Наурызнаманың маңызын жастар санасына сіңіру қажет

Наурыз – көктем мен жаңарудың, бірлік пен берекенің символы саналатын ежелгі мереке. Қазақ халқы үшін бұл тек күн мен түннің теңесуі ғана емес, рухани жаңғырудың, мейірімділік пен татулықтың мерекесі. Соңғы жылдары мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өту дәстүрі қалыптасып, оның аясында “Наурызнама” деп аталатын 10 күндік мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, халықтың бірлігін нығайтуға бағытталған. Осы жайтты ескере отыра, Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы атаулы мерекені атап өтті. Әріптестермен ізгі ниет білдіріп, амандасып, қыстан аман-есен шыққанымызбен бір-бірімізді құттықтадық.Кафедрамыздың білім алушы жастарына Наурызнаманы барынша түсіндіруге тырыстық. Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші. Олар ұлттық құндылықтарды бойына сіңірсе, елдің болашағы жарқын болмақ. Наурызнаманың мәнін жастарға түсіндіру бірнеше бағыт маңызды:
1.​Тарихи сананы жаңғырту – жастардың ата-баба дәстүріне деген қызығушылығын арттыру.
2.​Рухани бірлікті нығайту – ұлт ретінде бірігудің, татулық пен достықтың маңызын түсіндіру.
3.​Ұлттық мәдениетті дәріптеу – қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жаңғырту.
4.​Экологиялық тәрбиені қалыптастыру – табиғатты қорғау, экологиялық сенбіліктер ұйымдастыру. Кафедрада Наурыз туралы арнайы дәрістер, ашық сабақтар өткізу арқылы білім алушыларға бұл мейрамға деген қызығушылығын ояттық деп айтуға толық негіз бар. Наурызнаманы жастар санасына сіңіру – ұлттық мәдениетті сақтаудың, ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды жолы. Бұл үшін дәстүр мен заманауи технологияларды біріктіріп, жастардың қызығушылығын оятатын жаңа форматтар енгізу қажет деп есептеймін. Егер жас ұрпақ Наурыздың тек мереке ғана емес, ұлттық жаңғыру мен рухани бірігудің символы екенін терең түсінсе, онда бұл мейрамның мәңгілік болары сөзсіз.Наурыз – қазақ халқының мәдени мұрасы мен ұлттық бірегейлігінің маңызды бөлігі. “Наурызнама” мерекелік бағдарламасы Наурызды тек бір күндік емес, он күнге созылған рухани, мәдени және әлеуметтік жаңғыру кезеңіне айналдырды. Бұл бастама халқымыздың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға үлкен бастама деп санаймын.

Мухамадиева Г.Н.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық
іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,з.ғ.к

Абдикахадыр А.М.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің студенті