Олжас Тарлановтың керемет жеңісі

Өнер саласындағы жоғары жетістіктері мен еліміздің мәдени өміріне қосқан елеулі үлесі үшін танымал қазақстандық әртіс, «Астана Опера» балетінің жетекші солисі Олжас Тарланов байқау комиссиясының шешімімен Нұрсұлтан Назарбаев қоры республикалық сыйлығының лауреаты атанып, беделді марапатқа ие болды.

17 қазан Астана қаласында өткен қор сыйлығы лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімінде жарқын балет әртісі қор сыйлығының лауреаты атағына, диплом мен төсбелгіге ие болды.

– Әрбір әртіс үшін шығармашылығымыздың босқа өтіп жатпағанын, сахналық жолымыз спектакльдерімізді қарауға келетін көрермендерге шынымен ықпалын тигізетінін түсіну маңызды деп ойлаймын. Адамдардың рухани байып, шабыт алатынына, дамитынына сенгім келеді. Барлық мәдениет пен өнер қайраткерінің міндеті ең бірінші кезекте осы екеніне сенімдімін. Жалпы, еңбегінің еленуі кез келген әртіс үшін әрдайым бақыт, себебі біз өз кәсібімізбен ғана өмір сүріп, сахнада өзіміз үшін ғана өнер көрсетпейміз, әлбетте біз мұны сүйікті көрермендеріміз үшін жасаймыз және біз үшін көрермендер аудиториясымен, халықпен тілдесудегі нәтиже өте маңызды, – деп әңгімеледі Олжас Тарланов.

Жетекші солист үшін марапат күтпеген жайт болды және ең ізгі әрі жағымды эмоцияларды туғызды.

– Кез келген елде мәдениет қызметкерлерінің ғана емес, басқа да түрлі бағытта еңбек етіп жүрген жандардың жетістіктерін атап өтетін осындай ұйымдар болуы қажет деп есептеймін. Істеген жұмысыңның бағаланатынын білу кез келген саланың маманы үшін әрі қарай дамуға қуатты серпін береді. Алдағы жылдары әріптестерім де жоғары марапаттарға ие болады, жаңа есімдер ашылады деген сенімдемін, олардың еңбегі лайықты мадақтауға тұрарлық. Осы сәтті пайдалана отырып, көрсеткен қолдауы үшін сыйлық ұйымдастырушыларына, театр директоры Александр Совостьяновке, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Абдуахимқызы Асылмұратоваға және әлбетте, қымбатты көрермендерімізге алғысымды білдіремін, – деп қорытындылады әртіс.

Халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарлановтың балет өнері саласында тәжірибесі мол екенін атап өтуіміз керек. А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Мюнхендегі HBS (Хайнц Босль қоры) балет академиясында біліктілігін арттыру үшін Германияға шақыру алған. Оқуын тамамдағаннан кейін Олжас Тарланов Германияда өзінің кәсіби мансабын бастап, Бавария мемлекеттік балетінің құрамында біртуар заманауи хореографтар Джон Ноймайер, Джон Крэнко, Уильям Форсайт, Фредерик Аштон және тағы басқаларының танымал қойылымдарында әлемнің түрлі сахнасында жеті жыл өнер көрсетті. Қазір жетекші солист алған білімін өз отаны Қазақстанда белсенді пайдалануда. Ол «Астана Опера» сахнасында жарқын өнер көрсетумен қатар, ұстаз ретінде өз білімімен Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясында балет әртістерінің келешек буынымен аянбай бөлісуде.

Елордалық өнер сүйер қауымға Олжас Тарланов сахналық бейнелердің бірқатар шебер интерпретацияларымен белгілі. Оның ауқымды репертуарында классикалық және заманауи балеттердің кейіпкерлері бар. «Астана Операның» гастрольдік турлары аясында Қазақстан қалаларында, сондай-ақ Италия, Испания, Словения, Литва, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктерінің алаңдарында өнер көрсетті, ал халықаралық мәдени бағдарламалардың құрамында Беларусь, Тәжікстан мен басқа да елдердің сахналарына шықты.