Опера академиясының жаңа солистері елордалық сахнаны бағындыруда

Astana Opera Халықаралық опера академиясының екінші маусымы қызу өтіп жатыр. Жас әртістер Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» спектакліне қатысады, ал ақпанның басында әншілер «Астана Операның» Үлкен залында П.Чайковскийдің концерттік нұсқадағы «Иоланта» операсын таныстырады. Зағип сұлуға ғажайып жағдайда көру қабілетінің оралуы жайлы музыкалық хикая ұлы композитордың соңғы операсы болатын, оны академия солистері театрдың симфониялық оркестрімен және хорымен бірге орындайды.

Қоюшы дирижері «Кұрмет» орденінің иегері Руслан Баймурзин болып табылатын  «Иоланта» операсын «Астана Опера» сахнасында академияның алғашқы маусымының тыңдаушылары орындаған еді. Оның премьерасы былтыр өтті.

– «Иолантаға» дайындық қарқынды жүріп жатыр, – деді дирижер. – Бұл опера өнері тарихындағы ең күрделі жауһарлардың бірі, сондықтан академистер алда болатын өнер көрсетуге зор жауапкершілікпен келді. Барлық жас әртістеріміз өте дарынды, сондықтан операны жоғары деңгейде ұсыну біздің қолымыздан келетініне сенімдімін!

Дирижермен жұмыс істеу – опера әншісінің негізгі дағдысы болып табылады.

– Әрбір орындаушы дирижермен өзара әрекет етуді білуі, операның музыкалық тұжырымдамасын түсінуі тиіс, – деп атап өтті Astana Opera Халықаралық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни. – Дирижер опера партияларын дауыстарға сәйкес іріктейді, әншімен бірге сөздерді мәнерлі айту, бейне, динамика, басқа да музыкалық тұстар бойынша жұмыс істейді. Ол спектакльдің барлық қатысушыларын бірге жинайды деуге болады, сондықтан орындаушылар оны ә дегеннен-ақ түсінуі қажет.

Жас опера әншілері үшін келесі негізгі пән жеке ән айту болып табылады. Жастар ұстаздармен вокал техникасы, тыныс алу, орындау және бейнені сомдау бойынша жұмыс істейді. Коуч дұрыс репертуар таңдауға көмектеседі.

Сонымен қатар академияда үш шет тілді меңгереді. Олардың негізгісі – итальян тілі, өйткені опералық репертуардың басым бөлігі дәл осы тілде орындалады. Сондай-ақ итальян тілі халықаралық опера тілі саналады: әншілер шетелдік дирижерлермен және режиссерлермен осы тілде сөйлеседі. Бұдан бөлек, академияда неміс және француз тілдерін үйренеді, ал қазақ тілін академия қатысушыларының басым көпшілігі біледі.

Міндетті пәндердің қатарында би бар. Ол әдемі жүру мәнері мен сымбатты қалыптастыруға көмектесіп, пластиканы жетілдіреді. Операларда бидің вальс, мазурка тәрізді сан алуан түрлері жиі кездеседі, сондықтан әртістер оларды білуі керек.

– Заманауи театр кең ауқымды шеберлікті меңгеруді талап етеді, – деп атап өтті Айсұлу Тәни. – Опера әншісінің өнері белгілі бір ноталарды ойнаумен ғана шектелмейді. Даусы болуымен қатар, ол әдемі қимылдап, билеп, ойнап, сахнада «өмір сүруі» керек. Актерлік шеберлік курсы жас солистерге ұяңдықтан арылып, өзін еркін ұстауға, өз кейіпкерлерінің бейнелерін шынайы сомдауға мүмкіндік береді.

Дағдыларды жетілдіруде тәжірибе маңызды рөл атқарады. Сондықтан концерттер мен спектакльдерге қатысу опера академиясының бағдарламасына кіреді. Жас әншілер «Астана Опера» театрының жетекші солистерімен бірге сахнаға шығып, мол тәжірибе алады.

– Академия бізге еліміздің бас сахнасында өнер көрсету тәрізді үлкен мүмкіндіктер ашады. Бұл шығармашылық мансапты дамытудағы маңызды кезең, – деп пікірімен бөлісті Astana Opera Халықаралық опера академиясының солисі Мерей Қадырханов. – Қазір біз Чайковскийдің «Иоланта» бірактілі операсын дайындап жатырмыз, мен онда Водемонның партиясын орындаймын. Бұл музыкалық жағынан да, драмалық жағынан да күрделі туынды. Коучтеріміз бен дирижердің көмегімен барлық шығармашылық міндеттерді орындаймыз және көрермендерімізді қуантамыз деген ойдамын.

Курс басталғалы академистер К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Браво, Опера!» және «Жаңа жылдық экспромт» бағдарламаларымен көрерменнің алдында екі концертте өнер көрсетті. «Иолантадан» кейін жас вокалистер Г.Доницеттидің «Колокольчик» операсының премьерасына дайындықты бастайды, сондай-ақ Astana Opera Халықаралық опера академиясы ұсынады…» концерттер топтамасын жалғастырады. Маусымның аяғында театрдың үлкен сахнасында В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсын ұсыну жоспарлануда.

Еске сала кетейік, Astana Opera Халықаралық опера академиясы – елімізде теңдесі жоқ бірегей жоба, оның қызметі орындаушылық өнерді жетілдіруге бағытталған. Академия Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен қызмет етеді және «Астана Опера» театры дамуының маңызды бөлігі болып табылады.