Өнердің ұшар биігі: Арайлым Байырбекова және қуыршақ театры

Арайлым Досбатырқызы Байырбекова – қазақ қуыршақ театрының сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, өнерге шынайы ғашық актриса. 1988 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданы, Қарой ауылында дүниеге келген ол, 2005 жылы Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Қуыршақ театры артисі» мамандығына оқуға түсіп, 2009 жылы үздік дипломмен тәмамдады. Сол жылы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрына қабылданып, өнер жолындағы алғашқы қадамдарын басты.
Сахнадағы шеберлігімен ерекшеленген Арайлым Байырбекова Қуыршақ театрының репертуарында түрлі кейіпкерлерді сомдап, көрермендердің жүрегінен орын тапты. Өнердегі жетістіктері үшін Арайлым Байырбекова 2015 жылы Мемлекеттік қуыршақ театрының 80 жылдық мерейтойында «Серпер» сыйлығының иегері атанды. 2019 жылы «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясының иегері болды. Сол жылы «Алтын кітап» республикалық энциклопедиясына еніп, Мәдениет саласына қосқан үлесі мен кәсіби жетістіктері үшін Құрмет грамотасы және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Арайлым Байырбекова – қуыршақ театрының сахнасында өз ісіне адал, ізденімпаз, жоғары талпынысымен танылған жас актриса. Оның әрбір рөлі – қуыршақтың жанын түсініп, оған өмір сыйлау арқылы көрерменнің жүрегіне жол табатын ерекше өнер туындысы. Арайлымның сахнадағы шеберлігі мен тереңдігі, оның қуыршақ театрына деген адалдығы мен махаббаты арқылы көрініс табады. Ол үшін қуыршақ – тек ойыншық емес, өмірдің мәнін, адамның ішкі әлемін бейнелейтін құрал.
– Арайлым ханым, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін, бет-жүз көріскеніңіз үшін үлкен алғыс! Сахнада түрлі қуыршақ кейіпкерлерін сомдай отырып, өзіңізге ең жақын әрі ерекше әсер еткен кейіпкеріңіз қандай болды?
– Мен үшін сахнадағы кейіпкерлердің әрқайсысы бір-бір әлем, бір-бір мінез. Дегенмен жүрегіме ерекше жақын, әр ойнаған сайын маған қуат беретін кейіпкер – бұл Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» пьесасындағы Күтуші бейнесі. Бұл кейіпкерді алғаш алып шыққан кезде-ақ ерекше бір жақындықты сезіндім. Ол – шынайы, жанашыр, кейде аңқау, кейде данышпан, кейде комедияның, кейде трагедияның кілтін ашатын тұлға. Осы рөл арқылы мен өзімнің актрисалық болмысымды жаңадан таныдым десем артық айтпаймын. Себебі бұл кейіпкер маған сахнада еркін болуды, рөлмен бірге өмір сүре білуді үйретті. Оның бейнесі арқылы мен кейде өзімді танимын, өзімнің адамдық, әйелдік табиғатыма үңілемін. Сахнада Күтуші болсам, шынайы өмірде өзімді кейде сол кейіпкермен салыстырып отырамын. Оның әрбір сөзі, ым-ишарасы, күлкісінің астарындағы мұңы – бәрі мен үшін терең мағыналы. Бұл рөл маған шығармашылық еркіндік сыйлаған бейне деп айта аламын.
– Қуыршақ театрының актрисасы ретінде сахнадағы рөліңізден бөлек, күнделікті өмірде қандай хоббилеріңіз бар?
– Сахнада эмоцияны сыртқа шығарып, бар жанымды рөлге арнаймын. Ал сахнадан тыс өмірде жан дүниемнің тыныштығын іздеймін. Сол үшін ең жақсы көретін хоббиім – табиғатқа, әсіресе тауға шығу. Тау мен үшін жай ғана демалыс емес, ол – ой тазалығы, рухани тазару, шабыт көзі. Таудың тыныштығында мен өз ойларымды жинақтап, келесі шығармашылық кезеңіме дайындық жасаймын. Музыка да менің өмірімнің бір бөлшегі. Көңіл-күйіме байланысты түрлі жанрдағы әуендер тыңдаймын, классикалық музыка мен этно мотивтерге ерекше қызығамын. Сондай сәттерде жаңа рөлдер туралы қиялдаймын, ішкі ойымды бейнеге айналдырамын. Кейде тіпті музыка тыңдап отырып, көз алдыма қуыршақ бейнесі, сахналық қойылымның үзінділері елестейді. Осындай тыныштықта туған идеялар кейде шынайы жобаларға айналып жатады. Сондықтан табиғат пен музыка – менің өмірімнің, өнерімнің ажырамас бөлігі.
– Халықаралық фестивальдерге қатысу барысында кездескен ең қызықты немесе таңғаларлық жағдайды еске түсіре аласыз ба?
– Иә, халықаралық фестивальдер – әртіс үшін үлкен тәжірибе мектебі. Түрлі елден келген әртістермен бір сахнада өнер көрсету, жаңа мәдениеттермен танысу – бәрі де ерекше әсер қалдырады. Бірақ есімде ерекше қалған бір жағдай – Татарстанда өткен фестиваль кезінде болды. Сол қойылымда біз өте күрделі сахналық композициямен жұмыс істедік. Бір сәтте сахнада өз сөзімді ұмытып қалып, кілт тоқтап қалдым. Ол сәт мен үшін мәңгілікке созылғандай көрінді. Абдырап тұрып қалмай, ішкі интуицияммен «нананай» деп ойдан сөз құрастырып айтып жібердім. Қасымдағы әріптестерім күлкілерін әрең тия алды, көрермен де аң-таң қалды. Қойылымнан кейін сахна сыртында жылап жібере жаздадым, бірақ кейін бұл біз үшін естелікке айналған қызық сәт болып қалды. Осы оқиға маған импровизацияның қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Сахнада өмір сүріп, өмірде сахналық сәттермен тыныстауды сол кезде жан-тәніммен сезіндім.
– Өнер жолында кездескен ең үлкен қиындық қандай болды және оны қалай жеңдіңіз?
– Өнер жолындағы ең күрделі кезең – мен үшін қуыршақ пен тірі актерлік ойынды қатар алып шығуға тура келген «Медея» спектаклі болды. Бұл рөлді алғаш алған кезде өз-өзіме сенімсіздік пайда болды. Өйткені қуыршақтың қозғалысын басқарып отырып, сол сәтте өз эмоциямды сақтап, сахнада тірі бейнемді толық жеткізу оңай шаруа емес. Рөлге дайындық барысында көптеген қиындықтармен бетпе-бет келдім. Бірде қуыршақ тіріліп кеткендей әсер қалдырып, бірде өз ойыным сәл жасанды көрінетін. Бірақ үздіксіз жаттығу, режиссермен терең жұмыс, өзіме деген сенімділік мені бұл сынақтан алып шықты. Осы рөл арқылы мен тек актрисалық қабілетімді емес, ішкі төзімділігімді де сынадым. Қазір сол қиындыққа алғыс айтам, себебі дәл сол тәжірибе мені шыңдады. Қиындықтан қашпай, оған кірісу арқылы ғана өнер адамы шынайы жетіледі деп түсіндім.
– Сахнадағы жұмысыңыздан бөлек, соңғы уақытта қандай шығармашылық жобаларға қызығушылық танытып жүрсіз?
– Сахна – менің басты өмірлік бағытым болғанымен, өнердің басқа қырларына да қызығушылығым бар. Соңғы уақытта менің ішкі дүниемде ерекше бір идея пісіп-жетіліп келе жатыр – бұл моноспектакль идеясы. Аталған спектакльде қуыршақ өнері мен пластикалық биді ұштастырғым келеді. Мен үшін бұл тек қойылым емес, ішкі толғаныстарымды көрерменге жеткізудің өзгеше тәсілі болмақ. Мұнда сөзден бұрын қозғалыс, үнсіз әрекет, дене пластикасы мен қуыршақтың үндестігі алдыңғы қатарда болады. Осы жоба арқылы мен көрерменмен тереңірек байланыс орнатқым келеді, жүрек арқылы сөйлескім келеді. Қазір бұл ойымды қағазға түсіріп, эскиздер жасап, музыкалық шешімдер іздестіріп жүрмін. Бұл бағыт мені шығармашылық тұрғыда жаңаша тыныс алуға итермелейді. Шын мәнінде, адам кейде сахнадан тыс өз ішкі сахнасын да зерттегісі келеді ғой, менің қазіргі ізденісім – дәл соның көрінісі.
– Қуыршақ театрының актері болу арқылы балаларға қандай маңызды құндылықтарды жеткізгіңіз келеді?
– Қуыршақ – жай ғана ойыншық емес, ол – тәрбиенің нәзік тілі, жүрекке жол табатын бейне. Балалармен жұмыс істегенде мен әрдайым шынайылық пен мейірімділікті бірінші орынға қоямын. Өйткені балалар өтірікті сезеді, жасандылықты қабылдамайды. Мен әр кейіпкер арқылы оларға адал болу, өзгеге қамқорлық таныту, табиғатты аялау, үлкенді сыйлау сынды ұлтқа, адамзатқа ортақ құндылықтарды жеткізуге тырысамын. Қуыршақ арқылы айтылған сөз жүрекке тез жетеді, кейде тіпті үлкендердің өзі қуыршақпен айтылған ақиқатты қабылдауға бейім тұрады. Меніңше, театр – бұл бір сәттік көңіл көтеру емес, терең тәрбие құралы. Біз баланың күлкісінің астында қандай ой қалғанын да қадағалауымыз керек. Әрбір қойылымның артында үлкен миссия бар екенін сезіну – менің кәсіби жауапкершілігім. Сондықтан мен әр балаға, әр көрерменге рухани дән себуге тырысамын. Қуыршақ арқылы айтылған шындық – баланың жүрегінде мәңгі қалады.
– Өнер әлемінде өзіңізге үлгі тұтатын немесе әсер еткен тұлғалар бар ма? Егер бар болса, олар кімдер және олардың қандай қасиеттері сізге ұнайды?
– Менің сахнадағы алғашқы қадамдарымнан бастап бағыт-бағдар берген, өнердің мәнін ұқтырған жан – профессор Серік Мақұлбеков. Ол тек сахналық техника ғана емес, актердің ішкі мәдениетін, сахнаға деген көзқарасын қалыптастырды. Ол кісіден мен қуыршақпен қалай тыныстау керек, оны қалай «тірілту» керек екенін үйрендім. Әр сабағында «қимыл арқылы сөйле», «әр тынысың – кейіпкердің тынысы» деген сөздерді жиі естіп өстім. Сонымен қатар, менің өмірлік ұстаздарымның бірі – сахнадағы әріптестерім. Себебі біз бір-бірімізден үйренеміз, шабыттанамыз, сыналамыз. Әр әріптесімнің ойыны, сахнадағы әрекеті мен үшін сабақ. Театр дегеніміз – үлкен мектеп, ал ол мектептің әр сабағы – тәжірибе. Сондықтан мен ұстаз тек бір адам емес, әр орта, әр қойылым, әр рөл деп түсінемін. Осылайша мен өзімнің ішкі әлемімді толықтырып келем.
– Алдағы уақытта қандай жаңа рөлдерді сомдауды армандайсыз және ол қандай қойылымдар болуы мүмкін?
– Әрбір әртістің жүрегінде орындалмаған армандары мен іште пісіп жатқан рөлдері болады ғой. Менің де жанымда ерекше орын алатын бір арман бар – қуыршақ пен тірі актерлік ойынды, пластикалық қозғалысты біріктірген авторлық моноспектакль жасау. Бұл – бір ғана кейіпкердің ішкі әлемін аша отырып, көрерменге терең психологиялық толғаныстар жеткізетін туынды болмақ. Бұл қойылымда сөзден гөрі, үнсіздік, қимыл, көзқарас маңызды болады. Классикалық образдардың ішінде Шекспир кейіпкерлерін, әсіресе Леди Макбетті қуыршақ арқылы бейнелеу идеясы мені қатты қызықтырады. Себебі ол бейне – күрделі, ішкі қайшылыққа толы, драмалық салмағы ауыр кейіпкер. Осындай рөлдер мені шынықтырады, әрі өзімді кәсіби тұрғыда жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар балаларға арналған заманауи ертегі қойылымдарын сахналауды да армандаймын – онда экология, технология, адамгершілік сынды тақырыптар қозғалғанын қалаймын. Бүгінгі баланың дүниетанымы өзгеше, солардың тілімен сөйлейтін қойылым жасағым келеді. Жалпы, арманым – көрерменнің жүрегіне жететін, ұзақ есте қалатын образ жасау.
– Өмірдегі пендеге тән ахуалдың барлығы сіздерге де тиесілі ғой. Мынау жалған дүниеде құлазитын кездеріңіз бола ма?
– Әрине, сахнада жарқырап жүргенімізбен, біз де адамбыз. Біз де кейде шаршаймыз, құлазимыз, үмітіміз үзіліп, сеніміміз шайқалатын сәттер болады. Әсіресе, шығармашылық тоқырау кезеңі өте ауыр тиеді. Кейде барлығын тастап, тыныш жерге кетіп қалғым келеді. Бірақ дәл осындай сәттерде кішкентай көрерменнің көзіндегі шынайы күлкі, сахнадан шыққаннан кейін айтылған «апай, сіз кереметсіз!» деген бір ауыз сөз – мені қайта тірілтеді. Меніңше, әр өнер адамы – сезімге өте нәзік. Бірақ дәл сол нәзіктік – оның күші. Өмірдің түрлі сынақтары мені мықтырақ етті. Құлаудан қорықпау керек, қайта тұра білу маңызды. Мен өзімнің әлсіздігімнен ұялмаймын, себебі ол менің адам ретіндегі шынайылығымды көрсетеді. Өнер – жанның шыңырауы, ал сол шыңырауға түсіп, қайта шығу – мен үшін өсу.
– Сұхбаттан соңғы түйіні болсын. Мына өмірден көрген-түйгеніңізді қорытып, артыңыздан еріп келе жатқан жас буынға айтар қандай кеңесіңіз бар?
– Жас әріптестеріме ең алдымен айтарым – шынайылықтан айырылмаңдар. Өнер – жасандылықты көтермейді. Сахна бәрін байқайды, көрермен бәрін сезеді. Сондықтан ең бастысы – ішкі тазалық пен адалдық. Әр рөлге дайындалғанда жүректен шығатын сөзге, қимылға сеніңдер. Тек шеберлікке ғана емес, адамның ішкі мәдениетіне, рухани тереңдігіне де мән беріңдер. Еңбек етіңдер — сахна еңбекті, тынымсыз ізденісті сүйеді. Жеңіл жолмен келетін табыс та, атақ та ұзаққа бармайды. Өз жолыңды табу үшін көп қателесуің мүмкін, бірақ сол қателіктерден қорықпаңдар. Өнер — бұл жол емес, бұл өмірдің өзі. Сондықтан өнерді өмірлеріңе айналдыра білсеңдер, сахна да сендерді ешқашан сатып кетпейді. Армандарыңнан айырылмаңдар, жүректеріңе адал болыңдар.
– Сахнада салтанат құрған саф өнеріңіз үшін алғысым шексіз. Көне мен жаңаның үндестігін тап басып, ұлттық рухты тереңнен толғадыңыз. Көкірекке сыр құйған бұл өнер жолы – тамырын тереңнен тартқан рухани мұраның жарқын жалғасы Сіз сияқты өнерпаздар барда халқымыздың үні ешқашан өшпек емес. Жолыңыз әрдайым ашық, шабытыңыз шалқар болғай!
Сұхбаттасқан – Мәдениет ФЕРУЗА,
Кинотеледраматургия мамандығының 2 курс студенті