Мәдениет және өнер қызметкерлерінің форумы саладағы ең ауқымды іс-шаралардың біріне айналды

2025 жылдың 18–21 мамыр аралығында Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлерінің форумы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен, сонымен қатар шетелдік мәдени және шығармашылық қауымдастықтардан келген 700-ден астам адам қатысты. Ауқымды іс-шара 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылды.

Салтанатты жиын барысында форум қатысушыларын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев құттықтап, Мемлекет басшысының атынан бірқатар мемлекеттік наградаларды табыстады.

«Құрмет» орденімен Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің әртісі Лариса Насретдинова марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Mezzo» вокалдық тобының солистері — Асан Нұрбергенов, Жәнібек Сейдахметов, Жасұлан Сыдықов, Медет Орымбаев, сондай-ақ Республикалық академиялық неміс драма театрының әртісі Тимур Бонданк марапатталды.

«Шапағат» медалі Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының педагогика бөлімінің меңгерушісі Сәуле Байниетоваға табысталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектеп-интернатының педагогы Күләш Молдағалиеваға және Сәбит Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаевқа берілді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы ел мәдениетін дамытуға сіңірген еңбегі үшін көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар табыстап, олардың ұлт руханиятына қосқан зор үлесін атап өткен болатын. Ақордада өткен салтанатты жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет мәдениет пен өнер саласының дамуына әрдайым айрықша көңіл бөлетінін сөз етті. Өйткені бұл салалардың деңгейі ел руханиятының дамуымен тығыз байланысты.

Айта кетейік, Астанада өткен Форум аясында 20-дан астам тақырыптық сессия мен панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Оларға салалық министрліктердің өкілдері, сарапшылар, мәдениет қайраткерлері және Франция, Қытай, Италия, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей сынды елдерден келген шетелдік спикерлер қатысты.

Білім беру бағыты бойынша 30-дан астам іс-шара ұйымдастырылды. Онда қатысушылар музей менеджменті мен театр өнерінен бастап, цифрлық технологиялар мен мәдени маркетингке дейінгі бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.

Форум аясында Қазақстан музейлерінің конгресі де өтті. Онда экспозициялық қызметтің жаңа формаларын енгізі, цифрландыру және көрерменмен өзара байланыс орнату жолдары сөз болды.

Форум мемлекеттік мәдени саясаттың басым бағыттарын айқындайтын, креативті индустрияны дамыту, материалдық емес мұраны сақтау және халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланған негізгі алаңға айналды.

Ауқымды іс-шараның қорытындысы салтанатты гала-концертпен түйінделді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі