Мұра мен бизнес: қазақстандық кәсіпкерлер ата-бабаларының мәдениетін қалпына келтіруде
NU-да «Тамыр: Қазақстандағы мұра мен кәсіпкерлік туралы 33 әңгіме» кітабының тұсаукесері өтті, онда табысты бизнес құрып қана қоймай, қазақ мәдениетін, салт-дәстүрі мен қолөнерін сақтауға және жандандыруға үлес қосып жүрген адамдардың оқиғалары жинақталған. 33 әңгімеге Қазақстан тәуелсіздігінің 33 жылдығы арқау болған.
«2024 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 33 жылдығы атап өтілмек. Жас мемлекет болғанына қарамастан, ол әлемдік аренадағы позициясын нығайтып қана қоймай, сондай-ақ кеңестік кезеңнің 70 жылы кезінде жоғалтып алған өзінің болмысын қалпына келтіре алды. 33 саны – ұлттық жаңғыруды және өткенмен байланыстың белгісі. Біз кәсіпкерлердің, әсіресе соңғы бес жылда, бұл процесте қандай шешуші рөл атқарғанын таңғаларлық деп санаймыз», — дейді кітап авторларының бірі NU Жоғары бизнес мектебінің профессоры Шумайла Юсафзай.
Кітапта сән, өнер, зергерлік бұйымдар, гастрономия, сурет өнері, қыш-құмыра жасау өнері, кілем тоқу және басқа да бизнес салаларында жұмыс істейтін адамдардың 33 таңғажайып оқиғасы сипатталған. Кітап авторлары – Нұрлыхан Әлжанова, Алуа Нұрбаева және Шумайла Юсафзай – екі жыл бойы бүкіл ел бойынша түрлі кәсіпкерлермен сұқбат жүргізіп келеді.
«Әртүрлі кәсіпкерлермен сұқбат барысында біз бір ортақ тенденцияны байқадық: қазақ кәсіпкерлері кеңестік отарлау кезінде жоғалған ұлттық мәдениет пен мұраны жандандырып жатыр. Бұл тақырып бізді қатты қызықтырды, осылайша, оны тереңірек зерттеуге шешім қабылдадық. Біз “Тамыр” деп аталатын картиналар сериясын жасаған қазақ суретшісі Мөлдір Қарубайқызымен таныстық», — дейді Шумайла.
Авторлар «Тамыр» кәсіпкерліктің жастардың ата-бабаларымен байланысын қалпына келтіруге қалай көмектесетінін көрсететін әңгімелер жинағы үшін тамаша метафора деп есептеді. Қазақстаннан бөлек, авторлар Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстанда да сұқбат жүргізіп, қазақстандықтардың өздерінің мәдени және экономикалық артықшылықтары бар екенін байқады.
«Қазақстандағы кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктері мен ресурстары едәуір көп екенін байқадым. Оларға дамыған экономикалық құрылым, инфрақұрылым, жолдар, көлік және басқа да жағдайар қолжетімді. Сондай-ақ Қазақстанның көшпелі тарихы Өзбекстанмен салыстырғанда, әйелдерге көбірек еркіндік берген сияқты. Қазақстандық іскер әйелдер өте мықты және олардың әрі қарай дамуға әлеуеті зор», — деді профессор Юсафзай.
«Тамырдан» басқа, тағы екі кітап таныстырылды. «Мұра тамырлары: Өзбекстандағы Хунармандчилик дәстүрін дәріптеу. Ұлттық мәдениеттің және дәстүрлердің сақталуына үлес қосқан қолөнершілердің 17 әңгімесі» – бұл Өзбекстанның бай қолөнер дәстүрлерін зерттеу жұмысы, ол өз шеберліктерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған “ҳунарманд” деп аталатын шеберлердің табандылығы мен адалдығын ашады. «Киіз үй» – бұл киіз үй өмірінің барлық аспектісін егжей-тегжейлі зерттеу жұмысы, аталған процестің әр кезеңін айқын көрсетеді.
Университетте тұсаукесермен қатар, 4 күн бойы Tamyr Bazaar көрмесі өтті, онда шеберлер, суретшілер мен мүсіншілер қолдан жасалған бірегей бұйымдарын ұсынды. Қазақтың «тамыр» сөзімен аталған бұл базар елдің бай мұрасын тойлайды және жергілікті қолөнершілер мен суретшілерді қолдауға мүмкіндік береді. Іс-шара DAAD қаржыландыратын шеберханамен бірлесіп өткізілуде.