Мемлекет басшысы «Наурыз Фест» фестивалін тамашалады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Абай» алаңында өтіп жатқан халықаралық «Наурыз Фест» фестиваліне барды.
▪️Бұл шығармашылық шара Наурыз мейрамын тойлайтын елдердің – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия және Башқұртстанның мәдениеті мен дәстүрін бір шаңырақ астына біріктірді. Шетелдік қонақтар өздерінің декоративті-қолданбалы өнер туындыларын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстырып, халық әндерін шырқады.
▪️Алаңда шараға қатысушы елдердің шатыр-шеберханалары, ұлттық тағам павильондары, киіз үйлер тігілген қазақ этноауылы, интерактивті алаңқайлар, балалар шығармашылығы және роботты техника аймағы, инсталляциялар, шағын сәулет нысандары мен композициялар орнатылған.
▪️Фестиваль бағдарламасы аясында музыкалық ұжымдар шеруі, театрландырылған қойылымдар, отандық және шетелдік қолөнершілер жәрмеңкесі және «Қамшы» атты көрме ұйымдастырылды.
▪️Мемлекет басшысына оқушылардың роботты техника саласындағы озық әзірлемелерін көрсететін инновациялық алаң – «Робо-киіз үй» таныстырылды. Бұл жұмысты Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары, Global Challenge 2023 чемпионатының абсолютті жеңімпаздары Дәмелі Шаймерденова, Иманәлі Көксал, Сергей Гапонов, Нұрсұлтан Жанұзақов, Нұрислам Тұрғынбай әзірлеген.