«Қызыл орамалды шынарым» — өмірдің мәні мен махаббаттың қас-қағым сәттері

2024 жылдың 8 қазанында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында «Қызыл орамалды шынарым» атты қойылым көрсетілді. Бұл шара ЮНЕСКО мен Тұрақты даму мақсаттарының «Салауатты өмір салты және салауаттылық» 3-мақсатын жүзеге асыру аясында өткізілді. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының «6В04205 — Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша 1 курс 106 топ студенттері қойылымды тамашалауға қатысты.

Шығарма өткен ғасырдың 60-жылдарында Қырғыз жеріндегі Тянь-Шань тауларының бөктеріндегі Долан асуында орын алған оқиғаларды баяндайды. Қойылымда ауыл қызы Әсел мен көлік жүргізушісі Ілиястың кездейсоқ таныстығы мен махаббат тарихы көрініс табады. Олар бір-біріне шынайы сезіммен бауыр басып, тек өзінің ішкі әлеміне ғана емес, айналасындағы адамдарға да әсер етеді. Алайда, олардың бақытты сәттері өте қысқа болады. Әсел, ата-анасының рұқсатынсыз, қалыңдық болған жігітін тастап, Ілиястың қолынан ұстайды. Бірақ бұл махаббаттың бұйырған бақыты ұзаққа созылмайды. Олардың жолы әртүрлі бағытта жалғасады: Әсел өзінен үлкен азаматқа қосылып, ортада қалған Самат өзге жанды әке деп тауып кетеді. Ілияс өкініш пен қиналысқа толы күндерді артқа тастап, жаңа өмірге қадам басады.

«Қызыл орамалды шынарым» қойылымы – адамның ішкі дүниесінің тереңдігін, сәттердің құндылығын және шынайы махаббаттың қиындығын көрсететін туынды. Қойылымды көрген әрбір адам өз өміріндегі жеңіл ләззаттардың арбауына түспей, қолда бар нәрсені бағалауға шақырылады. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген аталы сөзді еске салып, шығарма көрермендерге өмірдің мәні мен уақыттың құндылығын түсінуге мүмкіндік береді.

Шығарманың терең мазмұны мен әсерлі қойылымы студенттерге тек өмірдің өткінші екендігін ғана емес, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынастардың маңызды екенін көрсетті. Бұл қойылым барлық жастағы көрерменге өздерінің өмірін қайта бағалауға, қазіргі сәттің қадірін білуге және маңызды шешімдерге жауапкершілікпен қарауға итермелейді.

Қойылымды көру – бір жағынан мәдени тұрғыдан байыту болса, екінші жағынан жастарға өмірдің шынайы құндылықтарын түсінуге бағыттайтын маңызды шара болды. Бұл іс-шараның ұйымдастырылуы мен студенттердің қатысуы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру үдерісіндегі мәдениетке деген ықыласын тағы да көрсетіп, жастардың болашақта өздерінің таңдауларына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

Қойылым туралы студент Ә. Ердосұлы былай деп пікір білдірді: «Бұл қойылым мені терең ойлануға мәжбүр етті. Өмірде кездесетін қиыншылықтар мен таңдаулар өте көп. Әр сәттің мәнін түсініп, дұрыс таңдау жасауымыз қажет. Бұл қойылымдағы кейіпкерлердің тағдыры бізге өмірдің өткіншілігі мен уақыттың қадірін сезіндіреді.»

Топ эдвайзері С.Ш. Даубасова да студенттерге қойылымның тәрбиелік мәнін түсіндіріп, осындай мәдени шараларға қатысу жастардың рухани дамуына әсер ететінін атап өтті.

1 курс 106 топ студенті Ә. Ердосұлы,

Топ эдвайзері Даубасова С.Ш.