Мәжілісте театрлар қызметін жүйелеу мәселесі талқыланды

Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде Қазақстандағы театрлар жұмысының негізгі бағыттарын жүйелеу туралы кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етіп, мемлекеттік орган өкілдері, мәдениет және театр салаларының мамандары, сарапшылар қатысты.
Асхат Аймағамбетов палатада мәдениет және білім беру туралы заң жобасы әзірленіп, бірінші оқылымнан өткенін, екінші оқылымға дейін оған тиімді ұсыныстар енгізу маңызды екенін айтты. Осыған орай отырысқа жиналған сала мамандарынан Мәжіліс тарапынан қосымша қандай қолдау қажеттігін сұрады.
– Түйткілді мәселе көп. Оның ішінде кадр дайындау, қаржыландыру, техникалық қызметкерлердің жалақысы, авторлық құқықты қорғау, отандық және шетелдік қойылымдардың тепе-теңдігі және басқалар. Өнер саласында магистратура немесе докторантураға оқуға түсу және тестіден өту бағытына да тиісті өзгеріс қажет секілді. Театрлардың қалыпты жұмыс істеуіне, жаңа таланттарды тартуға және сапалы өнер туындыларын жасауға мүмкіндік беретін стратегия әзірлеуіміз қажет, – деді комитет төрағасы.
Мәжіліс депутаты, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ринат Зайытов театрларға қатысты өзекті мәселелерге мән берді.
- Кадрлар мен білікті мамандар бойынша мәселе бар. Театр қызметіндегі жарық қоюшы, сахна техниктері дегеніміз негізінде шығармашылық адамдары. Декарацияны құру мен жарық қою да шеберлікті, білімді талап етеді. Осы мамандардың мәселесі шешілмеген, – деді Р.Зайытов.
Сондай-ақ депутат оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамту жолға қойылмағанын, театр мамандарын баспанамен қамтуға қатысты бағдарламалар қолға алынбағанынын баса айтты. Бұдан бөлек қызметкерлерге атақ пен марапат беруде де даулы мәселелер туындайтынын, ал атағы бар өнер майталмандарына жеңілдіктер қарастырылмағанына да назар аударды.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың айтуынша, елімізде 57 мемлекеттік театр бар, оның 11-і республикалық, 46-сы өңірлік театр. Олардың репертуары 3391 қойылымды құрайды, соның ішінде 1744 отандық авторлардың шығармасы, 1647 шетелдік авторлардың шығармасы бар.
– Жалпы қазіргі уақытта барлық өңірде облыстық театр бар. Алайда Екібастұз, Рудный, Сәтбаев, Қонаев сияқты шағын қалаларда театр ашу қажеттілігі сақталып отыр. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі өңірлерге мазмұны тұрғысынан жаңа қойылымдардың жоспарын уәкілетті органмен келісуді, шетелдік режиссерлердің ұлттық шығармаларды қою тәжірибесін қысқартуды ұсынады, – деді А.Сыдықов.
Вице-министр республикалық театрлардың ғимараттарын жөндеуге, театр қызметкерлерінің жалақысына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде А және В санатындағы қызметкерлерге 50 пайызға дейін үстемақы көзделген, бірақ техникалық құрам қызметкерлері кіретін С және Д блогында ол қарастырылмаған. Осыған орай Айбек Сыдықов депутаттардан аталған қызметкерлерді В санатына көтеру туралы министрліктің ұсынысын қолдауды сұрады.
Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының төрағасы, Қазақстан халық артисі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов, режиссер, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театрының көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали және басқа да театр мамандары саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов елімізде бой көтеріп жатқан және жөндеуден өткен мәдениет үйлері, олардың халыққа қызмет көрсету сапасының өсуі, сондай-ақ жаңадан сахналанған қойылымдар мен олардың ұлттық мәдениетімізді дамытуда жасалып жатқан жұмыстарына да назар аударды.
Баяндамаларды тыңдаған соң жиынға қатысушылар театр жұмысын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтып, сұрақтарын қойды. Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков инклюзивті театрларды қолдап, оларды мемлекеттен де, жеке тараптан да демеу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ театрларды қаржыландыру, қойылымдардың мән-мазмұны, театр жанынан көркемдік кеңес құру, кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жабдықтау, білім беру, театр өнерін халыққа қолжетімді ету, инклюзивті театр ұжымдарын қолдау және ондағы өнер иелерін оқыту және басқа да мәселелер қаралды.
Мәжілістің Баспасөз қызметі