмнің премьерасы алты елдің ұлттық телеарналарында, соның ішінде Қазақстанда да көрсетіледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, өткен жылы CCTV-4 Қазақстанның туристік әлеуеті туралы «Bond with China» атты телевизиялық бағдарламаның үш эпизодын халықаралық аудиторияға ұсынды.

Telegram-канал: Қытайдың орталық телеарнасы Қазақстан туралы жаңа деректі фильм түсіруде