Мерген Ислам Сәтбаев Олимпиада лицензиясына ие болды
Қазақстан құрамасы Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан стенд атудан 53-ші лицензиялық әлем чемпионатына қатысуда.
Ерлер арасында «10 м пневматикалық мылтықтан ату» жаттығуының финалында отандасымыз Ислам Сәтбаев 4-ші орын алып, Олимпиада лицензиясына ие болды. Аталған жаттығу бойынша Париж Олимпиадасына барлығы 4 жолдама беріледі.
Сонымен қатар, алматылық мерген 632,7 ұпай жинап, Қазақстан рекордын орнатты. ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Исламды табысты өнер көрсетуімен құттықтады.
«Ислам Сәтбаевты және Қазақстан құрама командасын бірінші олимпиадалық лицензияны жеңіп алуымен құттықтаймын! Бұл спортшыларымыз үшін Париждегі ойындарға соңғы жолдама емес екеніне сенімдімін. Биыл мергендеріміз ірі халықаралық біріншіліктерде керемет нәтиже көрсетуде. Мысалы, стенд атудан Қазақстан құрамасы Алматыда өткен Әлем кубогының медальдік есебінде үздік атанды. Құраманың өзге де мүшелерінің жоғары нәтиже көрсетулеріне тілектеспін», — деді Асхат Оралов.
Оқ пен стенд атудан лицензиялық әлем чемпионаты 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Біріншілікке әлемнің 100 елінен 1500-ден астам спортшы қатысып жатыр. Қазақстан намысын еліміздің ең мықты 50 мергені қорғайды.
ҚР МСМ Баспасөз қызметі