Маусымаралық кезеңдегі бағаны тұрақтандыру шаралары

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2025 жылғы мамырда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары әртүрлі бағытта өзгерістерге ұшырады. Бұл өзгерістер негізінен өткен жылғы егінді сақтау кезеңінің аяқталуы мен жаңа піскен өнімдердің нарыққа шығуына байланысты маусымдық факторлар әсерінен болды. Жаңа піскен өнімдер мен көкөністердің жеткізілуі азық-түлік инфляциясының баяулауына мүмкіндік береді деп күтілуде.
Кейбір азық-түлік тауарларының бағалары арзандады. Мысалы, 2025 жылғы 27 мамырдағы деректер бойынша алдыңғы аптамен салыстырғанда қырыққабат 3,4%-ға, жұмыртқа 0,7%-ға, қарақұмық, макарон және күнбағыс майы 0,1-0,2%-ға арзандаған.
Нан мен күріштің бағасы тұрақты болып, өзгеріссіз қалды.
Сонымен бірге, кейбір өнімдердің бағасы өсті. Соңғы аптада сәбіз 4,2%-ға, картоп 2,8%-ға, пияз 2,5%-ға, тұз 1,6%-ға, сүзбе 0,8%-ға, сүт пен қант 0,3%-ға, май, сиыр еті мен тауық еті 0,2%-ға, ұн мен айран 0,1%-ға қымбаттады.
2025 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 6,8%-ға өсті.
Бағаларды тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі салалық және жергілікті органдармен бірлесе отырып жедел шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Қытайдан, Пәкістаннан және Өзбекстаннан ерте пісетін көкөністер жеткізу жұмысы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта Астанада министрліктің қолдауымен «ҚТЖ Экспресс» АҚ жеткізген 50 рефрижератор контейнер картоп түсірілуде. Жалпы ішкі нарықты өніммен толықтыру мақсатында қосымша 45 мың тонна картоп, 4 мың тонна қырыққабат импортталды.
Ішкі нарықта маусымаралық кезеңдегі тасылам да жанданды. Түркістан облысында қырыққабат жинау жалғасып, ерте піскен картоп жинау басталды. Ерте піскен каторпты егін алқабынан сатып алу бағасы 280-350 теңге аралығын құрап тұр.
Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2025 жылғы 30 маусымға дейін 150 мың тоннаға дейін картопты баж салығынсыз импорттау механизмін енгізді. Бұл шара маусымдық баға шарықтауын төмендетуге бағытталған.
Сонымен бірге, азық-түлік пен мал шаруашылығы шикізатының кейбір түрлерін экспорттауға уақытша шектеулер қойылған. Мәселен, 28 қаңтардан бастап картоп экспортына (6 айға), 10 сәуірден бастап ірі және ұсақ қара малдың аналық басын экспорттауға (6 айға), 25 сәуірден бастап ірі қара бұқашықтарын экспорттауға (3 айға) шектеу енгізілді. Бұл шаралар ішкі нарықта тұрақты өнім ұсынысын қолдауға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі