Мүсірәлімовтер династиясы: 320 жыл педагогикалық тәжірибе мен ұрпақ тәрбиесіне адалдық
Абай облысы Жарма ауданының Қапанбұлақ ауылынан шыққан Мүсірәлімов Майтұрсын ата әулеті 320 жылдан астам педагогикалық тәжірибемен мақтана алады. Династияның 19 мүшесі еліміздің әр түкпірінде ұстаздық қызмет атқарады, олардың жалпы еңбек өтілі 320 жылға жуықтайды.
Бұл – бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеп, ұстаздық дәстүрді жалғастырып келе жатқан үлгілі әулет.
Майрамгүл Мүсіралимова – отбасының ұйытқысы. Ол өз ұрпақтарының мұғалімдік жолды таңдағандарына қуанады және әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Әулетте бастауыш пән мұғалімі, балабақша тәрбиешілерінен бастап тарих, математика, қазақ тілі мен әдебиеті, физика, информатика, ағылшын тілі, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдеріне дейін бар.
Ұстаздар әулеті мұғалім мамандығының қыр-сырын терең меңгерген, ұлағатты жандар. «Біздің Қазақстанның жастары өте мықты. Екі жақтап тәрбие берсек, тамаша жастар шығады деп ойлаймын. Мен әулеттің үлкені ретінде оларға сенім білдіре аламын», – дейді Әсемгүл Майтұрсынқызы.
Еділ Майтұрсынұлы Талғар қаласында «Аяулым» бөбекжай-балабақшасын ашып, «Нұр-Ай» ЖШС-інде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Балабақшада 80 бала тәрбиеленіп, 20 қызметкер жұмыс істейді. Балабақша 2021 жылы Талғар аудандық Білім бөлімінің грамотасымен, 2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрі Алғыс хатымен марапатталды.
Әулеттің жиені Гүлнұр Сайлаубекқызы Астана қаласында дарынды балаларға қосымша білім беретін «Балалар Академиясын» ашып, шәкірттерімен талай жетістіктерге жетіп отыр.
2020 жылы Т. Хасенұлы атындағы орта мектеп ұжымы мен Жарма аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен онлайн форматта «Ұстаздық еткен жалықпас» тақырыбында сыр-сұхбат өтті. Аудан мектептерінің өкілдері қатысқан тікелей трансляцияда әулеттің мұғалімдері түрлі сұрақтарға жауап беріп, алдағы мақсаттары мен міндеттерін барша жұртқа таныстырды. Содан бері ұстаздар династиясы көптеген жетістіктерге жетті.
Мұғалімдер әулеті Т. Хасенұлы атындағы орта мектебінің оқушыларына «Алғыс айту» күніне орай спорттық киімдер, түрлі атаулы даталарда сыйлықтар беріп, мектепке теледидар сыйлап, кіші орталық бүлдіршіндеріне ойыншықтар тарту етті. Олар мектеппен байланыста болуды міндеттері деп санайды.
Педагогтер өз пәні бойынша бірнеше әдістемелік құралдар мен авторлық бағдарламалар шығарды. Серғазы Майтұрсынұлы «Тоғызқұмалақ ұлттық ойынын оқушыларға үйретудің тиімді тәсілдері» тақырыбында әдістемелік құралын, Сайрамгүл Майтұрсынқызы «Қызықты математика» атты математика пәнінен 5-сыныпқа арналған вариативті курс бойынша авторлық бағдарламаны, Данеш Сылдырбайқызы «Физика пәнінде күрделі есептерді шығару әдістемесі» атты әдістемелік көмекші құралдың авторы.
Әулеттің немерелері мен жиендері де ұстаздық жолды таңдаған. Аяулым, Нұрай, Диана, Нұрдәулет атты немерелер жоғары және арнаулы орта оқу орындарында мұғалімдік мамандықты игеруде. Шәкірттері ұстаз есімін биіктен көрсетсе, мұғалім еңбегінің ақталғаны.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі