Мәжіліс қабылдаған заңға енгізілген түзету азық-түлік импортына бақылауды күшейтеді

AMANAT партиясы жанындағы Аграрлық өнеркәсіп кешені жөніндегі кеңестің кезекті отырысында тұтынушылар мен отандық азық-түлік өндірушілер үшін маңызды болып табылатын Салық кодексіне енгізілген түзету қабылданғаны жария етілді. Аталған түзетудің мақсаты – азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына бақылауды күшейту болып табылады. Отырысқа ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, сауда және интеграция министрліктерінің тиісті департамент басшылары, сондай-ақ Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен тамақ өнеркәсібі саласындағы салалық одақтардың өкілдері қатысты.

АӨК жөніндегі кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әшімбетов көрші елдерден Қазақстанға әкелінетін азық-түлік өнімдеріне бақылауды күшейту мәселесі AMANAT партиясының тұрақты бақылауында тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Мәжіліс мақұлдаған Салық кодексінің 30-бабына енгізілген жаңа редакцияның қабылдануы болып саналады.

Отырыс барысында бұл шара сапасыз, ұлттық заңнама мен қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін шетелдік азық-түлік өнімдерінің тасымалына тосқауыл қою жолындағы елеулі жетістік әрі нақты ілгерілеу ретінде бағаланды.

Мәжіліс депутаттары мен Тамақ өнеркәсібі салалық одақтар альянсының бастамасымен қабылданған заңнамаға енгізілген түзетуге сәйкес, енді Қазақстанның ветеринариялық қызметі Мемлекеттік кірістер комитетінің жануар тектес шикізат пен азық-түлік өнімдеріне қатысты ақпараттарына қол жеткізу құқығына ие болады. Бұл норма ел аумағына әкелінетін өнімдерге бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

– Осы күнге дейін сапасы күмәнді азық-түлік пен мал өнімдері еліміздің сауда орындарына еш кедергісіз өтіп, отандық заңды өндірушілердің тауарларын нарықтан ығыстырып келді. Мұндай өнімдер жасырын жолмен тасымалданғандықтан арзанырақ сатылады, ал жұртшылық оның бағасына алданып, сол арқылы өз денсаулығына зиян келтіруде. Енді мұндай сапасыз өнімдерге нақты әрі сенімді тосқауыл қойылады деп сенеміз. Ұсыныстарымызды қолдағаны үшін AMANAT партиясына алғыс білдіреміз. Бұл жұмыс еліміздің экономикасы мен халық денсаулығы үшін ерекше маңызды», – деді «Қазақстан сүт одағының» басшысы Владимир Кожевников.

Қабылданған түзету Мәжіліс депутаттары мен тамақ өнеркәсібі саласындағы салалық бірлестіктер бірлесіп әзірлеген. Ол отандық азық-түлік өндірушілерінің ішкі нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған ұсыныстардың бір ғана шағын бөлігі болып табылады. Бұл түзетулер топтамасы «Отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы аясында ұсынылған болатын. Қазіргі таңда бұл заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытындысын алу кезеңінде тұр. Заң жобасы алдағы уақытта депутаттарға ұсынылып, Парламент Мәжілісінің қарауына жіберіледі деп жоспарланып отыр.

Менің ойымша, ел шекарасы азық-түлік қауіпсіздігі мен Қазақстан заңнамасының талаптарына сай келмейтін азық-түлік өнімдерінің әкелінуінен қорғалуы тиіс. Қабылданған түзету мемлекеттік органдардың шекара арқылы өтетін азық-түлік өнімдері жөніндегі ақпараттандырылу деңгейін едәуір арттырады және бұл – отандық нарықты, яғни халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Біз Қазақстанның тамақ өнеркәсібі салалық бірлестіктері альянсымен бірлесіп, бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастыруға ниеттіміз, – деді ҚР Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы АӨК жөніндегі Республикалық кеңестің төрағасы Нұржан Ашимбетов.

«AMANAT» партиясы жанындағы АӨК жөніндегі Республикалық кеңестің отырысы барысында тамақ өнеркәсібі салалық бірлестіктерінің өкілдері, оның ішінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдерімен бірлесіп, «Отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмысты жалғастыруға және жақын арада сарапшылар деңгейінде бірнеше кездесу өткізуге уағдаласты. Сонымен қатар, Қазақстанның тамақ өнеркәсібі салалық бірлестіктер альянсы Сауда және интеграция министрлігінің және Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдерімен заң жобасы аясындағы ұстанымдарды талқылау үшін кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Отандық өндірушілер іс-шара қорытындысында «Отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылған өз ұсыныстары Үкімет тарапынан қолдау табады деген үмітін білдірді. Осылайша, тамақ өнеркәсібі саласы ғана емес, сонымен қатар экономика мен қазақстандық тұтынушылар үшін маңызды болып табылатын, сала мамандары бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан өзекті мәселелер шешіледі деп сенеді.