Нұрбек Енсебаев: «Біздің мақсат — мүгедектігі бар адамдарға толыққанды еркіндік беру»

Қазақстандық жас ғалым, «Болашақ» бағдарламасының түлегі және «Sezual» ҒЗИ тең құрылтайшысы Нұрбек Әділбекұлы Енсебаев инклюзивті мобильділік саласында революциялық жоба — «Auto Sezual» технологиясын әзірледі. Бұл жүйе мүгедектігі бар адамдарға көлікті қауіпсіз әрі толыққанды басқаруға мүмкіндік беретін отандық инновация ғана емес, еліміздегі инклюзияны нақты іске асыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама.
ООН-ның WSA премиясына ие болған жоба бүгінде өндіріс, көліктік қызметтер және білім беру салаларымен интеграцияланып, Қазақстанды аймақтық инклюзивті технологиялар орталығына айналдыруға қадам жасап отыр.
«Auto Sezual» идеясы қалай пайда болды және оны жасауға не шабыт берді?
Бұл идея Қазақстандағы өте өзекті мәселеден туындады. Мүгедектігі бар адамдар автокөлік жүргізгісі келсе, көбіне ескі, немесе ең қауіптісі – қолдан жасалған, сенімсіз қолмен басқару құрылғыларын қолдануға мәжбүр. Бізді шынымен шабыттандырған оқиға – арбада 20 жыл отырғанына қарамастан, қауіпсіз түрде рульге отырудың жолын іздеген Сабина Абдрахметтің тарихы. Адамдар жай ғана көлік жүргізу мүмкіндігі үшін өз өмірін қатерге тігетінін көргенде, бұл – адам қауіпсіздігі туралы мәселе екенін түсіндік. Сол себепті біз кез келген арбадағы адамға көлікті өз бетімен, ыңғайлы және ең бастысы қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретін заманауи, сенімді жүйе жасауды мақсат тұттық. Бұл – олардың еркіндігі мен тәуелсіздігіне қосқан біздің үлесіміз.
Жүйеңіздің шетелдік қолмен басқару құрылғыларына қарағанда басты артықшылығы неде?
«Auto Sezual» — бұл газ бен тежегішті педальдардан бір рычагқа ауыстыратын механикалық құрылғы. Жүйе қарапайым әрі интуитивті «Push/Pull» қағидасы бойынша жұмыс істейді: тежегіш үшін – рычагты алға итересіз, газ үшін – өзіңізге тартасыз. Бұл классикалық, уақытпен тексерілген тәсіл, бірақ біз оған маңызды жаңалық қостық.
Carospeed немесе Kivi секілді көптеген шетелдік жүйелер руль астына орнатылады, ал біздің құрылғы орталық тоннель аймағына орналастырылады. Мұндай шешім аяққа арналған кеңістіктің тарлығын болдырмайды және қолдың табиғи қозғалыс амплитудасына сәйкес күшті правильді бағытта қолдануға мүмкіндік береді. Бұл ұзақ уақыт жүргізгенде шаршауды азайту және қауіпсіздікті арттыру үшін аса маңызды.
Демек, біздің артықшылығымыз – бұл жай ғана техника емес, инклюзивті дизайн. Яғни технология адамның тәуелсіз, қауіпсіз және барынша жайлы мобильдігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Құрылғы қалай орнатылады және оны әртүрлі автомобиль модельдеріне бейімдеуге бола ма?
Қазіргі таңда «Auto Sezual» біздің арнайы орталығымызда техникалық қайта жабдықтау ретінде орнатылады. Алайда басты мақсатымыз — жүйені стандарттау және жаппай қолжетімділікке шығару. Біз автозауыттармен құрылғыны тікелей конвейерде орнату туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл жүйені неғұрлым сенімді, түрлі модельдерге үйлесімді және халыққа қолжетімді етеді.
Әрбір адамның физикалық ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, біздің технология жеке жүргізушінің қажеттілігіне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.

Бұл жобаның шынайы инклюзияға үлес қосуы сіз үшін қаншалықты маңызды?
Бұл біз үшін өте маңызды, себебі «Auto Sezual» — жай ғана жоба емес, бұл әлеуметтік миссия. Біз құрылғы енгізуді ғана емес, адамдардың өмірін және қоғамның мүгедектікке деген көзқарасын өзгертуді мақсат етеміз. Практикалық инклюзия – бұл қозғалыс еркіндігі, адами қадір-қасиеттің қалпына келуі және өз бетінше өмір сүру мүмкіндігі.
Бұл – жұмыс істеу, оқу, саяхаттау, қоғам өміріне толыққанды қатысу. Біздің «Sezual Инклюзивті Қаласы» бастамасының ООН-ның WSA премиясын алуы – әлемдік қауымдастық біздің еңбектің нақты, практикалық үлес екенін мойындағанының дәлелі. Біз инклюзия туралы жай айтпаймыз — біз оны жасаймыз.
Мүгедектігі бар жүргізушілерді іріктеу және оқыту қалай өтеді? Оқыту мен сертификаттауды кім жүргізеді?
Біз оқыту процесін барынша қолжетімді әрі ыңғайлы етуге күш салып жатырмыз. Негізгі жоспарымыз – «Auto Sezual» технологиясын бүкіл Қазақстандағы жүргізуші мектептеріне енгізу. Олар оқу бағдарламаларын біздің жүйенің ерекшеліктеріне бейімдеп, Sezual технологиясымен жабдықталған оқу көліктерін ұсына алуы үшін келіссөздер жүргізілуде.
Оқыту мен сертификаттау автошкола мен біздің команданың бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асады: автошкола ресми оқу базасын және нұсқаушыларды береді, ал біз технологияны дұрыс әрі қауіпсіз қолдануды қамтамасыз етеміз. Бұл жүргізушілердің тек куәлік алып қана қоймай, рульде сенімді болуына жағдай жасайды.

Мемлекеттен, қоғамдық ұйымдардан немесе жеке сектордан қолдау бар ма?
Иә, біз «Адаптация автотранспорта для людей с ограниченными возможностями» атты жобаны коммерцияландыру бағдарламасы бойынша «Ғылым қоры» АҚ грантын жеңіп алдық. Бұл тек қаржылай көмек емес, мемлекет деңгейінде біздің технологияның маңызды ғылыми және әлеуметтік жоба екенін мойындау.
Сонымен қатар біз Ақтаудағы отандық тасымалдау сервисі Elim Taxi-мен серіктестік бастадық. Жақын уақытта олардың автопаркіне технологиямызды жаппай енгізуге дайындалып жатырмыз. Бұл тек тасымал қызметі емес — бұл тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға жаңа жұмыс орындарын құру. Яғни бұл — әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес пен отандық инновацияның тиімді синергиясы.
Ақтаудан кейін жобаны Қазақстанның басқа қалаларына кеңейту жоспарларыңыз бар ма?
Әрине. Қазақстанның барлық өңірінде, ірі қалалардан бастап шалғай ауылдарға дейін көлік қолжетімділігін арттыру үшін үлкен мүмкіндік бар деп санаймыз. Халықаралық деңгейде танылған отандық стартап ретінде біз жобаны кеңейту арқылы максималды әлеуметтік әсерге қол жеткізуді маңызды міндет деп білеміз. «Auto Sezual» технологиясының кеңеюі – елдегі инклюзивті саясатты ілгерілетудің маңызды қадамы.
«Auto Sezual» технологиясының жақын мақсаттары мен болашақтағы даму бағыты қандай?
Біздің мақсатымыз – инклюзивті мобильділіктің толыққанды экожүйесін құру, онда «Auto Sezual» негізгі рөл атқарады. Жақын мақсаттарымызға әлеуметтік жұмыспен қамту кіреді — Elim Taxi жобасын басқа қалаларға кеңейту, мүгедектігі бар адамдардың такси жүргізушісі немесе курьер ретінде өз бетінше табыс табуына мүмкіндік беру.
Сондай-ақ технологияны автошколаларға енгізу және ең маңызды бағыт — автозауыттарда конвейерлік орнату мүмкіндігін іске асыру үшін өндірістік интеграцияға қол жеткізу. Бұл — қолжетімділік пен стандарттауға жол ашады.
Қазақстан инклюзивті мобильділік саласында аймақтық инновациялық орталыққа айнала ала ма?
Біз Қазақстанның бұл салада аймақтық көшбасшы бола алатынына сенімдіміз. «Auto Sezual» — еліміздің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті, әлеуметтік маңызы зор технология жасай алатынын көрсететін нақты дәлел.
ООН WSA премиясының берілуі — осы әлеуеттің мойындалуы.
Сонымен бірге «Auto Sezual» мен Elim Taxi арасындағы ынтымақтастық ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл серіктестік мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа жұмыс орындарын аша отырып, отандық инновацияның нақты бизнеске тез интеграцияланып, үлкен әлеуметтік әсер бере алатынын дәлелдейді.
Бұл — еліміздің барша азаматтарына қолжетімді, әділетті және технологиялық тұрғыдан дамыған орта құруға бағытталған синергия. Біз әлеуметтік жауапкершілік пен технология қатар жүретін болашақты қалыптастырып жатырмыз.


