Оңтүстік Кореяға ұмытылмас сапар: Сеулден Кёнджуға дейінгі мәдени жол

Қазақстанның бір топ БАҚ өкілдерімен бірге Оңтүстік Кореяның табиғаты мен мәдениетіне саяхат жасап, елдің ең көрікті өңірлерін аралап қайттым. Korea Tourism Organization ұйымдастырған бұл баспасөз туры бізді Сеул, Андонг, Ёндок және Кёнджу қалаларының тарихымен, табиғатымен және қонақжай халқымен таныстырды. Әр күн жаңа әрі қызықты сәттерге толы болып, жүрегімізге жылулық орнатып, шабыт пен үміт сыйлады.
Ежелгі Силла патшалығының жүрегі саналатын Кёнджу қаласы сапардың ең жарқын бөлігі болды, өйткені дәл осы жерде 2025 жылы АТЭС саммиті өтеді. Бұл халықаралық шара Кёнджудың қайта түлеп, әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналғанын дәлелдейді.
Қазақстан мен Кореяны жақындатқан достық көпірі
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы мәдени және экономикалық байланыстар нығайып, халықтарымыз арасындағы достық тереңдей түсті.
Бүгінде Алматы мен Астанадан Сеулге аптасына бірнеше тікелей рейс қатынайды. Бар болғаны 5–6 сағаттық ұшу уақыты – және сіз Азияның ең әсем елдерінің біріне жетесіз. Визасыз режимнің орнына енгізілген K-ETA электронды рұқсаты саяхатты одан әрі жеңілдетті – оны бірнеше минутта онлайн толтыруға болады. Бұл жеңілдік қазақстандықтардың Кореяға деген қызығушылығын арттырып, мәдени, медициналық және білім беру туризмін жаңа деңгейге көтерді.
Біздің бұл сапар – сол достық көпірінің айқын көрінісі. Ол Кореяның тарихы мен табиғатын ғана емес, сонымен қатар оның халқының қонақжайлығын, тазалығын және мейірімге толы өмір салтын терең сезінуге мүмкіндік берді.

Корей халқы – қонақжайлық пен мейірімнің үлгісі
Кореяға аяқ басқан сәттен бастап жергілікті халықтың жылы шырайы мен күлімсіреген жүзі бізді баурап алды. Қай қалаға барсақ та, адамдардың сыпайылығын, көмектесуге әрдайым дайын тұратындығын байқадық.
Корей халқы ата-бабаларының дәстүрін құрметтеп, тарихи мұраларын мақтанышпен сақтайды. Ежелгі ауылдар мен храмдар мұқият күтілген, әр тасы өткеннің сырын айтады.
Көшелер таза, қоғамдық орындарда ыңғайлы дәретханалар мен демалыс аймақтары көп, үйлердің сәулеті мен интерьерлері жайлылық пен ұқыптылықтың үлгісі. Осындай тәртіп пен тазалық – корей қоғамының мәдениеті мен өз еліне деген сүйіспеншілігінің айғағы.

Сеул – заманауи мегаполис пен тарихтың тоғысы
Сеул – Оңтүстік Кореяның жүрегі, заманауи технология мен көне дәстүрдің тоғысқан орталығы. Сапарымызды Кёнбоккун сарайынан бастадық. Бұл – Чосон әулетінің ең ірі сарайы, мұнда дәстүрлі гвардияшылардың салтанатты ауысу рәсімін көру ерекше әсер қалдырды.
Ұлттық фольклор мұражайында корей халқының тұрмысымен, салт-дәстүрімен және көне өнерімен таныстық.
Инсадон мен Самчжигиль көшелері дәстүрлі қолөнер бұйымдары мен кәдесыйларға толы, ал Иксон-дон ауданындағы ханок-үйлер көне сәулеттің ғажайыбын паш етеді. Мёндон ауданының дүкендері мен көше тағамдарының хош иісі қаланың сергек рухын сезіндіреді.
Кешкісін дәстүрлі ханджоншик – көп тағамнан тұратын корей ас мәзірін татып, Кореяның гастрономиялық байлығын аштық.

Андонг – руханият пен дәстүрдің бесігі
Келесі аялдамамыз – Андонг қаласы. Бұл өңір – Кореяның рухани орталығы, мұнда ежелгі дәстүр мен табиғи тыныштық үйлесім тапқан.
2010 жылы ЮНЕСКО тізіміне енген Хахве дәстүрлі ауылы бізді өткен ғасырға жетеледі. Мұнда Жосон дәуірінің сәулеті сақталған, ал ауылды қоршай ағатын Накдонг өзені оған ерекше көрініс береді. Біз әйгілі «Хахве Пёльсингут Тальнори» маска театрын тамашалап, жергілікті мәдениеттің тереңдігін сезіндік.

Досан Сеовон конфуций академиясында даналық пен білімге деген құрметті байқадық, ал кешке Вольджонгё көпірінің үстінен Андонгтың түнгі шамдарына тамсандық.
Ёндок – көк теңіз жағасындағы тыныш мекен
Ёндок – табиғат пен теңіз тыныштығын сүйетіндер үшін ерекше орын. Біз Бёльёнри метасеквойя орманында серуендеп, табиғаттың әсемдігін сезіндік. Бұл орманды жергілікті тұрғын жиырма жыл бойы өз қолымен өсірген екен.
2025 жылдың көктемінде аймақ орман өрттерінен зардап шеккенімен, бүгінде табиғат қайта жанданып келеді. Бұл Корея халқының табиғатқа деген қамқорлығы мен төзімділігінің көрінісі.

Кешкісін Ёндок жағалауындағы Хэмачи саябағында күннің теңізге батып бара жатқан көрінісін тамашалап, тыныштық пен үйлесімділікті сезіндік.
Кёнджу – Алтын қала және АТЭС 2025 төрі
Кёнджу – “ашық аспан астындағы музей” атанған ежелгі қала. Ол 992 жыл бойы Силла патшалығының астанасы болған, яғни Корея өркениетінің бастауы.
Қаланы жиі «Алтын қала» (Golden City) деп атайды. Мұнда алтынмен көмкерілген патша қабірлері, ежелгі храмдар мен мұнаралар көп. Бірақ Кёнджуды “алтын” ететін тек оның тарихы емес, жергілікті халықтың жүрек жылуы мен мәдениетке деген құрметі.
Қалада Соккурам үңгірі, Пульгукса ғибадатханасы, Чхомсондэ обсерваториясы, Дэрынвон қорғандары, Донггун сарайы мен Вольджи тоғаны, сондай-ақ Яндонг дәстүрлі ауылы сияқты ЮНЕСКО нысандары орналасқан. Әрбірі – мыңжылдық мұраның куәсі.

Gyeongju Tower мұнарасы – қаланың жаңа нышаны. Ол ежелгі Hwangnyongsa пагодасының силуэтімен салынған және Кёнджудың өткен мен бүгінді тоғыстырған көрінісі іспетті.
Тағы бір ерекше нышан – күлімдеген адамның бейнесі бейнеленген тақтайша (Silla Smile). Бұл жәдігер Силла дәуіріндегі өмірдің қуанышы мен өнердің нәзіктігін көрсетеді.
Cheomseongdae обсерваториясы Азиядағы ең көне астрономиялық құрылыс саналады, ал Вольджонгё көпірінің түнгі жарығы ежелгі Кёнджуға сиқырлы реңк береді.
Донггун сарайы мен Вольджи тоғанының үстінен түскен ай сәулесі судың бетінде алтын түстес шағылысып, қаланың “Алтын қала” деген атауын ақтай түседі.
Бұл сапардың басты мақсаты – 2025 жылы АТЭС саммитін қабылдайтын Кёнджу қаласын қазақстандықтарға жақынырақ таныстыру және өңірдің қайта өрлеуіне үлес қосу.
Қала халқы бұл маңызды оқиғаға үлкен дайындықпен қарап, экологиялық туризм мен мәдени жобаларды дамытуда. АТЭС 2025 Кёнджудың жаңа серпін алып, әлемге Кореяның бай рухани мұрасын танытатыны сөзсіз.

Кёнджу – достық пен шабыт мекені
Бұл сапар – Кореяның табиғаты мен мәдениетіне ғана емес, адамдарының жүрегіне саяхат болды. Сеулдің заманауи серпіні, Андонгтың рухани тыныштығы, Ёндоктың табиғи сұлулығы және Кёнджудың ежелгі байлығы – бәрі бірге Оңтүстік Кореяның көпқырлы бейнесін ашты.
Бұл елдің қонақжайлығы, тазалығы мен тәртібі, дәстүрге деген құрметі бізге үлкен шабыт сыйлады.
Корея – тарих пен болашақтың, рух пен заманауилықтың тоғысқан мекені. Егер тағы бір мүмкіндік туса, мен бұл ғажайып елге ойланбастан қайта оралған болар едім.
Ғазиза Ұзақ
Оңтүстік Корея
Қыркүйек, 2025 жыл


