Лейла Аламанова италиялық тыңдармандарды тәнті етті

«Астана Опера» солисі Лейла Аламанова Италияда Джоаккино Россинидің «Реймске саяхат немесе «Алтын лилия» қонақ үйі» спектаклінде зор жетістікпен өнер көрсетті. Қоюшы дирижер ретінде Марко Хриберник, режиссер ретінде Марин Блажевич тер төкті. Спектакльдер Словения мен Италия шекарасындағы Гориция қаласында өтіп, әртістердің жарқын халықаралық құрамы мен сыншылардың шаттанған пікірлерін жинады.

Лейла Аламанова үшін бұл «Реймске» алғашқы саяхат емес. Мадам Кортезе партиясын ол бірнеше жыл бұрын аңызға айналған Пезаро опера фестиваліне қатысқан кезде орындаған еді.

– Әлбетте, осы спектакльде сахнаға қайта шығу үшін толқығаным рас, бұл жолы басқа сахна және айтулы құрам болды. Бұрын бірге істеген әріптестеріммен қайта жолықтық. Бұл деген нағыз бақыт қой, – дейді әнші.

Алайда таныс партия болса да, бұл рөлді жеңіл деп айтуға болмайды. Дж.Россини дауысқа да, техникаға да «талапшыл».

– Партия өте ойнақы, кең диапазон мен жоғары тесситураны талап етеді. Менің кейіпкерім бүкіл спектакль бойы сахнада жүреді әрі вокалдық тұрғыдан да оңай емес. Бірақ қолымнан келді деген ойдамын. Маған режиссер қойған тапсырманы орындау маңызды болды.

Спектакльдің өзі вокалдық қана емес, акробатикалық сынаққа айналды. Режиссердің түпкі ойына сәйкес барлық сценография биік, аласа, сырғанақ, қозғалмалы баспалдақтардан тұрды. Әртістер оларды көрініс кезінде жылжытып, тіпті, соларға өрмелей жүріп ән айтты.

– Бұл менің өмірімдегі ән айтып қана қоймай, дене шынықтырумен айналысуға тура келген алғашқы қойылым болар, сірә, – деп күлді Лейла Аламанова. – Біз секірдік те, өрмеледік те, қимылдадық та – осының бәрінде вокалды бақылауда ұстадық. Себебі көрермен қателікті кешірмейді.

Қиындыққа қарамастан, труппа режиссермен шығармашылық диалог құра отырып, қолайлы атмосферада жұмыс істеді.

– Біз қолымыздан келмей жатса немесе кедергі болса, оны ашық айта алдық. Шешімін бірге іздедік. Бұл нағыз серіктестікке ұқсас болды.

Л.Аламанованың өнер көрсетуі де назардан тыс қалмады. Спектакльге екі рецензия жарық көрді, онда музыкалық сыншылар қазақстандық әншінің әртістігі мен жан-жақтылығын ерекше атап өтті.

– Барынша көрнекті екі сопрано арасында ақын Кориннаның әндеріндегі Ирэн Челленің талғампаздылығы Инес Лоранстың орындауындағы күлкілі, бірақ шамадан тыс долы графиня Фоллевильден ұнамдырақ болар. Алайда екі адам арасында дау туындағанда, әдеттегідей, одан үшіншісі пайда көреді: Лейла Аламанованың орындауындағы Мадам Кортезе одан да жақсы естіледі – вокалдық тұрғыда сенімді және шеберлікпен бабын тауып, өзінің талапшыл қонақтарын басқара алатын қонақ үй қожайыны рөлінде өте дәл бейнеге енеді, – деп музыкалық сыншы Паоло Патрицидің мақаласында жазылған.

– Италия мен Словения жұртшылығының реакциясы өте қызу болды, – дейді Лейла Аламанова. – Залда көптеген маңызды адамдар болды, бұл ретте өте жылы атмосфера орнады.

Ал спектакльден кейін әншіге шетелде өнер көрсетуге бірнеше жаңа ұсыныстар келіп түсті, қазіргі уақытта ол оларды қарастыруда.

– Мұндай жобалар шынымен көкжиекті кеңейтеді. Бұл үйреншікті жайлылық аймағынан шығып, кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігін береді.

Еске сала кетейік, «Астана Опера» солисі Лейла Аламанова Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі (доцент Татьяна Рудневаның класы), содан кейін белькантоның төл бесігі – Пезародағы Джоаккино Россини атындағы мемлекеттік консерваторияда, сондай-ақ Озимо өнер академиясында өз жолын жалғастырды. 2022 жылы ол танымал Accademia Rossiniana – жас жұлдыздар ұстаханасының қатысушысы болды.