Мерейтойлық Kitap Fest Almaty кітап фестивалінің келушілерін не күтеді?

«Kitap Fest» кітап фестивалі ‒ бұл жыл сайын еліміздегі ірі мегаполисте кітап сүйер қауымды бір мезетте қауыштыратын алматылықтардың өміріндегі айтулы мәдени-бұқаралық шара. 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жоба биыл өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Биылғы фестиваль жылдағыдай қала күніне орайластырылған!

«Kitap Fest» ‒ Қазақстандағы алғашқы және бүгінгі күнге дейін ең ірі кітап думаны саналады. 10 жыл ішінде фестивальге 70-тен астам баспалар мен кітап дүкендері қатысып, белгілі қазақстандық авторлар мен баспалардың қатысуымен 500-ге жуық кітап таныстырылды.

Биылғы жылы «Kitap Fest Almaty» бағдарламасы ерекше. Фестиваль екі күн қатарынан өтеді. Тақырыбы да заманауи «Келешек кітабы». Екі күн бойы келушілерді ауқымды мәдени бағдарлама, қазақстандық жазушылармен және танымал тұлғалармен кездесу, кітап алмасу, көптеген жаңа кітаптардың тұсаукесері, кітаптар көрмесі, шеберлік сыныптары, байқаулар, өлең оқу, балаларға арналған танымдық бағдарлама, мұнымен қоса отандық баспагерлер мен кітап дүкендерінің қатысуымен өтетін үлкен кітап жәрмеңкесі күтеді.

Сонымен қатар, фестивальде дәстүрлі «Ауылға кітап» акциясы өтеді, онда кез келген адам кітапты Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсыра алады.