NU-да мектеп және колледж директорларына арналған курстар басталды

Қазіргі заманғы білім беру көшбасшысына қандай құзыреттер қажет, озық технологияларды, жасанды интеллектті және стратегиялық өзгерістерді басқаруды білім беруге қалай енгізуге болады —  бұл сұрақтарға «Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект іс-әрекетте» атты кәсіби даму бағдарламасының сарапшылары жауап береді.

NU Жоғары білім мектебі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп әзірлеген бағдарлама 8 айға созылады және интерактивті дәрістер, пікірталас, жобалық жұмыс және кейс-стадилерді қамтиды.

Оқыту Қызылорданың Қорқыт Ата университеті және Павлодардың Маргұлан университетімен бірлесіп өткізіледі. Негізгі сессияларды Сеул ұлттық университетінің сарапшылары жүргізеді. Жаңа бағдарламаға Өңірлік білім беру жүйесінің басшыларының басқарушылық және көшбасшылық дағдыларын дамытуға бағытталған және оған облыстық, қалалық және аудандық білім басқармаларының басшылары, мектеп және колледж директорлары қатарынан 90 тәжірибелі маман қатысады.

«Білім беру бүгінде дербестендірілген, цифрлық және интеграцияланған болып келеді. Егер бұрын оқу процесі барлығына бірдей болса, қазір ол оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімделеді. Цифрландыру классикалық мектептің шекарасын кеңейтуде, қазір технология, ЖИ және онлайн платформалар оқытуды интерактивті және қолжетімді етеді. Сондай-ақ, менеджерлер үшін ЖИ пайдалану тренд емес, жаңа шындық. Біздің жоғары білім беру жүйемізде «Collaborate with AI or perish» — «ЖИ-мен бірге жұмыс істе немесе жойыл» деген жаңа өрнек пайда болды», -деді NU вице провосты, Жоғары білім мектебінің деканы Аида Сағынтаева және ЖИ-ден алынған ақпаратты екі рет тексеріп, талдау қажеттігін еске салды.

Бұл 10 модульдерден тұратын бағдарлама білім беру, технология және менеджмент саласындағы жетекші сарапшыларды біріктіріп, қатысушыларға көшбасшылық дағдыларын жетілдіру, басқарудың инновациялық құралдарын меңгеру және кәсіби қауымдастықтың бір бөлігі болу үшін ерекше мүмкіндік ұсынады.

«Біздің басты мақсатымыз – қатысушыларды көшбасшылықтың жаңа концепцияларымен таныстыру, әсіресе бүкіл әлемде күрт өзгерістер әкелген жасанды интеллект дәуірінде. ЖИ оқу бағдарламасына, оқытуға және мектепті басқаруға кіріктірілмей ешбір білім беру жүйесі дами алмайды. Сондықтан, біз ұстанатын негізгі тұжырымдама: көшбасшылық қызмет емес, ол тәжірибе», — деді Жоғары білім мектебінің қауымдастырылған профессоры Мир Афзал.

Бұл бағдарлама Academic Leadership Institute: Executive Academic Leadership Programme және Deans’ School сияқты табысты бастамаларының жалғасы болып табылады. Осы бағдарламалар аясында 80 ректор мен 80 декан оқытылды.  Жалпы алғанда, NU Жоғары білім мектебі құрылғаннан бері 27 мыңнан астам білім беру қызметкерлері кәсіби дайындықтан өтті.