Өнерде де, өмірде де бірге

15 сәуірде елімізде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – Ұлттық ғашықтар күні атап өтіледі. 2011 жылы пайда болған бұл мереке махаббат пен адалдықты дәріптейді. Осынау айтулы күні біз «Астана Опера» солистерімен әңгімелесіп, олардың отбасылық хикаялары қалай басталғанын сұрап білдік.

Солист Айбар Тоқтар мен әртіс Гүлназ Жанаева – театрдың балет труппасындағы жас жұптардың бірі, олардың отбасына биыл екі жыл толады.

– Балет әлемі өте тығыз болғандықтан, бұл өнермен айналысатын адамдар бірін-бірі жеке білмесе де, әйтеуір міндетті түрде сырттай таниды. Мен де солардың қатарындамын, жұбайым Гүлназды А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде оқып жүрген кезінде бірнеше рет көргенмін, ол менен бес сыныпқа төмен оқыды. Ал кейін білімін Қазақ ұлттық хореография академиясында жалғастырды. Негізінде, біздің таныстығымыздың нақты бір сәтін бөліп көрсету қиын, себебі біз бір училищеде білім алдық, сол бір шақты еске салатын қызықты фотомыз да бар, – дейді Айбар Тоқтар.

Әртістер жұп ретінде жақынырақ араласуды «Астана Опера» театрында бастаған. «Ғашығыңызды көп іздедіңіз бе?» деген сауалға Айбар: – Адам кейде ұзақ іздейді, кейде күтеді. Бірақ шын мәнінде, тағдыр жазған кездесу өз уақытында келеді екен. Мен үшін сол уақыт – Гүлназбен табысқан сәт болды, – деп жауап берді.

– Бізді қосқан өнер жолы. Ортақ мақсат пен театрдағы шығармашылық орта бізді одан сайын жақындастыра түсті. «Астана Опера» театрында қызмет ете бастағаннан кейін  жұмыс барысындағы қарапайым әңгімелер бірте-бірте терең мағыналы сұхбаттарға ұласты. Ал 2023 жыл – өміріміздегі шешуші кезең болды десем, артық айтпаған болар едім. Дәл сол жылы біз бір-бірімізді шын мәнінде танып, түсінісе бастадық. Гүлназдың инабаттылығы, тәрбиесі, сабырлы мінезі мен ішкі мәдениеті мені ерекше тәнті етті. Сол кезде жүрегімде «осы жанмен өмірімді байланыстырамын» деген нық шешім пайда болды, – деп пікірімен бөлісті А.Тоқтар.

Жас жұбайлардың айтуынша, олар бір салада еңбек еткеннен кейін қарым-қатынастары отбасының аясында ғана шектелмейді, ол шығармашылық үндестікке ұласады. Сахнаға шығу және спектакльге дайындалу барысында олар үнемі бір-біріне сүйеніш болып, өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Екеуі де «Астана Опера» репертуарындағы барлық балеттік спектакльде өнер көрсетеді. Осы уақытқа дейін тәжірибелі солист Айбар Тоқтар М.Жаррдың музыкасына Р.Петидің қойылымындағы «Париж Құдай анасының соборы» балетінде Фроллоның, А.Аданның «Корсар» балетінде құл сатушы Исаак Ланкедемнің, Л.Минкустың «Баядеркасындағы» Алтын пұттың бейнелерін сәтті жүзеге асырды, сондай-ақ П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінде па-де-труаны, Сайқымазақтың рөлі мен басқа да партияларды орындады. Ал жарқын әртіс Гүлназ Жанаева Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінде Дриада әміршісінің бейнесін және М.Фокиннің «Шопениана» балетінен Прелюдті таныстырды. Сонымен қатар балеринаның қызметтік тізімінде «Аққу көліндегі» Мазурка, Вальс, Қалыңдықтар вариациясы, Испан биі, Ақ адажио мен тағы басқа нөмірлер бар.

– Біз үшін өнер мен өмір бір-бірінен алшақ емес, керісінше өзара сабақтасып жатқан тұтас әлем іспетті. Бұл – біздің кәсіби ғана емес, рухани жақындығымызды да арттыра түсетін ерекше байланыс. Гүлназ сахнаға шыққанда өзім билеген сәттен де қатты қобалжитынымды жасыра алмаймын. Өйткені оның әр қадамы, әр қозғалысы мен үшін маңызды. Менің көз алдымда жұбайым – талғам мен талпыныстың, еңбек пен ізденістің айқын көрінісі, – деп атап өтті Айбар.

Жақында ерлі-зайыптылардың өмірінде қуанышты жағдай орын алды, олардың Айя есімді қызы дүниеге келді. – Қазіргі таңда Гүлназ бала күтіміне байланысты демалыста. Оның күнделікті міндеттері басқа арнаға ауысқанымен, бұл кезең де өзінше бір үлкен жауапкершілік пен махаббатқа толы. Бұдан бөлек, ол Қазақ ұлттық хореография академиясында білімін тереңдетіп, бакалавр дәрежесінің соңғы курсында оқып жүр. Мен оған өз тарапымнан барынша қолдау көрсетуге тырысамын. Себебі отбасы дегеніміз – бірге қуану ғана емес, бір-біріне тірек бола білу, – деп түйіндеді Айбар Тоқтар.

Өнерде де, өмірде де бірге қол ұстасып келе жатқан тағы бір жұп – опера труппасының солистері Сұлтан Бақытжан мен Лейла Аламанова. Өз сөзінде Сұлтан ата-анасы және өзі де опера әншісі болғаннан кейін болашақ жарының да осы саладан болуын қалағанын жасырмады.

– Бірге жұмыс істеудің көп артықшылығы бар екеніне жұбайым екеуіміздің күн сайын көзіміз жетеді. Біздің ойымыз да, қызығушылығымыз да, алға қойған мақсатымыз да – бір, сөзіміз де әрдайым бір жерден шығады. Үйде де, жұмыста та бір-бірімізге қолдау көрсетіп, керек кезде кеңес бере аламыз, – деп әңгімеледі дарынды баритон.

Олар жұбайы екеуі Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің вокалдық өнер кафедрасында төрт жыл бірге оқыған. Сезімдері сонау студенттік шақтан бастау алған ғашықтар 2019 жылы университетті бітірісімен үйленуге шешім қабылдаған.

– Біздің отбасылық өміріміздің алғашқы жылы магистратурадағы оқудан басталды. Өйткені біз университетті бітіретін кезде мемлекеттік емтихан комиссиясына төрағалық етуге Италиядағы Джоаккино Россини атындағы мемлекеттік консерваториядан профессор Анна Ванди келген еді. Ол біздің дауысымызды тыңдап, консерваторияға оқуға шақырды. Өздеріңіз білетіндей, опера әншілері үшін Италияда білім алудың немесе тағылымдамадан өтудің маңызы өте зор, сондықтан Лейла екеуіміз мұндай керемет мүмкіндікті қалт жібергіміз келмеді. Сөйтіп, біз үйлену тойымызды өткізгеннен кейін Италияға бірге ұшып кеттік. Ол жаққа белгіленген мерзімнен екі аптаға ерте барғандықтан ұмытылмас бал айымызды теңіздің жағасында өткізуге уақыт таптық, – дейді ерлі-зайыпты.

Опера әншілері Италияда алғашқы кезде тілге және сол жақтағы өмір ырғағына бейімделуге байланысты бірқатар қиындыққа тап болғандарын жасырмады. Оның үстіне Сұлтан мен Лейла Пезародағы Джоаккино Россини атындағы консерваторияда білім алумен қатар, Озимо өнер академиясына да оқуға түскен. Осылайша, екеуіне аптасына бірнеше мәрте бір қаладан екінші қалаға қатынауға тура келген.

– Италияға жұбайым екеуіміз бірге барғаннан кейін біз қандай да бір қиындықтарды әлдеқайда оңай еңсеріп отырдық. Бірге тіл үйрендік, білім алумен қатар, жұмыс та істедік. Ол жақта басқа елдерден көптеген жаңа дос таптық. Біз үшін шетелдегі өміріміздің ең жарқын әрі қуанышты сәті – ұлымыздың дүние келуі болды, – деп атап өтті Сұлтан.

Келешекте олар ұлттық және шетелдік опералық спектакльдерде бірге өнер көрсетуді армандайды. Тамаша актерлік қабілетке ие дарынды баритон Сұлтан Бақытжанның шығармашылық қоржынында Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсындағы Фигароның, Г.Доницеттидің «Дон Паскуалесіндегі» дәрігер Малатестаның, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсындағы Газет сатушысы мен Милиция қызметкерінің, А.Вивальдидің «Қаһарлы Орландосындағы» Орландоның және тағы басқа спектакль кейіпкерлерінің жарқын бейнелері бар. Ал жас опера әншісі Лейла Аламанованы елордалық көрермендер Дж.Вердидің «Риголетто» операсындағы Джильданың, А.Вивальдидің «Қаһарлы Орландосындағы» Брадамантенің, Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсындағы Бөленің партиялары және тағы басқа рөлдері, керемет концерттік өнер көрсетулері арқылы жақсы таниды. Сондай-ақ өткен жылы оның сопрано дауысына Дж.Россинидің «Реймске саяхат немесе «Алтын лилия» қонақ үйі» спектакліндегі Мадам Кортезе партиясында италиялық көрермендер де тәнті болып, қошеметпен қол соққанын атап өтуіміз керек.

«Астана Опера» әртістерінің махаббат хикаяларынан бірін-бірі шын сүйген жандар әрдайым бір-біріне тірек болатынын және жаңа жетістіктерге жетуге ынталандыратынын түсіну қиын емес. Ғашықтардың арасындағы мұндай өзара сыйластық пен үндестікке толы қарым-қатынас – қашанда шынайы махаббаттың айқын үлгісі болып қала бермек.