Офицерлердің жаңа буынын дайындау: Ұлттық ұланда халықаралық конференция өтті

Ұлттық ұлан академиясында “Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында әскери білім беруді дамыту” тақырыбында VII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Академия бастығы полковник Артур Тоқышев құттықтау сөзінде:
— Қазіргі заманғы қиындықтар офицерлерден жоғары жауынгерлік шеберлікті ғана емес, сонымен қатар құқықтық сауаттылықты, көшбасшылық қасиеттерді және стратегиялық ойлауды талап етеді, – деді.
Конференцияға жетекші ғалымдар, әскери оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, күш құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ докторанттар, аспиранттар мен магистранттар қатысты. Бейне байланыс режиміндегі талқылауға Ресей, Түркия және Өзбекстан сарапшылары қосылды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов:
— Біздің міндетіміз — бөлімшелерді тиімді басқаруға және күрделі жағдайларда жедел жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті офицерлердің жаңа буынын дайындау. Бүгінгі таңда әскери білім тек тактика мен стратегияны оқыту ғана емес, сонымен қатар офицерді жан-жақты дамыға тұлға ретінде қалыптастыру болып табылады.
Сонымен қатар, офицерлердің құқықтық мәдениетіне, әскери кадрларды даярлау бағдарламаларын жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция қорытындысы бойынша әскери білім беру жүйесін жаңғырту, озық әдістемелерді енгізу және елдің қорғаныс қабілетін нығайту жөнінде бірқатар ұсынымдар әзірленді.
Айта кету керек, Ұлттық ұлан академиясы болашақ командирлерді даярлаудың жоғары стандартын белгілеуді жалғастыруда!
ҚР ІІМ ҰҰ Баспасөз қызметі