Мереке қарсаңында Туризм және спорт саласының қызметкерлері марапатталды
ҚР ТСМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, мереке қарсаңында 80-нен астам адам марапатқа ие болды. Елордадағы Qazaqstan концерт залында туризм және спорт министрі Республика күні қарсаңында туризм және спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан туристік сала қызметкерлеріне, спортшыларға, сала ардагерлеріне Президенттің Мемлекеттік наградаларын, Құрмет грамоталары мен медальдарын тапсырды.
Жиындағы сөзінде Ермек Маржықпаев ең алдымен қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, отандық туризм мен спорттың дамуына қосқан үлесі мен жарқын жеңістері үшін сала өкілдеріне алғыс айтты.
«Баршаңызды көп жылдан кейін қайта тойланып жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Президентіміздің бұл күнге айрықша мән беруінде үлкен тарихи негіз жатыр. Дәл осы күні еліміздің егемендігі туралы Декларация қабылданып, сындарлы сәтке барша отандасымыз куә болды. Өздеріңізге белгілі, отыз жылдан астам уақыт ішінде біз үлкен белестерді бағындырып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Ешқандай қиындыққа мойымай, дамудың дара жолын таңдадық. Әрине, сол жемісті жұмыстардың барлығында сіздердің айтулы үлестеріңіз, ерекше еңбектеріңіз бар. Спортшыларымыз көк Туымызды желбіретіп, ел абыройын асқақтатса, отандық туризм саласы тарихы бай, табиғаты көркем Қазақстанды әлемге барынша танытып келеді. Мұның бәрі Отанға деген шексіз махаббаттан, елге, жерге деген ерекше патриоттық сезімнен туады. Республика күні – ел бірлігін нығайтатын, татулығымызды арттыратын айрықша мереке», — деді Е.Маржықпаев.
Ресми іс-шара барысында министр «Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Асылбек Құлмағамбетовке Президенттің «Парасат» орденін, туризм және спорт саласына сіңірген еңбектері үшін – Ринат Абдрахманов, Виктор Абоимов, Шынарбек Батырханов, Жанат Жалымбетов, Марат Жақит, Таджимурат Найзабековтерге «Құрмет» орденін табыстады.
Сондай-ақ министр туризм саласы қызметкерлеріне, спортшылар мен жаттықтырушыларға, спорт ұйымдары қызметкерлері мен журналистерге «Ерен еңбегі үшін» медалін, Президент пен Премьер-Министрдің алғыс хаттарын, туризм мен спортты дамытуда елеулі еңбек еткен сала ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалін, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Спорт саласының кұрметті спорт қызметкері» төс белгілерін, туризм және спорт министрлігінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті.