METU-де Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған әдеби челлендж өтті

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (METU) студенттік өзін-өзі басқару жылы аясында қазақ поэзиясының асқар шыңы, жыр жампозы Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби челлендж бастау алды.
Студенттердің бастамасына қолдау білдіріп университеттің басшыларынан бастап оқытушы-профессорлар құрамы да белсене қатысып, жастарды жігерлендірді. Мыңнан аса білімгер ақынның жүрек тебірентер жырларын оқып, оны әлеуметтік желілерде кеңінен таратты. Челлендж барысында әдеби кештер мен эдвайзерлік сағаттар ұйымдастырылып, Мұқағали мұрасына арналған тағылымды кездесулер өтті.
Әсіресе, METU-де білім алып жатқан Египет, Монғолия, Қытай, Турция, Ресей, Марокко, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б., әлемнің он бес елінен келіп білім алып жатқан шетел студенттері Агиз Хани Мохамед Эбрахим Элдесукки, Онгуз Берен, Мэти-Корли Исаак Опар бірнеше тілде ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқуы жиналған қауымды тебірентіп, Мұқағали жырларының шынайылығы мен құдіреті ұлт пен шекара талғамайтынын айқын көрсетті.
Сонымен қатар, студенттер ақынның туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылына арнайы барып ақынның мұражайымен танысып және Алматы қаласындағы ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, өлеңдерін ескерткіш басында оқыды. Инженер мамандығының қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, рухани бай тұлға болып қалыптасуға ықпал ететін мұндай іс-шаралар жастардың поэзияға деген сүйіспеншілігін арттырып, М. Мақатаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға, оның өлмес мұрасын ұрпақ санасына сіңіруге зор үлес қосатыны сөзсіз.
Ұлы ақынның мұрасы – мәңгілік. Оны ардақтау – әрбір қазақ баласының қасиетті парызы.