Назарбаев Университетінің жаңа кампусы Алматыда ашылды

2023 жылдың 5 маусымында Алматы қаласында  Назарбаев Университетінің (NU) жаңа өкілдігінің ашылу салтанаты өтті. Кеңейтудің негізгі мақсаты – университеттің академиялық мүмкіндіктерін арттыру, атап айтқанда, тренингтер өткізу, жетекшілерге арналған жаңа оқу бағдарламаларын енгізу.

Назарбаев Университеті үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету үшін Алматы мен оңтүстік өңірлердің тұрғындарына NU Жоғары бизнес мектебінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын,  әртүрлі мамандық оқытушыларынан тренингтер мен шеберлік сабақтарын ұсынады.

Назарбаев Университетінің Алматыдағы кеңсесінде академиялық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында ауқымды жоспарлары бар. Университет MBA және EMBA курстарына ұқсас қысқа мерзімді біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұсынады. Тренингтер қазақ және орыс тілдеріне ілеспе аудармамен ағылшын тілінде жүргізіледі. Мұндай бағдарламалардың бірегейлігі — олардың NU Жоғары бизнес мектебінің стратегиялық серіктесі, АҚШ-тың жетекші Дьюк университетінің Фукуа бизнес мектебімен бірлесіп жүзеге асырылуында.

Алматылықтарға арналған алғашқы пилоттық тренинг мамыр айында «Іскерлік келіссөздер өнері» тақырыбында өтіп, банк және қаржы секторының өкілдерін қамтыды.

 

Сонымен қатар, алдағы 5 жылда Назарбаев Университеті Алматыда жасанды интеллект орталығы мен жаңа технопаркті іске қосуды жоспарлап отыр.

Назарбаев Университетінің Алматыдағы өкілдігі 2010 жылдан бері жұмыс істейді, ол  талапкерлер мен ізденушілер үшін қажетті ақпаратты қамтамасыз етумен айналысып келді. 2019 жылдың жазынан бастап Назарбаев Университетінің NUTTellA-TAO аса қуатты телескопы Алматы облысында орналасқан Ассы-Түрген обсерваториясында сәтті орнатылды. Назарбаев университетінің энергетикалық ғарыш зертханасының ғалымдары телескоптың көмегімен ғарыштық гамма-сәулелердің жарылыстарын зерттейді. Құрылғының жылдамдығы ғаламдағы ең үлкен ғарыштық жарылыстардың оптикалық сәулелену спектрін өлшеуге мүмкіндік береді. Телескопты Нобель сыйлығының лауреаты, физик, профессор Джордж Смут және Энергетикалық ғарыш зертханасының Эксперименттік тобының жетекшісі, профессор Брюс Гроссан басқаратын әзірлеушілер тобы құрастырған.