МУМБАЙ ҰСЫНҒАН МҮМКІНДІК

Кинодан креативті экономикаға дейін

Мумбай. Бұл қаланың атауын естігенде көз алдымызға бірден үнді киносы елестейді. Өйткені Мумбай – әлемге әйгілі Болливудтың отаны. Бұрын Бомбей аталған бұл қала Үндістанның ғана емес, жаһандық киноиндустрияның маңызды орталықтарының біріне айналған. Алайда 6-7 тамыз күндері Мумбайда өткен БРИКС WAVES Bazaar 2026 халықаралық форумы қаланың шығармашылық әлеуеті кино өндірісімен ғана шектелмейтінін көрсетті. Мұнда кино мен телевидение, OTT платформалары, анимация мен VFX, ойын индустриясы мен музыка, цифрлық контент пен жасанды интеллект, технология мен инвестиция бір арнаға тоғысты.

Шараны Үндістанның Ақпарат және хабар тарату министрлігіне қарасты Ұлттық киноны дамыту корпорациясы (NFDC) ұйымдастырды. Форумға бастапқыда 500-ден астам делегат қатысады деп жоспарланғанымен, жиынға әлемнің әр түкпірінен 900-ден астам шығармашылық индустрия өкілі жиналды. Олардың қатарында продюсерлер мен режиссерлер, киностудиялар мен телеарналардың өкілдері, OTT платформалары, инвесторлар, технологиялық компаниялар мен стартаптар, мемлекеттік мекемелер, кино комиссиялары және басқа да креативті индустрия мамандары болды.

Қазақстаннан «Хабар», «Астана» телеарналарының ресми өкілдері, продюсерлер, режиссерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. «Хабар» Агенттігі» АҚ Халықаралық ынтымақтастық, дистрибуция және сатып алу департаментінің директоры Төреби Төлегенұлы Кәрімов шара барысында арнайы сөз сөйлеп, телеарнаның тиімді ұсыныстарға, қазақ қоғамын қызықтыратын жобаларға ашық екенін атап өтті. Ол форум спикерлерінің сұрақтарына жауап беріп, өз ұсыныстарын да ортаға салды.

Бір қарағанда, бұл кезекті халықаралық кинофорум сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ БРИКС WAVES Bazaar-дың ауқымы одан әлдеқайда кең. Шара барысында 275-тен астам арнайы ұйымдастырылған іскерлік кездесу өтті. Продюсерлер инвесторлармен, режиссерлер продюсерлермен, контент иелері дистрибьюторлармен жүздесті.

 Шығармашылық индустрия – жаңа экономиканың бір бөлігі

Үндістан бұл күндері кино мен медианы тек мәдени өнім емес, экономиканың маңызды бөлігі ретінде қарастырып отыр. Соңғы жылдары елде «Orange Economy» ұғымы да жиі айтыла бастады. Оның негізінде адамның шығармашылығы мен зияткерлік еңбегіне сүйенетін экономика жатыр. Кино, музыка, дизайн, анимация, ойын, жарнама, цифрлық контент пен авторлық құқық – бәрі де экономикалық құндылық қалыптастыратын салалар.

Мұндай көзқарастың Үндістан үшін маңызы түсінікті. 1,5 миллиардқа жуық халқы бар елдің ішкі нарығының өзі алып. Оның үстіне үнді контентінің сыртқы нарыққа шығу әлеуеті зор. Болливудпен бірге Толливуд, Колливуд және басқа да аймақтық киноиндустриялар қалыптасқан. Әрқайсысының өз көрермені, өндірістік жүйесі мен танымал тұлғалары бар. Осы тұрғыдан БРИКС елдерінің шығармашылық индустрияға бет бұруы да заңды. Бастапқыда экономикалық ынтымақтастық алаңы ретінде қалыптасқан ұйымның күн тәртібі уақыт өте кеңейіп келеді. Қазір оның құрамында Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африкамен қатар Мысыр, Эфиопия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері және Индонезия бар. Серіктес мемлекеттер форматы да қалыптасып отыр.

Бұл елдердің бірқатарын халық санының көптігі, ауқымды ішкі нарығы және шығармашылық индустриясының әлеуеті біріктіреді. Сондықтан БРИКС кеңістігіндегі байланыстарды тек сауда, қаржы немесе энергетикамен шектеу жеткіліксіз. Мәдениет пен креативті индустрия да экономикалық дипломатияның жаңа құралына айналып келеді.

Қазақстан БРИКС-тің толыққанды мүшесі емес. Дегенмен, ел бұл бірлестікпен экономикалық байланыстарды дамытып, БРИКС+ форматындағы іс-шараларға қатысып келеді. Қазақстан басшылығы ұйымға қосылу мәселесін ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырып, әзірге толық мүшелікке өтініш беруден қалыс қалып отыр. Алайда шығармашылық индустриядағы мүмкіндіктерді қарастыру үшін міндетті түрде мүшелік қажет емес. Мумбайдағы форум соның бір мысалын көрсетті.

Қазақстанның киноға қосар мүмкіндігі

БРИКС WAVES Bazaar аясындағы «Women Leading the Future of the BRICS Creative Economy» халықаралық панельдік талқылауына Үндістан Үкіметінің шақыруымен Қазақстанның Медиа-туризм елшісі, кинопродюсер Надира Ахонова спикер ретінде қатысты. Ол Қазақстанның халықаралық кино өндірісі үшін перспективалы алаң ретіндегі әлеуеті, кинотуризм, мәдени дипломатия және халықаралық копродукция мәселелеріне тоқталды.

«Кино – бұл тек өнер ғана емес, сонымен қатар мәдени дипломатияның, туризмді дамытудың және халықаралық қатынастарды нығайтудың тиімді құралы. Қазақстан халықаралық ынтымақтастыққа ашық және Үндістанмен және басқа БРИКС елдерімен бірлескен кино жобаларын дамытуға дайын», – деді Надира Ахонова.

Форум қорытындысында ол халықаралық ынтымақтастық пен креативті экономиканы дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы марапатқа ие болды.

Қазақстан үшін бұл жерде ең маңызды мәселенің бірі Үндістанның алып кино нарығына кіру. Қазақстан өзін көрермен нарығы ретінде ғана емес, кино өндірісіндегі серіктес ретінде ұсына алуы керек. Біздің бұған мүмкіндік беретін табиғи артықшылықтарымыз да бар. Алматы мен Алматы облысының таулары, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Маңғыстаудың ерекше табиғаты, ұлан-ғайыр дала, тарихи қалалар мен сәулет нысандары – шетелдік кино үшін тартымды локациялар.

«Кино түсірушілердің назарын аудару үшін әдемі табиғаттың, керемет локациялардың өзі жеткіліксіз. Бұл жерде Қазақстан өзін «кино түсіруге болатын әдемі ел» ретінде ғана емес, «кино түсіруге дайын өндірістік алаң» ретінде көрсетуі қажет. Ол үшін жергілікті продакшн компаниялары, кәсіби актерлер, режиссерлер, операторлар, каскадерлер, техникалық мамандар, VFX және пост-продакшн қызметтері, түсірілім инфрақұрылымы және мемлекеттік қолдау тетіктері қатар ұсынылуы керек. Сонда ғана шетелдік продюсерлер Қазақстанға келіп, бір ғана табиғи локацияны түсіріп кетпейді. Олар мұнда тұтас өндіріс ұйымдастыруға мүдделі болады», – дейді форумға қатысушы қазақстандық режиссер әрі сценарист Дамир Тастембеков.

Мумбайдағы форум дәл осындай өндірістік байланыстардың қалай қалыптасатынын көрсетті.

 Нарыққа апаратын жол

Форумның тағы бір маңызды тақырыбы – жасанды интеллект. AI кино өндірісіне сценарийді талдаудан бастап визуалды концепция жасауға, дубляж, локализация және пост-продакшнға дейінгі үдерістерге еніп келеді. Ал Indian Institute of Creative Technologies жанындағы WaveX бастамасы көрерменнің де рөлі өзгеріп келе жатқанын көрсетті. Ұсынылған интерактивті жоба бойынша бір залдағы шамамен 200 көрермен арнайы технология арқылы оқиға барысына ықпал ете алады. Бірнеше параллель сюжет желісінің қайсысы жалғасатыны аудиторияның таңдауына байланысты. Яғни киноның өзі де өзгеріп жатыр. Көрермен енді экран алдындағы пассивті бақылаушы ғана емес, шығармашылық үдерістің бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Мумбайдан шығатын тағы бір маңызды қорытынды – Қазақстанға халықаралық нарыққа апаратын тұрақты жол қажет.

«Қазақстанда кино түсіретін талантты режиссерлер де, жақсы сценарийстер де, кәсіби актерлер де бар. Мәселе тек фильмнің сапасында емес. Ең күрделі мәселе – оны халықаралық нарыққа шығару. Кино өндірісінде енді «Біз керемет фильм түсірдік» деген түсінік жеткіліксіз. Одан кейін «оны кім сатып алады?», «қай елде көрсетіледі?», «қай платформаға шығады?», «кім таратады?», «авторлық құқығы қалай қорғалады?», «қай тілдерге аударылады?» деген сұрақтар туындайды. Сондықтан Қазақстанға осындай халықаралық іскерлік алаңдар, тұрақты копродукция келісімдері, продюсерлер арасындағы байланыс, дистрибуция арналары және шетелдік инвестиция қажет. Бұл ретте Үндістанмен байланыс орнатудың маңызы ерекше. Мен өз басым Қазақстанда Үндістанның он фильмін түсірдім. Оның бірі дәл қазіргі уақытта Үндістанның кинотеатрларында жүріп жатқан «Korean Kanakaraju» блокбастері», – дейді Қазақстандағы шетелдік фильмдердің желілік продюсері Майра Қарсақбаева. Бұл – Қазақстан мен Үндістан арасындағы кино байланысының теориялық емес, іс жүзіндегі мысалы.

Үндістаннан үйренеріміз көп

Үндістан киноны мәдениеттің бір бөлігі ретінде ғана емес, экономиканың, туризмнің, технологияның және елдің халықаралық беделін қалыптастыратын қуатты құралға айналдыра алған мемлекет. Оның бүгінгі жетістігі бір күнде келген жоқ. Көрерменін қалыптастырды, өндірісін жолға қойды, мамандарды тәрбиеледі, инвестор тартты, технологиясын дамытты. Ең бастысы – өз мәдениетін әлемге көрсетудің жолын тапты.

Мумбайдағы БРИКС WAVES Bazaar форумы бүгінгі кино – экрандағы оқиғадан әлдеқайда үлкен ұғым екенін аңғартты. Оның ар жағында туризм мен технология, инвестиция мен авторлық құқық, телевидение мен цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен халықаралық бизнес тұр. Яғни кино кейде тұтас бір елдің әлемге ашылған терезесіне айналады.

Үндістан өзін әлемге кино арқылы танытқан ел екенін жақсы түсінеді. Сондықтан жыл сайын мыңнан астам фильм өндіріп, оларды ішкі нарықпен шектемей, әлемнің әр түкпіріне таратуға ұмтылады. 1,5 миллиардқа жуық халқы бар алып нарық Қазақстан үшін де айрықша мүмкіндік. Оның үстіне әңгіме тек кино туралы емес. Музыка, телевидение, анимация, ойын индустриясы, цифрлық контент пен туризм үшін де бұл нарықтың есігі ашық.

Қазақстанға Болливудты қайталаудың қажеті жоқ. Бізде қалыптасқан өз кино мектебіміз, терең де тағдырлы тарихымыз, тұмса табиғатымыз бар. Бізге керегі – сол құндылықтарды әлемдік көрерменге түсінікті тілде жеткізудің жаңа жолдарын табу.

БРИКС WAVES Bazaar Қазақстанға сондай мүмкіндіктің бір есігін ашты. Халықаралық мәдени байланыста мүмкіндік өздігінен жетістікке айналмайды. Оны нақты жобаға, ортақ өндіріске, жаңа серіктестікке және әлемдік нарыққа шығатын өнімге айналдыра алғанда ғана нәтижесі болады.

P.S. Мәдениет майданында жеңіс өзгені қайталағандардың емес, өзінің өткенін, тағдырлы тарихын, кемел келешегін әлемге таныта білгендердің жағында. Өйткені өз тарихын өзі айта алған халықтың қашанда әлемдік сахнада өзіндік орны бар.

Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ,

Мумбай, Үндістан