Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?

Елімізде әр азаматтың өмірінде түрлі күтпеген жағдай болуы мүмкін. Жұмыссыз қалу, еңбекке қабілеттілігінен айырылу, отбасылық жағдайдың өзгеруі секілді сәттерде табыс көзі де үзілуі ықтимал. Осындай кезде мемлекет азаматты жалғыз қалдырмай, әлеуметтік қолдау тетіктері арқылы көмек көрсетеді. Соның бірі – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі.

Бұл жүйе Қазақстанда 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді және халықтың әл-ауқатын тұрақтандыруға бағытталған. Біз осы тақырыпты кеңірек түсіну үшін Астанадан келген «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның өкілі Гүлбағила Болатбековамен тілдестік.

Гүлбағила Қоңырбайқызының айтуынша, бұл жүйе – еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі. Ол «шектеулі ынтымақтастық» принципіне негізделген: әлеуметтік аударымдар тек жұмыс істейтін азаматтар үшін Қорға төленеді және солар ғана төлем алуға құқылы.

Жүйе келесі әлеуметтік тәуекел түрлерін қамтиды: еңбекке қабілетсіздік дәрежесі белгіленгенде; асыраушысынан айрылғанда; жұмыссыз қалғанда; жүктілік пен босану; жаңа туған баланы асырап алу; бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысқан жағдайда.

«Бұл төлемдер – табыстың орны емес, тек әлеуметтік қолдау құралы», – деп атап өтті маман.

Бүгінде жүйе 6,8 миллионнан астам адамды қамтиды. Өткен жылы 1,4 миллион қазақстандық әлеуметтік төлем алып, оларға жалпы 958 миллиард теңге төленген. Алайда, Қорға түскен жарналар 635 миллиард теңгемен шектелген. Қалған бөлігі Қорда бұрыннан жинақталған қаражат есебінен өтелген. Бұл ретте, Қордың уақытша бос қаражаты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастырылуда.

Егер адамда еңбек шарты болса, онда Қорға әлеуметтік аударымдарды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді. Ал азаматтық-құқықтық келісіммен жұмыс істейтіндер үшін әлеуметтік аударымдар тапқан табысынан ұсталып, Қорға жіберіледі.

Гүлбағила Қоңырбайқызы айтқандай, әлеуметтік төлемдердің басым бөлігі аналар мен балаларды қолдауға бағытталады. 82 пайыз қаражат дәл осы мақсаттарға жұмсалады. Сонымен қатар, еңбекке қабілетсіздік пен асыраушысынан айырылу секілді ұзақмерзімді төлемдер де бар.

Қор жүргізген тексерулер барысында кей әйелдердің төлем көлемін жасанды жолмен арттыру мақсатында жалған еңбек шартын рәсімдегені анықталған. Олар бірнеше «жұмыс берушіден» жоғары табыс көрсетіп немесе жалған кәсіпкерлік ашып, көбірек төлем алуға тырысқан. Мұндай заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін бірқатар өзгеріс енгізілді: әлеуметтік төлем есептелетін табыс ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс; әлеуметтік тәуекел басталғаннан кейінгі Қорға түскен әлеуметтік аударымдар орташа айлық табысты анықтағанда есепке алынбайды. Егер әйелдің нақты табысы заңмен белгіленген шектен асып кетсе, жұмыс беруші оған қосымша ақы төлеуге құқылы. Бұл еңбек шартында немесе ұжымдық келісімде көрсетілуі тиіс. Ал егер ондай норма болмаса, қызметкер оның қосылуын талап ете алады.

Бүгінде төлем алу рәсімі оңайлатылған. Цифрлық отбасылық карта және басқа да IT-шешімдер арқылы азаматтар смартфон немесе ноутбук арқылы өтініш бере алады. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» орталықтары арқылы да жүгінуге болады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру – бұл жай ғана қаржылық көмек емес, бұл азамат пен мемлекет арасындағы сенім мен қамқорлық көпірі. Өмірдің түрлі қиын сәттерінде әркімнің жанында бола алатын осындай жүйе – қоғамның тұрақтылығының кепілі.

Сарби ӘЙТЕНОВА