Наурыз «Астана Операмен» бірге

Наурыз мейрамына орай 21-22 наурызда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында ұлттық жауһар – Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы ұсынылады. Биыл музыка әлемі осынау біртуар композитордың туғанына 120 жыл толуын атап өтуде.

Еске сала кетейік, ол кәсіби қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі болған. Оның еңбегі Қазақ КСР халық әртісі, профессор, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты сынды атақтармен атап өтілген. Е.Брусиловский қазақ камералық музыкасының алғашқы үлгілері саналатын тамаша фортепианолық және скрипкалық топтамаларды жасаған.

Театрдағы Наурыздың ауқымды мерекеленуі оның «Қыз Жібек» операсының көрсетілімінен басталады. Ол алғаш рет 1934 жылы қойылып, кәсіби қазақ опера өнерінің қалыптасуына жол ашқанын атап өтуіміз керек. 2017 «Астана Операда» ұсынылған сахналық нұсқасы түпнұсқаның рухы мен дәстүрін ұқыпты сақтап, оны заманауи көзқараспен байытты. Осы аттас халықтық поэманың негізі бойынша жасалған Ғабит Мүсіреповтің либреттосы жауласушы екі ру өкілдерінің қайғылы махаббат хикаясын баяндайды. Туындыда қазақ халқының дәстүрлері, рухани құндылықтары мен көшпелі мәдениеттің өзіндік салты көрініс тапқан. Сахнада керуен пайда болатын сәттің өзіне не жетсін!

Екі күнде де орындаушылардың түрлі құрамының жұмысына баға беруге болады. Жібектің партиясын орындауға Назым Сағынтай, Мәдина Исламова дайындалуда. Төлегенді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Артур Ғабдиев таныстырады. Бекежан – Талғат Ғалеев, Расул Жармағамбетов, Шеге – Бейімбет Таңарықов, Талғат Аллабиринов, Базарбай – Болат Есімханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Қамқа – Гүлжанат Сапақова, Қарлығаш – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, Әсем Сембина, Батсайы – Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Дүрия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Айгерім Аманжолова.

Қоюшы дирижер Қазақстанның халық әртісі маэстро Абзал Мұхитдин екенін еске саламыз, ол екі күні де спектакльге дирижерлік етеді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Михаил Панджавидзе, сценографтар және костюмдер бойынша суретшілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов.

Наурызды мерекелеу келесі күні де жалғасады. 23 наурызда «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Наурыз-көктем» жарқын концерті өтеді.

Оның бағдарламасында көрермендерді «Астана Опера» театры дарынды әртістерінің, атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Жұпар ⁠Ғабдуллина, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат ⁠Бақтай, Артур ⁠Ғабдиев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Шыңғыс ⁠Расылхан, Ержан ⁠Саипов, Дінмұхамед Көшкінбаевтың өнер көрсетулері күтеді. Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова мен Ирина Кургузкина орындайды.

Әртістер халық әндерін, отандық композиторлардың ариялары мен дуэттерін, сондай-ақ қонақжай қазақ даласында бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан этностардың музыкалық дәстүрлерін көрсететін туындыларды да шырқайды.

— Наурыз – көктем мейрамы, табиғаттың жаңаратын кезі. Бұл – жасымызға, кәсібімізге немесе шығу тегімізге қарамастан бәрімізді біріктіретін бейбітшілік пен келісімнің, бірліктің терең символы. Мен үшін Наурыз – шабыт еселене түсетін мезгіл. Бұл кезде табиғат ұйқысынан оянып, онымен бірге шығармашылықпен айналысуға тың идея әрі  жаңа күш пайда болады. Наурызды елімізде, театрымызда мерекелеу дәстүрлерді, отбасы құндылықтарын, достық пен өзара түсіністікті сақтаудың маңыздылығын көрсететініне сенімдімін. Наурыз әр шаңыраққа қуаныш, жылулық пен молшылық алып келсін, — деп құттықтауын жеткізді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Операның» жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина.

Telegram-канал: Наурыз «Астана Операмен» бірге