Мәжіліс депутаты Алматы облысындағы жайлы мектеп құрылысымен танысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин жұмыс сапарымен Алматы облысында болды, деп хабарлайды облыстық AMANAT партиясының баспасөз қызметі.
Сапар барысында Қарасай ауданына қарасты Қаскелең қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1500 орындық мектеп құрылысымен танысты. Іс-шара партияның сайлауалды жол картасында көрсетілген жоспарларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Жалпы сомасы 6.6 млрд теңге болатын білім ошағы заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Осылай деген мердігер мекеменің өкілі жыл соңына дейін білім ордасының құрылысын аяқтайтынын жеткізді. Жаңа білім нысанында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалмақ. Мектепте оқу кабинеттерімен қатар, технологияларды өңдеу шеберханасы, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, зертханалық және компьютерлік сыныптар, медицина кабинеті болады.
«Облыстық AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде 26 жайлы мектептің құрылысы қарқынды. Бұдан басқа биыл 27 мектеп жоспарланған. Ал салынып жатқан бұл нысанның құрылыс жұмысы қазіргі уақытта 60 пайызға аяқталған. Мердігерлер мектепті уақытында аяқтауы тиіс. Әрине, бірінші кезекте мектептің құрылысы жоғарғы деңгейде болса дейміз. Сонымен бірге барлық стандарттарға сай болуын, сапалы құрал-жабдықтармен қамтамыз етілуін бақылау қажет. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептердің жиһазы толықтай отандық өнім болуы қажет», – деді Мәжіліс депутаты Максим Рожин.
Білім нысандарының ішкі жабдығы толықтай отандық өнім болу қажет деген халық қалаулысы сапар аясында іргелі кәсіпорын саналатын «Алатау Прогресс Кз» жауапкершілігі шектеулі серіктесітігінде болды. 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған «Altamir» өндіріс цехының жұмысшыларымен кездесті. Еңбек ұжымына ҚР заңнамасындағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кәсіпорынның құрастыру цехын аралап көріп, шығарылып жатқан өнім түрлерімен танысты.
Кәсіпорын басшысы Берік Жиембаевтың айтуынша, бүгінгі таңда осы зауытта өндірілетін мектеп жиһаздары тапсырыс берушілер тарапынан жақсы баға алып, сұранысқа ие болуда. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 2 миллиард теңгені құраған.
«Менің ойымша, «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің ішкі жабдығын қамтамасыз етуде 100% отандық өндірісті тарту керек. Сәйкесінше, заманауи жиһаз да барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы шарт. Соңғы кезде өнім өндіруде отандық үлестің мол болуына ерекше атап өтуге болады. Дегенмен, отандық үлесті арттыру және дайын өнімді сату аумағын кеңейту бағытында әлі де ауқымды жұмыс істеу қажет. Өйткені, экономиканың негізгі бөлігі болатын жеңіл өнеркәсіптің мысын импорт басып жатыр. Біз өз тарапымыздан көмектесуге дайынбыз», – дейді Мәжіліс депутаты.
Айта кету керек, халық тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында үш ауысымдық 39 мектеп бар. 26 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Жалпы облыста үш ауысымды мектептер мен оқушы орны тапшылығын жою мақсатында облыстық «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында «Жайлы мектеп» жобасымен 53 мектеп салыну жоспарланған.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі