«Опералияның» ашылуына опера жұлдыздары жиналды
«Астана Операда» «Опералия» халықаралық фестивалінің көптен күткен ашылуы өтіп, ол бірден өзінің ауқымдылығымен және орындаушылық шеберлігімен жоғары деңгейдегі өнердің үлгісін көрсетті. Кештің гала-бағдарламасы опера өнерінің әккі білгірлерімен қатар, осынау жанрмен танысуды енді бастаған жандардың да назарын аударды.
М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы айтыс сахнасында бірінші болып көрермендер аудиториясына шыққан Бибігүл Жанұзақ пен Мейір Байнеш кештің шымылдығын ашып берді. Олар өздерінің әсерлі әрі шебер орындауларымен көпшілікті баурап алды.
Сондай-ақ фестивальдің ашылуы танымал италиялық әртістердің өнер көрсетуімен есте қалды. Олардың қатарында сопрано Дезире Ранкаторе, баритон Альберто Газале мен тенор Джулио Пеллигра болды. Симфониялық оркестрге бағдарлама авторы Джузеппе Акуавива мен маэстро Абзал Мұхитдин дирижерлік етті, олар барлық музыкалық туындыларды нақышына келтіре отырып жеткізді.
Италиялық меймандар, атап айтқанда Дезире Ранкаторе, Альберто Газале мен Джулио Пеллигра «Астана Опера» солистерімен бірлесіп, опера өнері жауһарларынан арияларды ұсынды. Олардың Джузеппе Вердидің «Риголетто» және «Травиата», сондай-ақ Джакомо Пуччинидің «Тоска» және «Богема» операларынан нөмірлерді орындауы көрермендердің зор қошеметін туғызды. Сонымен қатар Альберто Газале Руджеро Леонкаваллоның «Паяцтар» операсынан прологпен сахнаға шығып, өзінің бірегей дарыны мен драмалық ойынның тереңдігін паш етті.
— «Астана Опера» театрындағы фестивальде өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын және мені шақырғаны үшін «Астана Операға» рақметімді айтқым келеді. Қазақстанға алғаш келгеніме бақыттымын, осындағы маңызды дебюттік өнер көрсетуге қуанып отырмын. Қазақстандық көрермендерге жеткізгім келетін нәрсе – бұл италиялық операға деген махаббат пен оның нәтижесінде болатын сезімдерге деген ықылас. Біз орындаған репертуардың тамаша парақтарының арқасында көрермендер аудиториясы біз сахнаға алып шыққан кейіпкерлердің барлық көңіл күйлері мен эмоцияларын сезіне алды және өн бойынан өткізді деген сенімдемін. Келешекте операда немесе концерттік бағдарламада өнер көрсетіп, өзім үшін керемет қазақ мәдениетін ашу мүмкіндігіне ие болу үшін Қазақстанға тағы да келгім келеді. Фестиваль біздерге, яғни әртістер мен көрермендерге италиялық мелодрама репертуарының ғажап музыкасы арқылы әлі ұзақ уақыт қуаныш пен жағымды эмоция сыйлайды деген үміттемін, — деп атап өтті тенор Джулио Пеллигра.
Биыл Қазақстан мен Италия арасында өзара түсіністік пен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. «Опералия» екі ел арасында әртістерді өзара алмастыру туралы жоспарларды жүзеге асырудың бір бөлшегіне айналды. Осылайша, меморандум қазақ мәдениетіне әлемдік мәдени кеңістікте ойып тұрып орын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ фестиваль қазақстандық опера өнерін насихаттайтын алаңға айналды. Көпшілік Ғ.Жұбанованың «Еңлік – Кебек», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» және «Қамар сұлу» операларының нөмірлерінен ләззат алды. «Астана Опера» әртістері – Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Айзада Қапонова, Гүлжанат Сапақова, Ұлпан Әубәкірова, Дінмұхамед Көшкінбаев, Талғат Ғалеев, Шыңғыс Расылхан, Расул Жармағамбетов, Талғат Аллабиринов, Азат Мәлік, Әлихан Зейнолла, Рамзат Балакишиев, Бейімбет Таңарықов және Болат Есімханов жоғары кәсібилік пен шеберліктерін паш етіп, сахнада жарқын өнер көрсетті.
Қос маэстро – Абзал Мұхитдин мен Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен «Астана Опера» оркестрі мен хоры таңғалдырарлық музыкалық мәнер жасап, солистерге қолдау көрсетті және әрбір нөмірге тереңдік пен көлем үстеді.
Жұртшылық көргендері мен естігендерінен таң-тамаша күйге енді. – Бұл керемет өнер көрсету болды. Барлық қатысушылардың шеберлік деңгейлері таңғалдырады, қазақстандықтар мен италиялықтардың бірлескен орындауы неткен ғажап еді. Дезире Ранкаторе мен Альберто Газале таныстырған «Риголетто» операсынан «Sì, vendetta!» дуэті маған қатты ұнады. Дуэттегі жоғары ми-бемоль өте орнықты болды, үні керемет. Енді Альберто Газале менің жадымда тек Риголетто ретінде ғана сақталады. Оның орындауы вокалдық тондар мен реңктерге бай болды, сондай-ақ техникалық тұрғыда сенімді шықты, – деді тыңдарман Динара Искакова алған әсерлерімен бөлісе отырып. – Әлбетте, италиялық әртістер мен олардың классикалық арияларды орындауы тәнті етті. Десе де, біздің қазақстандық дарындар да биіктен көрінді! – деп пікірін қосты оның жұбайы Асқар Искаков.
Көпшіліктің айтуынша, «Опералия» фестивалі – мамырдың ең асыға күткен әрі басты мәдени оқиғаларының бірі, өйткені фестиваль түрлі музыкалық дәстүрлерді біріктіріп, опера, балет және симфониялық өнердің барлық әсемдігін көрсетеді. – Халықаралық және отандық орындаушылардың мұндай байланысы «Опералияны» бірегей етеді. Бүгін мен алғаш рет қазақ ұлттық операсының үлгілерімен танысып, қатты қайран қалдым, – деп атап өтті шетелдік мейман Андреас Грааб.
«Астана Опера» сахнасындағы «Опералия» халықаралық фестивалінің ашылуы шын мәнінде керемет өтті. Енді алда ғажайып музыка мен тамаша өнер көрсетулерге толы жиырмадан астам іс-шара бар.