Мемлекет және құқық теориясының заманауи сын-қатерлері: Қазақстандық құқық ғылымының көзқарасы

Құқықтық жүйелер мен мемлекеттік басқару институттары қазіргі таңда түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Глобализация, цифрландыру, халықаралық құқықтың эволюциясы және құқықтық мәдениеттің трансформациясы – мемлекет және құқық теориясына тікелей әсер ететін негізгі факторлар. Қазақстандық құқық ғылымы бұл үрдістерге бей-жай қарамай, мемлекеттің құқықтық жүйесін жетілдіру жолдарын белсенді зерттеуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мемлекет және құқық, конституциялық және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасы– осы өзгерістерді ғылыми тұрғыдан зерделеп, құқықтық реформалардың негізін қалап отырған жетекші ғылыми орталықтардың бірі.
Мемлекет және құқық теориясындағы заманауи сын-қатерлер
- Мемлекеттің рөлі мен функцияларының өзгеруі. Қазіргі кезде мемлекет тек басқарушы орган ғана емес, сонымен қатар қоғамның дамуындағы маңызды модераторға айналуда. Қазақстанда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты аясында саяси реформалар жүзеге асырылуда. Бұл жағдай мемлекет және құқық теориясында билікті бөлу, оның тепе-теңдігі және халықтық егемендік мәселелерін қайта қарастыру қажеттілігін туындатады.
- Құқықтың цифрлық трансформациясы. Цифрлық экономика мен жасанды интеллекттің дамуы жаңа құқықтық категорияларды талап етуде. Қазақстанда электрондық үкімет, цифрлық нотариат, электрондық сот ісін жүргізу сияқты жаңа институттар құқықтың ақпараттық технологиялармен тығыз байланыста дамып жатқанын көрсетеді. Мемлекет және құқық теориясында цифрлық егемендік, дербес деректерді қорғау, онлайн-құқықтық қатынастардың заңнамалық регламентациясы сияқты мәселелерді зерттеу өзектілігі артып келеді.
- Халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың өзара ықпалы. Глобализация жағдайында халықаралық құқықтық нормалардың ұлттық заңнамаға әсер етуі жаңа заңнамалық стандарттардың қалыптасуына алып келуде. Қазақстан көптеген халықаралық шарттардың қатысушысы ретінде өз заңнамасын адам құқықтарын қорғау, экологиялық стандарттар, сауда және инвестициялық құқық салаларында жетілдіруде. Осы тұрғыда мемлекет және құқық теориясы құқықтық жүйелерді үйлестіру, құқықтық интеграция және ұлттық құқықтық жүйенің дербестігін сақтау мәселелерін терең зерттеуді қажет етеді.
- Заң үстемдігі және құқықтық мәдениеттің эволюциясы. Құқық үстемдігі қағидаты – кез келген құқықтық мемлекеттің іргетасы. Қазақстанда Конституциялық Соттың қайта құрылуы, сот реформалары, әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуі заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар болды. Алайда, құқықтық мәдениеттің төмендігі, заң нормаларының тиімді орындалмауы және құқықтық нигилизм қоғамдағы басты мәселелердің бірі болып қалуда. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет және құқық теориясы құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған кешенді әдістерді ұсынуы қажет.
Қазақстандық құқық ғылымының рөлі және кафедраның үлесі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мемлекет және құқық, конституциялық және әкімшілік құқық теориясы мен тарих кафедрасызаманауи құқықтық мәселелерді талдау және шешу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Кафедра ғалымдары:
- Құқықтық реформаларға ғылыми негіздеме әзірлеуде;
- Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша ұсыныстар енгізуде;
- Цифрлық құқық, әкімшілік әділет және конституциялық бақылау мәселелерін зерттеуде;
- Жаңа заң жобалары мен құқықтық актілердің сапасын арттыру бойынша сараптамалық қорытындылар ұсынуда.
Сонымен қатар, кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы шетелдік университеттермен, халықаралық ұйымдармен тығыз ғылыми ынтымақтастық орнатып, қазақстандық құқықтық ғылымды әлемдік деңгейде танытуға өз үлесін қосуда.
Қазақстандық құқық ғылымы мемлекеттің құқықтық жүйесін жетілдіру, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және жаңа сын-қатерлерге бейімделу мақсатында үнемі дамып отыруы тиіс. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы кафедрасы құқықтық ғылымды дамытуда маңызды рөл атқарады. Кафедра ғалымдары құқықтық реформаларды ғылыми негіздеу арқылы Қазақстанның құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етуде.
А.С. Қобландина,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультетінің 2-курс магистранты
А.С. Ибраева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің
Мемлекет және құқық, конституциялық және
әкімшілік құқық теориясы мен тарихы
кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы