Marjan Island-дағы жұмақ мекен: DoubleTree by Hilton Resort & Spa Ras Al Khaimah шынайы әсерлер мен жанға жайлы демалыс

Биыл мен үшін ерекше әсерлі сапарлардың бірі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Рас-Эль-Хайма әмірлігіне жасалған саяхат болды. Демалысымды сол жақтағы әйгілі DoubleTree by Hilton Resort & Spa Marjan Island қонақ үйінде өткізу бұйырды. Бұл — жай ғана демалыс емес, естен кетпес естеліктерге, жоғары сервиске, шынайы жайлылық пен заманауи туризм стандарттарына толы тәжірибе. Осы материалда мен тек мақтау айтып қоймай, шынайы әрі жан-жақты шынайы шолу ұсынамын. Қонақ үйдің артықшылықтарымен қатар, кейбір ерекшеліктеріне де тоқталамын.

Географиялық орналасуы мен трансфер жайлы

Қонақ үй Маржан аралында, Рас-Эль-Хайма орталығынан шамамен 30 минуттық жерде орналасқан. Аэропорттан трансфер қызметі қонақүй тарапынан ұйымдастырылады, бұл – үлкен плюс. Трансфер көліктері кең, кондиционері бар, жүргізушілері сыпайы әрі тәжірибесі мол.

Мені Дубай әуежайынан жоғары санаттағы көлікпен күтіп алып, 1 сағатта жеткізді. Бұл жақта қала шуынан алыс, табиғатпен үндес тыныш атмосфера орнаған. Таксимен немесе трансфер арқылы жету оңай, ал келген бойда-ақ қызметкерлер жылы жүзбен қарсы алады. Қонақтар жол азабын тартпай, жайлы көлікпен тіке жеткізіледі.

Парсы шығанағының мөлдір суы және жағажай бойындағы пальма ағаштары қонақүйдің табиғи фонына айналған. Қонақ үйдің дизайны бірден көз тартады. Араб стиліндегі элементтер мен заманауи архитектура тамаша үйлесім тапқан. Тек сырты ғана емес, ішкі инфрақұрылымы да көңілден шығады. Қонақүйге келген сәттен бастап сізді жылы қарсы алады. Тіркеу кезінде DoubleTree брендіне тән ып-ыстық әрі сондай тойымды печенье сыйлап, өзіңізді үйіңіздегідей сезіндіреді. Бұл – нағыз қонақжайлылықтың белгісі!

Қонақ үйдің бөлмесі мен жалпы атмосферасы

DoubleTree by Hilton Resort & Spa Marjan Island — өте үлкен және кең аумақты қамтитын кешен. Қонақ үйдің айналасы жасыл желекке, түрлі өсімдіктерге, пальмаларға толы. Мұнда әрбір бөлме теңізге немесе баққа қарап орналасқан, бұл — нағыз визуалды терапия. Таңертең оянғанда терезеңді ашып, тұнып тұрған Парсы шығанағының көгілдір суына қарап тұру жанға сондай жағымды!

Тіркеу кезінде алдын ала сұраныс бойынша кез келген талғамға сай бөлмелер ұсынылады. Мен тоқтаған бөлме өте кең әрі таза. Интерьері классикалық стиль мен шығыстық элементтердің үйлесімінен құралған.

Терезеден шексіз теңізге қарау бір ғанибет! Таңертең күннің шығуы мен кешкі қызғылт күнбатысты тамашалау нағыз романтика! 

Бөлменің ішіндегі тазалық пен жайлылық көңілден шықты. Ыңғайлы екі төсек, жұмсақ жастықтар, жоғары сапалы төсек-орын жабдықтары, жұмыс үстелі, үлкен теледидар мониторы бар. Сонымен қатар, бөлмеде кофеқайнатқыш, шәй мен кофе жиынтығы, таза су, тәттілерге толы кішкентай тоңазытқыш бар. Күн сайын оны толықтырып отырды. Ал алғашқы күні тәтті тоқаштар мен шоколадты жидектерге толы себепті комплимент ретінде алып келді. Бұл да қонақжайлылықтың белгісі емес пе?! 

Жуынатын бөлмеде жайлы ванна мен душ қарастырылған. Қажетті заттардың бәрі бар: фен, халат, жуунуға арналған косметикалық жиынтық, сүлгілер мен орамалдар.

Бүкіл кешенде Wi-Fi жылдам әрі тегін, бұл – жұмыс бабымен келген адамдар үшін маңызды артықшылық.

Қонақ үйде тұрудың тағы бір жағымды тұсы – тыныштық. Қабырғалар жақсы дыбыс оқшаулайтындықтан, сырттан не көрші бөлмелерден ешбір дыбыс естілмейді. Әр күн сайын бөлмеге қызметші келіп, бөлмені тағы бір мәрте ретке келтіреді, сүлгілер ауыстырылады. Осындай ұсақ-түйектер – шын мәнінде үлкен жайлылықтың негізі.

Қауіпсіздік және тазалық

Қонақ үй аумағы тәулік бойы бейнебақылауда. Қауіпсіздік қызметі үнемі кезекшілік етеді. Сондай-ақ, санитарлық тазалыққа да ерекше мән беріледі. Барлық қоғамдық аймақтарда антисептик қойылған, персонал маска киіп жүреді (қажет болған жағдайда), дезинфекция күнделікті жүргізіледі.

Тағам және мейрамханалар

Демалыс кезінде аш қалмайсыз. Иә-иә, дәл солай! Қонақ үйде әр түрлі тағамдар ұсынатын оннан астам мейрамхана мен дәмхана бар, олардың әрқайсысы өз стилінде қызмет көрсетеді. Таңғы ас, түскі және кешкі ас «швед үстелі» форматында ұсынылады. Аспаздар халықаралық асхананың үздік тағамдарын дайындайды. Еуропалық, араб, үнді, азиялық тағамдардан дәм тата аласыз.

Вегетариандар арналған бөлек мәзір қарастырылған. Әсіресе жаңа піскен жемістер, теңіз өнімдері мен тәттілер ерекше есте қалады. Барлық тағамдар таза, дәмді және әр түрлі.

Балалар мен диета ұстайтындар үшін арнайы бұрыштар бар. Кешкі ас кезінде мәзір алмасып отырады. Қонақ үй дәстүрі бойынша италиялық, араб, азиялық тағамдар күні сияқты тақырыптық кештер өтеді. Біз италиялық кешке тап болдық – шефтің пастасы мен пиццасы ерекше дәмімен есте қалды. Сондай-ақ балаларға арналған мәзір де бар, кішкентай қонақтардың талғамы да назардан тыс қалмаған. Тамақ сапасына қатысты бірде-бір ескерту жоқ – барлығы дәмді, сапалы және жаңа дайындалған. Ал жеміс-жидектер мен балмұздақты шексіз жеуге болады!

Бассейндер мен жағажай

DoubleTree қонақ үйінің басты артықшылықтарының бірі — жеке жағажайының болуы. Құмды жағажай таза, кең, шезлонгтар мен шатырлар жеткілікті. Сонымен қатар, бірнеше бассейн бар: ересектерге арналған терең бассейн, балаларға арналған жылы бассейн және SPA аймағындағы тынығу бассейні.

Суға шомылу қауіпсіз, құтқарушылар бақылап тұрады. Сонымен қатар, жағажайда катамаран, су скутері сияқты қызметтер ұсынылады.

Ашық аспан астындағы жағажай бары – күн батқанда коктейль ішіп, толқын дыбысын тыңдай отырып демалуға тамаша орын. 

SPA және фитнес

Қонақ үйдегі SPA орталығы – нағыз рахат мекені. Заманауи жаттығу залы, сауна, бу бөлмесі, массаж және косметикалық процедуралар ұсынылатын кең спа аймағы – демалысыңызды одан әрі толықтыра түседі. Біз аромамассажға жазылдық. Кәсіби маман арқаның бұлшық етін жақсы босаңсытып, күні бойғы шаршауды басып тастады. Сонымен қатар, жағажайда йога мен дене шынықтыру сабақтары  ұйымдастырылады. Жып-жылы қауызда немесе теңіз жағасында, таза ауада жаттығу жасау – нағыз рахат! Қонақ үйден шықпай-ақ денсаулығыңыз бен сымбатыңызға көңіл бөлуге болады. Бұған қоса, фитнес жаттықтырушысы әр қонаққа жеке бағдарлама құруға дайын. Осылайша, бұл қонақүй – денсаулығына мән беретін туристер үшін де таптырмас таңдау.

Иад Расбей: “Рас-эль-Хайма Қазақстандық туристер үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады”

Балаларға, егде жастағылар мен мүгедек жандарға арналған жағдай

Қонақ үйдің инфрақұрылымы – нағыз отбасылық демалысқа арналған. Бірнеше ашық және жабық бассейндер, балаларға арналған сулар сырғанайтын аймақ, ойын алаңдары, кішкентай балалар үшін бөлек клуб жұмыс істейді. Қауіпсіздікке баса назар аударылған. Құтқарушылар барлық бассейнде бар, ал балалар клубында тәжірибелі тәрбиешілер жұмыс істейді. 

Үлкен кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де бар жағдай жасалған, яғни қонақүйде лифтілер, пандустар, арнайы бөлмелер мен қолжетімді кіру жолдары қарастырылған. Біз мүгедек арбасымен жүрген бірнеше қонақты кездестірдік – олардың қозғалысына еш кедергі жоқ екені бірден байқалды. Менімен бірге демалған қонақтардың арасында Даун синдромы бар кішкентай балақай мен аутизм дерті бар жас жігіт болды. Екеуінің өзге ұлт өкілдері болғанына және денсаулықтарының өзгеше болуына қарамастан, қызметкерлер олардың да көңілін таба білді. Бұл – қонақүйдің инклюзивтілік қағидаттарын ұстанатынының нақты дәлелі. Жағажайда да арнайы жолдар төселген, сондықтан теңізге дейін жету қиындық тудырмайды. Сонымен қатар, күн сайын таңертең қызметкерлер жағалауды тазартып, қонақтарға таза әрі тартымды жағажай ұсынып отырады. Осындай кішігірім, бірақ маңызды дүниелер қонақүйдің кәсібилігін көрсетеді. Бұл – қызмет көрсету сапасына деген жоғары жауапкершіліктің көрінісі.

Қонақүй аумағынан тыс демалыс

Көптеген туристерді қызықтыратын тағы бір жайт – қалаға қатынау мәселесі. Бұл жағынан DoubleTree by Hilton Resort & Spa Marjan Island тағы да жоғары бағаға лайық. Қонақүй тарапынан ұйымдастырылған трансфер қызметі бар. Сұраныс бойынша әуежайға, Дубай қаласына, жануарлар бағына баруға болады.

Бұдан бөлек, күніне екі рет арнайы автобус қонақтарды Рас-эль-Хайманың орталығындағы Alhamra Mall ірі сауда үйіне апарып, белгілі бір уақытта қайтадан қонақүйге жеткізеді. Бұл – шоппингті жақсы көретіндер үшін тамаша мүмкіндік әрі қаланың өмірімен танысудың жолы. Сауда жасауға арнайы уақыт бөлмей-ақ, оңай әрі ыңғайлы түрде баруға болады. Айта кетерлігі, автобустар заманауи және жайлы, кондиционермен жабдықталған. Қаланың көрікті жерлерін көруге немесе жергілікті базарға баруға да осындай көлікпен қатынауға болады. Мұндай қосымша қызметтер – қонақтардың қажеттіліктерін жақсы түсінетін қонақүйдің артықшылығы.

Жаяу жүрем десеңіз де қонақүй маңында барлық жағдай жасалған. Жақын жердегі жағалауда балаларға арналған ойын алаңы мен қыдырамын десеңіз көрікті мекен бар. Жалға велосипед алуға болады. Тек арнайы мобильді қосымшаны жүктеп алсаңыз болғаны.

Сарқыт-сый аламын десеңіз, қонақүй алаңында да сувенир сататын дүңгіршектер қарастылған.

Демалысыңызды жайлылығын қамтамасыз ететін қызметкерлер

Маған бірден ең ұнағаны – қызмет көрсету сапасы. Кез келген сұранысқа жылдам әрі сыпайы жауап береді. Қызметкерлер бірнеше тілді меңгерген, соның ішінде ағылшын және орыс тілдері бар, бұл – аймақтағы туристер үшін үлкен артықшылық. Олар өте сыпайы, мейірімді және көмек көрсетуге әрдайым дайын. Қонақтарға жеке көңіл бөлу, тілектестікпен қарау — бұл қонақүй мәдениетінің ажырамас бөлігі.

Дүниенің әр бөлігінен келген қызметкерлер бірнеше тілде сөйлейді, оның ішінде ағылшын, орыс және араб тілдері бар. Кез келген мәселе тез шешіледі: зат жоғалса да, бөлмеде ақау болса да, бірден көмектесуге асығып тұрады. Оған көзіміз жетті.

Кешкі ас кезінде демалушылардың бірі ұялы телефонын жоғалтып алды. Іздегені қонақүйдің тіркелу бұрышынан табылды. Беймәлім жан тауып алып, қызметкерлерге тапсырған екен.  

Апта соңында мейрамхана алаңында жанды дауыста ән шырқалады. Біз демалған кезде қонақтардың бірі туған күнін тойлап жатты. Оны білген қонақүй қызметкерлері шам жағылған тәтті тоқаш ұсынып, әншілермен бірге “Happy Birthday to you” әнін бүкіл ұжыммен айтып, құттықтап жатты. Бұл да қызметкерлердің әр қонаққа риясыз көңілінің бір дәлелі!

Қорытындылай келе, DoubleTree by Hilton Resort & Spa Marjan Island – жай ғана курорт емес, әрбір қонақтың демалысын ұмытылмас ете алатын, сапалы қызмет пен жайлылықты үйлестіретін ерекше мекен. 

Бұл жерде әр адамның қажеттілігі ескерілген – жас та, жасамыс та, отбасымен келгендер де, жалғыз саяхаттаушылар да өз орнын табады. Мен бұл қонақүйден тек жақсы әсер алып қайттым және келешекте тағы да оралуға ниеттім бар.

“Редакция ұсынады” айдары аясында бұл жерді ұсынуға толық негіз бар. Қонақүйге баға беру керек болса, біз бұл кешенге 10-нан 11 балл берер едім. Егер сіз де күнделікті күйбең тіршіліктен алшақтап, жан тыныштығын сезінгіңіз келсе, жолыңыз DoubleTree by Hilton Resort & Spa Marjan Island-ға түссін деп тілеймін!

Ал өзіме тілегім бұл ғажап мекенге тағы барып қайту бақыты бұйырсын деймін!

Ғазиза Ұзақ

Telegram-канал: Marjan Island-дағы жұмақ мекен