Мүсірепов театры 79-шы маусымын ашады
Мөлдір өнердің мерейін асқақтатып, көркем өнерге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан өнер ордаларының бірі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қыркүйектің 19-шы жұлдызында 79-шы маусымын ашады.
Қазақ театрлары ішінде үлкен үдеріс пен тың ізденісте жүретін, Республикалық және Халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орындардан көрініп, жемісті жұмыс жасап жүрген театр ұжымы әр жаңа маусымын өзгеше леппен ашады. Өнерді өрістетіп, өзіне есеп беріп жүрген театр артистері еңбек демалысында мол тәжірибе жинақтап, жаңа маусымға терең ізденіс пен ерекше толқыныспен келетіні анық. Алматылық көрермен мен қонақтардың жаңа маусымды күн санап күтіп жүргені сөзімізге дәлел.
78-ші маусымында жаңа қойылымдардың тұсаукесерлерін жасап, фестивальдерде жеңіс тұғырынан табылып, театрдың жеке брендтік өнімдерін қалыптастырып, сондай-ақ еліміздің басқа қалаларына гастрольдік сапар жасап үлгерген ұжым 79-шы маусымын мерейлі сәттерге толтыруға мақсатты. Ұжым құрметті көрерменіне арнап қыркүйектің 19-шы жұлдызында, сағат 18:30-да таяуда тұсауы кесілген «ҰЛПАН» (авт.:Ғ.Мүсірепов, реж.:Г.Балпеисова) қойылымын шексіз махаббатпен, үлкен сағынышпен сахналайды. Қырдағы өмірдің жаңаруға деген ұмтылысы суреттелген, қазақ халқының жүріп өткен жолы бейнеленген, жомарт жүрегі мен өткір ақыл-ойы бар әйелдің тарихын баяндалған жаңа маусымның ең алғашқы қойылымы көрерменін күтеді.
Көрермен қошеметінен қанаттанып, ықыласынан шабыт алатын театр өткен маусымда Қазақстандағы ең көп көрермен келген театр мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар, жаз мезгілінің ыстық ауа-райына қарамастан, көрерменнің сұранысымен шілде айында жұмыс жасап, сүйікті қойылымдармен қуантты. Аталмыш маусымда балалар мен жасөспірімдер театры балаларға арналған қойылымдар мен ертегілерге басымдылық беріп, бүлдіршіндерге түрлі жанрдағы, сан қилы режиссерлік интерпретациядағы қойылымдар ұсынды. Ұжым фестивальдерге қатысып ғана қоймай, тұңғыш рет Алматы қаласында І Республикалық жастар театрлары фестивалін өткізді. Жастар қаласында жас режиссерлердің жұмыстарымен танысып, Қазақстанның әр аймағынан келген театр ұжымдарының өнерін тамалашауға мүмкіндік туғызды. Қазақстанның барлық қалаларына баруды мақсат тұтқан театр мәңгілік махаббат дастанына айналған, көрерменнің шексіз ықыласына бөленген «Махаббат, қызық мол жылдар» (авт.:Ә.Нұршайықов, реж.:Ф.Молдағали) қойылымымен еліміздің бірқатар аумағында болған. Алыс-жақын аймақтағы көрерменнің сұранысын ескерген театр ұжымы өткен маусымда гастрольдік қойылымдар қатарын толықтырып, «Бернарда Альбаның үйі» (авт.:Г.Лорка, реж.:Д.Жұмабаева), «Қарагөз» (авт.:М.Әуезов, реж.:Ф.Молдағали), «Болмаған балалық шақ» (авт.:А.Елгезек, реж.:Ф.Молдағали) және кішкентай көрерменге арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» (авт.:А.Сент-Экзюпери, реж.:Д.Курочкин) қойылымдарын сахналады. Репертуарымыздағы таңдаулы қойылымдар Орал, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Астана қалаларын аралап, облыстық көрерменмен қауышты. Ендігі кезекте жаңа маусымда өзге өңірлерге сапарлап, көрерменнің сүйікті қойылымдарымен қауыштыру жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен маусымда театрмен трендте болғысы келетін көрерменге арнап Musrepov.brand атты театрымыздың жеке авторлық жобасы жеке бренд ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда өнерді сүйетін тұтынушыларымыз сөмке, ашық хат, стикерпак сынды өнімдерімізді қолдануда. 79-шы маусымда брендтің өнімдері толығып, көрерменнің ұсынысы мен сұранысына сай өнімдер ұсынуға дайын.
Жаңашылдыққа жаны құмар театр ұжымы жаңа маусымда көрерменін жағымды жаңалықтармен қуантары сөзсіз. Кәсіби мамандардан құралған театрдың бағындырар белесі әлі алда. Жаңа маусымда театрды артистердің кәсіби шеберлігін қажет ететін ауқымды жобалар мен жаңа жоспарлар күтіп тұр. Театрды құрметтер көрермен барда, театр көрерменге қалтқысыз қызмет етуден жалықпайды. Жаңа маусымдағы жағымды жаңалықтар мен жаңа бастамалардың бізбен бірге куәсі болыңыз!
Театрдың баспасөз бөлімі