Меруерт Камалиденова Қарағанды облысы әкімінің Кубогында жеңіске жетті

Меруерт Камалиденова мен украиналық Юлия Осьмак – Қазақстан кеншілерінің астанасында аяқталған Қарағанды ​​облысы әкімінің 1-ші Ашық Кубогы шеңберінде өткен ашық және әйелдер арасындағы халықаралық турнирлердің жеңімпаздары. «Masters» және «Masters Women» турнирлері, сондай-ақ әуесқойларға арналған 3 турнир секциясы 27 тамыздан бастап 4 қыркүйекке дейін Қазтұтынуодағы Қарағанды ​​университетінде өтті.

Турнирді Freedom Broker компаниясының қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы және Қарағанды ​​облысының әкімдігі ұйымдастырды. Осынау жоғары деңгейдегі халықаралық жарыс («C» тобы) Қарағанды ​​облысында алғаш рет өтті. Оған Қазақстан, Армения, Ресей, Үндістан, Швеция, Украина, Польша, Моңғолия, Испанияның ең мықты шеберлері қатысты. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сайыстың жалпы жүлде қоры 6 миллион теңге.

Masters турниріне 10 шахматшы қатысты: төрт шетелдік гроссмейстерлер мен алдағы шахмат Олимпиадасына баратын Қазақстанның ерлер құрамасының төрт мүшесі және Арыстанбек Оразаев пен әйелдер құрамасының мүшесі Меруерт Камалиденова. Соңғы турға дейін бақ сынасқан ерлердің арасында Меруерттің топ жарғаны таң қалдырады, ол өзінен сәл ғана артта қалған Денис Махнёвтен жарты ұпай және бірдей бес қатысушыдан бір ұпай озып алға шықты.

12-ші жүрістің өзінде-ақ Махнёв пен Самвел Тер-Саакян бітімгершілік келісімге келген соң, Уразаевпен партияда ақтармен ойнаған Меруерттің таза жеңіске жетуі үшін тең ойынның да жеткілікті екені анық болды. Дебюттен шығар кезде қалыптасқан позиция да (Француз қорғанысындағы Мак-Кэтчон нұсқасы) бұған айтарлықтай қолайлы болды. Бірақ партияны тең ойынмен аяқтау екі жақтың да жоспарына кірмейтіні анық еді! Нәтижесінде партия 72-ші жүріске дейін созылып, ақтар нар тәуекел деп ойнап, ақыры тең ойын айлағына жетті. Осылайша, ойын қорытындылары бойынша Меруерт турнир жеңімпазы атағымен қатар, гроссмейстер ұпайын (турнирдегі перформанс – 2614!) және өзінің рейтингісіне +31 алды.

Айта кететіні, жуырда өткен рапид бойынша командалық әлем чемпионатында «өз үйінде» ойнаған 19 жасар астаналық шахматшы қыз Astana-1 командасына бәрінен көп ұпай: 12 ұпайдың 8-ін әкелді. Осы орайда одан жеңіліс тапқандардың арасында гроссмейстерлер Илья Смирин (Израиль), Виджай Пранав (Үндістан) және Ягыз Каан Эрдогмуш бар (мамыр айының соңында түріктің вундеркинді 13 жасқа дейінгі балалар рейтингінде ұлы Юдит Полгардың 35 жыл бойы сақталған рекордын жаңартты!).

Қорытынды: 1. Халықаралық шебер Меруерт Камалиденова (2352, Қазақстан) – 5½ ұпай; 2. гроссмейстер Денис Махнёв (2551, Қазақстан) – 5; 3. гроссмейстер Әлишер Сүлейменов (2461, Қазақстан) – 5; 4. гроссмейстер Виталий Сивук (2572, Швеция) – 4½; 5. гроссмейстер Александр Рахманов (2596, FID) – 4½; 6. гроссмейстер Самвел Тер-Саакян (2618, Армения) – 4½; 7. гроссмейстер Адитья Миттал (2591, Үндістан) – 4; 8. халықаралық шебер Арыстанбек Оразаев (2466, Қазақстан) – 4; 9. халықаралық шебер Алдияр Аңсат (2457, Қазақстан) – 4; 10. гроссмейстер Рамазан Жалмаханов (2497, Қазақстан) – 4.

Masters Women турнирінде «бес те бес» қатынасында қазақстандық және шетелдік шахматшы қыздар жарысты. Мұнда ең басынан-ақ 26 жасар украиналық ойыншы Юлия Осьмак алға шығып, турнирді 1-орынмен аяқтады.

19 жасар алматылық Лия Құрманғалиева соңғы турда Зейнеп Сұлтанбекті жеңіп (қаралар 26-шы жүрісте берілді) күміс медальге қол жеткізді. Ал 3-ші орынға Әмина Қайырбекованы басып озған тәжірибелі поляк ойыншысы Кляудя Кулён көтерілді. Әминаны ерекше қынжылтатын нәрсе, Элина Даниелянмен партияда ақтармен ойнаған ол 16-шы жүрісте сарбаз үшін атты құрбан етті, бірақ бұл шешімі қате болды: қарсыластың патшасына шабуыл жасау жоспары іске аспады да, позицияның өзі бірнеше жүрістен кейін

қирады.

Қорытынды: 1. халықаралық шебер/әйелдер гроссмейстері Юлия Осьмак (2471, Украина) – 7 ұпай; 2. әйелдер гроссмейстері Лия Құрманғалиева (2220, Қазақстан) – 6; 3. халықаралық шебер/әйелдер гроссмейстері Кляудя Кулён (2415, Польша) – 5½; 4. әйелдер арасындағы халықаралық шебер Әмина Қайырбекова (2247, Қазақстан) – 5; 5. әйелдер арасындағы халықаралық шебер Зейнеп Сұлтанбек (2098, Қазақстан) – 4½; 6. гроссмейстер Элина Даниелян (2393, Армения) – 4; 7. халықаралық шебер/әйелдер гроссмейстері Батхуягийн Монгонтуул (2346, Моңғолия) – 4; 8. әйелдер гроссмейстері Ксения Балабаева (2335, Қазақстан) – 3½; 9. халықаралық шебер/әйелдер гроссмейстері Ана Матнадзе Буджиашвили (2345, Испания) – 3; 10. әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері Аяулым Калдарова (2231, Қазақстан) – 2½.

Қарағандыда өткен жарыста кәсіпқой шахматшылармен бір залда қарапайым шахмат әуесқойларының да ойнағаны маңызды. Өйткені Қарағанды ​​облысы әкімінің 1-ші Ашық Кубогы шеңберінде «айналма» жарыстан бөлек, үш «швейцариялық» сайыс өтті:

  • С секциясы – Эло рейтингі 2350-ден жоғары емес шахматшыларға арналған «90+30» классикасының 9 туры (мұнда 19 жасар қарағандылық Әлімжан Аяпов үздік шықты);
  • D секциясы – ойнауды қалаған барлық адам үшін «10+5» рапидінен 9 тур (ФИДЕ шебері Иван Мезенцев жеңді);
  • Е секциясы – мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне арналған «3+2» блицінің 9 туры (жеңімпаз – Владимир Могила).

2024 жылдың ішінде KazChess айналма жүйе бойынша әрқайсысы 10-12 қатысушыға есептелген 10 турнир сериясын өткізеді, олардың жартысына жуығы – Қазақстанның ересектер мен жасөспірімдер құрамаларының мүшелері. Бұл жарыс спортшылардың халықаралық шебер (IM) және гроссмейстер (GM) нормаларын орындауы үшін және рейтингтерін жоғарылатуы үшін керек. Қарағанды ​​облысы әкімінің кубогы аясында өткен 2 турнир бұл тізімді толықтыра түсті. Бұл жарыс сонымен қатар 10 қыркүйекте Венгрияның Будапешт астанасында басталатын 45-ші шахмат олимпиадасының қарсаңында біздің құрамалардың мүшелері үшін соңғы турнир болды.

Қазақстан шахмат федерациясы