Өмір мен табиғат биі: кореялық труппа Астанада өнер көрсетті

Кореяның заманауи би ұлттық компаниясы Астанада гастроль аясында табысты өнер көрсетті. Ұжым 10 тамызда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында «Джунгли» хореографиялық туындысын таныстырды. Гастрольге Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығы қолдау көрсетті. Бұл бірегей спектакль көрермендерді  жабайы табиғаттың өмірлік күшін бейнелейтін жарқын әрі түйсікті қозғалыстарымен таңғалдырды.

«Джунгли» қойылымы Заманауи би ұлттық  компаниясының көркемдік жетекшісі Ким Сонëн құрастырған ерекше қимылдардың зерттеуіне негізделген. Нәтижесінде көрермендер сахнада жаратылыс пен бұзылыс, тұйықтық пен ашықтық,  әрекетсіздік пен қозғалыс, босаңсу мен ынта қатар жүретін хореографиялық еңбекті тамашалады. Осының барлығы біздің күнделікті өмірімізге ұқсатып жаңадан жасалған джунглидің атмосферасын жеткізді.

Қойылым баяу әрі жұмбақ басталды, содан кейін біртіндеп жылдамдық пен қозғалыс ауқымын арттырып,  сан алуан би композицияларына өтіп отырды. Джунглиге ұқсатып безендірілген сахна өзінің әсемдігімен таңғалдырды: алып ағаштардың арасынан  шуақ шашылып, әртістердің денелері күннің өткір сәулелерінің астында қозғалып, оларды  болмашы тұман басты. Бір-бірімен жарысып, өз денелерінің ерекше қабілеттерін көрсеткен бишілердің қайталанбас қимылдары жұртшылықтың ерекше назарын аударды. Бұл жай ғана акробатикалық қимылдар емес, олар біздің өміріміздің салмағы мен тереңдігі жайлы ойландыратын нағыз өнер туындылары болды.  Кан Сонрён, Кан Сынхён, Ким Мина, Ким Юнми, Ким Юнхён, Сон Минджун, Ян Джиёон, Ю Даджон, Ли Гёнъёп, Ли Джису, Чон Джэву, Чон Джурён, Чо Хёндо, Чон Ёндон, Чхве Ёнжин, Ха Джихе, Хон Джихён жоғары шеберлік деңгейін паш етті.

Хореограф Ким Сонëн 17 әртістің әрбіреуінің жеке ерекшеліктерін ашуға зейін қойған екен. Олардың жарыса жасаған қозғалыстары аяқты кім жоғары көтереді дегенді білдірмейді, бұл тек өздері ғана орындай алатын байланыстырушы қимылдардың «сиректігі» үшін бәсекелесу болды. Бишілер жерге жатып, одан кенет атып тұрып, көзден ғайып болды. Құдды бір жәндіктер тәрізді бүктетіліп, мүмкін еместей көрінетін дене қалыптарымен тепе-теңдікті паш етті.  Бұл қимылдар беймәлім тірі ағзалардың фестиваліне айналып отырды. Бірлескен қимылдардың ортақ күшін көрсететін би қойылымның шарықтау шегі болды.

Қойылымдық топқа өз ісінің нағыз мамандары кірді: композитор  әрі музыкалық  директор Марихико Хара, тәлімгер ұстаз Ли Джунук. Мәтін мен драматургияны Ким Мёндж дайындады. Сценография – Youjam Studio-дан Ю Джэхун, сахналық дизайн – Youjam Studio-дан Чо Хэрин, жарық бойынша суретші – Ли Чжонюн, костюмдер дизайнері – Бэ Гёнсуль, дыбыс режиссері – Чон Сэром, сахна өндірісі менеджері – Чо Юнгын.

Корея заманауи би ұлттық компаниясының өнер көрсетуі Астанадағы көрермендерге шынымен де зор әсер етті. Елордалық көпшілік өнер мен табиғаттың қалай біртұтас болатынына куә болды.