Мамандар елордадағы көкжөтел, қызылша және А гепатиті бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде елордадағы көкжөтел, қызылша және А гепатиті бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы Астана қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева мен «Астана медицина университеті» КеАҚ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешеваның қатысуымен брифинг өтті.
2023 жылдың қараша айынан бастап елордада қосымша жаппай иммундау шеңберінде және қуып жетіп иммундау (по наверстывающей иммунизации) бойынша 98 772 адам екпе алған, бұл оның 81,6% құрайды. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция ошақтарында 2 248 адам екпе алған. Эпидемияға қарсы іс-шаралар ақпан айында қызылша ауруының қаңтар айымен салыстырғанда 1,3 есе, ал 1-4 жастағы балалар арасында 1,7 есе төмендеуіне әсер етті. А вирустық гепатитінің тіркелген 63 жағдайының ішінде 14 жасқа дейінгі 9 бала ауру жұқтырған. Олардың барлығы вакцина алмағаны анықталды. Елордада 2 жастағы балаларға А вирустық гепатитіне қарсы иммундау 2006 жылдан бастап жергілікті бюджет қаражатынан жүргізіледі. Осы кезеңнен бастап А вирустық гепатитінің жиілігі 22,2 есе төмендеді. Инфекция ошақтарында вакцинациялауға жататын 81 науқаспен байланыс орнатқандардың 73%-ы екпе алған, 4 448 бала қуып жетіп иммундаумен қамтылды.
Эпидемиологиялық қолайсыздық көкжөтелмен сырқаттанушылық бойынша байқалады. Осындай 80 жағдай тіркеген. Барлығы 14 жасқа дейінгі балалар, оның 86,2%-ы 0 жастан 4 жасқа дейінгі балалар. Ал 50%-ы 1 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Науқастардың 92%-ы вакцинацияланбаған және балалардың 8% — вакцинацияның толық курсынан өтпеген. Бүгінгі таңда балалар жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 380 бала: 56 бала қызылшадан, 4 бала көкжөтелден және 4 бала А вирустық гепатиті бойынша ем қабылдауда. Балалар арасында қызылшамен сырқаттанушылық төмендеуде. Мәселен, қызылшаның өршейтін уақыты күзгі және қысқы кезеңде 200-ге жуық бала ауруханаға түссе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 4 есе төмендеді.
Естеріңізге сала кетейік, жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және қызылша ауруларына медициналық көмек көрсету үшін емханаларда сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс күндері және демалыс күндері сүзгі кабинеттері жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ұлттық күнтізбе бойынша вакцинамен басқарылатын инфекцияларға қарсы жоспарлы вакцинация жүргізіледі. Екпе кабинеттері жұмыс күндері сағат 08.00-ден 18.00-ге дейін жазылусыз жұмыс істейді.