Маскаттың күн шуағына бөленген қазақстандық «Коппелия»

Таяу Шығыстағы ең керемет театрлардың бірі – Маскаттың Корольдік опера театры 4-5 желтоқсанда қазақстандық мәдениеттің орталығына айналды. Оман тарапының арнайы шақыруымен, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» труппасы танымал француз хореографы Ролан Петидің «Коппелия» балетін ұсынды. Толассыз қошемет пен аншлаг: шебер, көңілді әрі терең адамгершілік сезімдерді қозғайтын бұл спектакльге деген көрермендердің ықыласы осы болды.
Екі ыстық күнде де театрдың жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан мен Айгерім Бекетаеваға, сондай-ақ Олжас Тарлановқа, ал екінші көрсетілімде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Рахматуллаев пен Рүстем Сейітбековке, сонымен қатар Шұғыла Әдепханға екі мыңнан астам көрермен ду қол шапалақ соқты. Маэстро Руслан Баймурзиннің басқаруымен оркестр керемет музыкалық көрініс жасады.
Маскаттың Корольдік опера театры сахнасында Коппелиус шебердің (Олжас Тарланов, Рүстем Сейітбеков) жұмбақ үйі өз шаруаларымен айналысқан тұрғындардың назарын аудартқан қалашық жанданды. Оның үйінің терезесінде желпуіш ұстаған бейтаныс ару тапжылмай отырған еді. Кәдімгі тірі жан секілді көрінген бұл қуыршақ бозбала Францтың (Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев) есін шығарады. Бұл қуыршақ Сванильданың (Айгерім Бекетаева, Шұғыла Әдепхан) аузынан түсіп қалғандай еді. Осы қыз профессордың құпиясын кездейсоқ байқап қалып, өзінен аумай қалған қуыршақтың кейпіне енді. Ал содан соң ойын-шыны аралас комедиялық әрі әсерлі оқиғалар легі басталды.
Әртістер Ролан Петидің айрықша эстетикасымен, мінсіз талғамымен сипатталатын хореографиясын оңайлықпен жүзеге асырды. Бұл балетмейстер туралы: «Ол өзінің театрлық әлемін жасап, артына фантастикалық мұра қалдырды» деп айтылады.
– Бұл жетістік – заңдылық, – деп әсерімен бөлісті Маскат қаласының тұрғыны сәулетті мәрмәр фойеде. – Қазақстандық труппа сызықтарының тазалығы мен әртістік қабілетіне қайран қалдым. Айгерім Бекетаева – әсемдіктің бейнесі іспетті, оның техникасы мінсіз. Бишінің Бақтияр Адамжанмен серіктесіп билегені сахнада ғажайыпты жасады. Бұл әлемдік деңгейдегі труппа екені көрініп тұр.
«Астана Опера» Оманға алып барған Ролан Пети қойылымының бірегейлігін Маскатта тұрып жатқан германиялық классиканы бағалаушы Гретта Брух та атап өтті. – «Астана Опера» 8 жыл бұрын осында «Аққу көлін» таныстырғанда маған да мұнда болу бақыты бұйырған еді. Сол сәтті әлі де таңданыспен еске аламын. Мұнда түрлі қойылымдар жүреді, әйгілі ұжымдар өнер көрсетеді, себебі бұл театрдың мақсаты – мәдени туризмді дамыту. Алайда мұндай балет бізде осы уақытқа дейін болмаған еді. Бұл астарлы әзілі мен гротеск элементтері бар нағыз авторлық еңбек. Спектакльдің соңы айрықша әсерлі: Коппелиус сынған қуыршақпен жалғыз қалады… Көңілді қойылым терең адами драмаға айналады.
Г.Брухтың айтуынша, кордебалет сөздің тура мағынасында ансамбльге айналды: – Труппа музыканың ырғағына сай жұмыс істеді, техникалық жағынан күрделі билерге толы гротескілік қимылдарды көрсетті. Олардың аясында шынайы сезімдерге ие басты кейіпкерлер одан сайын жанды әрі нанымды көрінді.
Оманға екі аптаға келген француздық мейман Жак Россо да бұл пікірмен келіседі. – Кордебалеттің осыншалықты жарасымды билегенін және әрбір детальді нақты орындағанын сирек көремін. Олардың үйлесімділігі мен энергиясы барлық залдың делебесін қоздырды. Ал маэстро Р.Баймурзин оркестрді әртістерге деген таңғаларлықтай сезгіштікпен жетеледі.
Бұл жетістіктің артында балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың зор еңбегі тұр. – Осы балет ұжымы труппа жетекшісінің, тәлімгер ұстаздардың арқасында өзіндік репертуар жасап, өзінің ешкімге ұқсамайтын мәнерін қалыптастыра отырып бірегей жолымен жүріп келеді деп ойлаймын, – деп атап өтті Ж.Россо.
Маскаттағы гастроль толассыз қошеметпен аяқталды. Құшақ-құшақ гүл, шат-шадыман күлкі мен «Бәрекелді!» деген дауыстар: Оман асқақ өнер тілі барлығына ортақ екенін, ал «Астана Операның» лайықты түрде әлемнің жетекші театрларының қатарынан саналатынын көрсеткен қазақстандық әртістермен осылай қоштасты.


