Мүсірепов театрында «Ұлпан» қойылымы сахналанбақ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын сахналамақ. Премьера шілде айының 28,30,31 жұлдызы күндері өтеді. Режиссері әрі сахналық нұсқасының авторы – Мәскеу қаласындағы Е.Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпеисова.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – 78 жылдық тарихы бар, Алматы қаласының мәдени hәм тарихи өнер ордасы. 1992 жылы қазақ әдебиетінің қарымды қаламгері Ғабит Мүсіреповтің есімін алған айтулы өнер ордасы драматургтің қаламынан туындаған талай шығарманы сахналады. «Ақан сері – Ақ­тоқ­ты», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесалары ұзақ уақыт жұртшылықтың ықыласына бөленіп, репертуардан лайықты орнын тапты. Бүгінгі күні сахналанар «Ұлпан» романы да театрда 1997 жылы Б.Омаров режиссурасымен жарық көрген болатын. Тарихи туындының сахналық нұсқа авторы  — Қ.Ысқақ болды. Қойылымның шығармашылық құрамында Қасым Жәкібаев, Раиса Мұхамедиярова, Айдос Бектемір, Жомарт Зейнәбіл, Меруерт Түсіпбаева сынды театрдың артистері болған. Араға 27 жыл салып, қайта театр сахнасына шыққалы отырған қойылым заманауи шешімдер мен жаңашыл көзқарасқа толы.

Ұлт әдебиетінің алтын қорына жататын классик жазушы, көркем сөздің майталманы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-бере­кесін қара басының бақытынан артық санаған өте ақылды, дана әйелдің тағдырын суреттейді. Шығарманың бас кейіпкері — Ұлпан, шын мәнінде өмірде болған тарихи тұлға. Қазақ халқының тыныс тіршілігін сипаттайтын жер дауы, жесір дауы, қыз айттыру, қалың мал беру, жарлы мен жақсының күресі тәрізді құбылыстар да көрініс табады.

Кезекті əрі ауқымды премьераның бас демеушісі —  DALEX development компаниясы болмақ. Қала маңындағы мекендерді дамыту мақсатында 10 жылдан астам уақыт тыңғылықты жұмыстар атқара білген компания ұжымы ендігі халықтың тек тұрмыстық жағдайының гүлденуін ғана емес, олардың рухани көркеюіне үлес қосуды мақсат тұтып отыр.

Кәсіби мамандардан жинақталған шығармашылық топтың мүшесі ретінде отандық дизайнер АИДА ҚАУМЕНОВА қосылып отыр. Әйгілі киім дизайнері жаңа туындының костюмдерін тігіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қоспақ. Қызу дайындық жұмыстары жүріп жатқан жаңа қойылымның алғашқы көрермендерінің бірі болуға асығыңыз, көрермен!