Mining and Metals Central Asia 2023: цифрландыру және экологиялық тұрақтылық

28-ші Халықаралық Mining and Metals Central Asia тау-кен металлургия көрмесіне әлемнің 30 елі қатысып жатыр.  Нарықтың ірі қатысушылары өздерінің тау-кен өнеркәсібіне арналған инновациялық әзірлемелері мен технологиялық шешімдерін ұсынуда. Бұл шара тау-кен ісі саласындағы жаңа өнімдердің тұсаукесеріне, әрі сала бизнесмендерінің өзара тәжірибе алмасуына арналған басты алаң саналады.

Көрмеде әлемдік тау-кен өнеркәсібінің көшбасшылары инновациялық өнімдер мен технологиялардың алуан түрін ұсынды. Көпшілікке ұсынылған инновациялардың арасында заманауи тау-кен машиналары, тау-кен байыту кәсіпорындарына арналған озық құрал-жабдықтар, қауіпсіздікті арттыру, цифрландыру, үдерістерді автоматтандыруға бағытталған шешімдер,  сонымен қатар, арнайы техника мен басқа да көптеген өнімдер бар.

Көрме барысында халықаралық тау-кен өнеркәсібінің өкілдері өзара тәжірибе алмасып, саланың алдағы жылдары дамуына қатысты ойларын бөлісті. Metso компаниясының болжамынша,  Қазақстанның тау-кен өндіру саласына мынадай негізгі жаһандық трендтер ықпал ететін болады:

  • Урбанизация – заманауи өмір құру үшін металл емес материалдар, пайдалы қазбалар мен металлдарға сұраныстың артуы;
  • Табиғи ресурстардың жетіспеуі – табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану қажеттілігі;
  • Климаттың өзгеруі – су мен энергияны тиімді пайдалану мен өндірістік қалдықтар мөлшерін қысқарту қажеттілігі;
  • Тұйықталған цикл экономикасы – пайдалы қазбаларды, металлдарды, металл емес материалдар мен қалдықтарды қайта пайдалануға ынталандыру;
  • Цифрландыру – жаңа бизнес-модельдердің дамуы, сонымен қатар, тиімділік пен қауіпсіздікті арттыру.

Бұл ретте, сала қазірдің өзінде экологиялық тұрақтылықты арттыру мен тау-кен өндіру кәсіпорындарын цифрландырумен бетпе-бет келіп отыр. Қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін  мейлінше азайтуға арналған ресурс үнемдеуші шешімдерді енгізуге ниетті кәсіпорындардың саны артып келеді. Тау-кен өнеркәсібіндегі тапсырыс берушілер үшін техникалық қызмет көрсету қажеттіліктерін болжау, үдерістерді оңтайландыру, құрал-жабдықтардың техникалық дайындығы коэффициентін өсіру және қауіпсіздікті арттыру үшін  IoT  технологиясы негізіндегі заманауи шешімдер өзекті болып тұр.

— Қоршаған ортаға, халық пен экономикаға жауапкершілікпен қарау қосымша құнды жасаудың толық тізбегінің — зерттеу жұмыстары мен игеруден бастап, түпкілікті өнімді алғанға дейінгі аралықтың аса маңызды факторына айналуға тиіс. Осылайша, біздің тұрақты дамуға қатысты жан-жақты қамтылған әдісіміз — Planet Positive қоршаған ортаны қорғау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілі, экологиялық тұрақтылықтың қаржылық аспектілерін қамтиды. Бұл бастама аясында біз СО2 шығарындыларын азайту арқылы жаһандық жылынуды  1,5 °C  деңгейінде ұстап тұруға міндеттендік. Бұл ресурс үнемдеуші техногияларды ұсыну және тапсырыс берушілерге олардың экологиялық тиімділігі мен өнімділігін арттыруға көмектесу арқылы жүзеге асады. Атап айтқанда, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың цифрлық егізі секілді IT-шешімдер арқылы жасалады, — дейді Артем Асхадулин, Metso компаниясының Президенті, Орталық Азия аймағы.