Ормуз бұғазы һәм жаңа геосаяси ойын Қазақстанға қалай әсер етеді?

Фото: Oil Price

Таяу Шығыстағы Иран мен АҚШ–Израиль арасындағы шиеленіс соңғы күндері халықаралық саясаттың ең күрделі тақырыптарының біріне айналды. Бұл қақтығыс тек зымыран алмасу немесе аймақтық текетірес деңгейінде ғана емес, одан әлдеқайда кең ауқымды геосаяси ойынның бір бөлігі ретінде қарастырылып жатыр. Әлемдік сарапшылардың бір бөлігі бұл жағдайды Батыс ықпалы мен жаңа қалыптасып келе жатқан еуразиялық күштердің текетіресі деп сипаттайды. Басқалары мұны Таяу Шығыстағы күш тепе-теңдігін өзгертуге бағытталған стратегиялық қысым деп бағалайды.

ИРАНДЫ ИЛІКТІРУ ОҢАЙҒА ТҮСПЕЙДІ

Иран мен АҚШ арасындағы шиеленістің бір жағында Батыс елдері мен олардың аймақтағы одақтастары тұрса, екінші жағында Ресей, Иран және Қытай арасындағы саяси-экономикалық жақындасу байқалады. Бұл топтарды кейбір сарапшылар шартты түрде еуразиялық блок деп атай бастады. Алайда бұл блоктың ресми әскери альянс емес екенін де ескеру қажет.

Иранның әскери әлеуеті туралы да түрлі мәліметтер айтылады. Кейбір бағалауларға сәйкес, елдің қару-жарақ қорында бірнеше мың баллистикалық зымыран бар. Соңғы күндері Иран билігіндегі басшылар да ең кемі 4-5 жыл тоқтаусыз соғыса аламыз дегенді бірнеше мәрте айтып қалды. Оның үстіне Иран соңғы жылдары ұшқышсыз ұшу аппараттарын кең көлемде өндіріп келеді. «Shahed» типіндегі дрондар арзан әрі қарапайым технологияға негізделгендіктен, оларды көп мөлшерде қолдану мүмкіндігі бар екені жиі айтылады. Әскери сарапшылар мұндай асимметриялық қару жүйелері дәстүрлі әуе қорғаныс жүйелері үшін белгілі бір қиындықтар туғызатынын атап өтеді. Алайда мұндай деректердің нақты көлемі туралы тәуелсіз түрде тексерілген ақпарат аз. Соғыс жағдайында тараптардың да, оларды қолдайтын ақпараттық ортаның да пропагандалық мәлімдемелері көбейетіні белгілі.

Қақтығыстың ең маңызды стратегиялық нүктелерінің бірі – Ормуз бұғазы. Бұл теңіз дәлізі арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен бестен бірі өтеді. Егер бұғаз осылай Иран бақылауында жабық тұра беретін болса халықаралық энергетикалық нарыққа үлкен қысым түседі. Мұндай жағдайда мұнай бағасы көтеріледі. Бұл әсіресе Азияның, Еуропаның мұнай импорттаушы елдері үшін үлкен экономикалық тәуекел туғызады.

Таяу Шығыстағы тұрақсыздық мұнай нарығына ғана емес, жаһандық қаржы жүйесіне де әсер етуі мүмкін деген пікірлер бар. Кейбір сарапшылар мұндай жағдай мұнай саудасындағы доллар үстемдігіне де қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Соңғы жылдары Қытай мен бірқатар елдердің энергия ресурстарын ұлттық валютамен есеп айырысу арқылы сатып алуға қызығушылық танытуы осы пікірлердің пайда болуына себеп болды.

Батыс елдерінің ресми позициясы негізінен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін сақтау мәселесіне бағытталған. АҚШ тарапынан да бұл мәселеге қатысты қатаң мәлімдемелер жасалды. Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына қауіп төнсе, Америка тарапынан жауап өте қатал болатынын ескерткен. Алайда әзірге нақты әрекет көрінбейді.

Бұл шиеленістің тағы бір маңызды қыры – Украинадағы соғысқа жанама ықпалы. Егер энергетикалық дағдарыс күшейсе, Еуропа елдерінің саяси және экономикалық басымдықтары өзгеруі мүмкін. Кейбір сарапшылар мұндай жағдайда Ресей мен Еуропа арасындағы энергетикалық байланыстар қайта қаралуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Энергетикалық тапшылыққа ұрынған Еуропа елдері Ресейге салынған санкцияларды жұмсартуға мәжбүр болуы мүмкін дейді сарапшылар.

Жалпы алғанда, Иран төңірегіндегі қазіргі шиеленіс әлемдік саясаттағы күш тепе-теңдігінің өзгеру кезеңіне сәйкес келіп отыр. Бұл тек бір аймақтың мәселесі емес, жаһандық энергетика, қаржы және қауіпсіздік жүйелеріне әсер етуі мүмкін күрделі процесс. Қақтығыстың қалай аяқталары әзірге белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық: Таяу Шығыстағы кез келген үлкен соғыс тек аймақ елдері үшін емес, бүкіл әлем үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан халықаралық саясаттағы басты мәселе – әскери жеңіс емес, үлкен соғыстың алдын алу. Өйткені геосаяси ойындарда ең үлкен шығынды әдетте қарапайым халық көреді.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҚАУІП ТЕ, МҮМКІНДІК ТЕ БАР

Ормуз бұғазы, мұнай нарығы, санкциялар мен жаңа геосаяси блоктар туралы сөз қозғалғанда, бұл өзгерістердің Қазақстан сияқты энергия экспорттаушы мемлекеттерге де ықпалы болмай қоймайды. Өйткені бұғаздың жабылуы мұнай бағасының күрт көтерілуіне әкеліп соғатыны бәріне аян. Қазірдің өзінде мұнай бағасы көтеріле бастады. Қазақстан экономикасы мұнай экспортына айтарлықтай тәуелді болғандықтан, қысқа мерзімде мұндай жағдай бюджет кірістерінің өсуіне алып келуі ықтимал. Мұнай бағасының өсуі Ұлттық қорға түсетін түсімдерді арттырып, экономиканың кейбір секторларына қосымша қаржы әкелуі мүмкін. Алайда мұндай пайда көбіне уақытша болады. Мұнай бағасының тым жоғарылауы әлемдік экономиканы баяулатуы мүмкін. Әсіресе мұнай импорттайтын ірі экономикасы бар елдер – Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа мемлекеттері энергия шығындарының өсуіне байланысты экономикалық қысымға ұшырайды. Бұл өз кезегінде әлемдік сауда айналымының төмендеуіне алып келуі ықтимал. Мұндай жағдайда шикізат экспорттайтын елдер де ұзақ мерзімде зардап шегеді.

Қазақстан үшін екінші маңызды фактор – тасымал жолдары. Қазіргі таңда қазақстандық мұнайдың негізгі бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізіледі. Бұл бағыттың өзі бірнеше рет саяси және техникалық себептермен тоқтап қалғаны белгілі. Егер әлемдік энергетикалық жүйеде жаңа шиеленістер туындаса, Қазақстан үшін балама бағыттарды дамыту мәселесі одан сайын өзекті бола түседі. Осы тұрғыдан алғанда Каспий арқылы Әзербайжан мен Түркия бағытындағы тасымал жобаларының маңызы арта түсуі мүмкін.

Үшінші фактор – геосаяси тепе-теңдік. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып келеді. Ел Батыспен де, Ресеймен де, Қытаймен де экономикалық және саяси байланыстарын сақтауға тырысады. Иран төңірегіндегі үлкен текетірес осы тепе-теңдікті сақтау міндетін одан әрі күрделендіруі мүмкін. Өйткені мұндай жағдайда ірі державалар өз одақтастарынан нақты позиция күтеді. Сонымен бірге Иран Қазақстан үшін шалғайда жатқан мемлекет емес. Екі ел Каспий теңізі арқылы көрші саналады және соңғы жылдары көлік-логистикалық жобаларда ынтымақтастық орнатуға тырысып келеді. Солардың бірі – Солтүстік–Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі. Бұл бағыт Ресей, Қазақстан, Түрікменстан және Иран арқылы Үнді мұхитына шығуға мүмкіндік береді. Егер Иран айналасындағы жағдай тұрақсыз күйде қалса, бұл жобалардың дамуы баяулауы мүмкін.

Тағы бір маңызды аспект – қауіпсіздік. Қазақстан тікелей әскери қауіп аймағында тұрған мемлекет емес. Бірақ әлемдік тұрақсыздықтың күшеюі әрбір елді өз қорғаныс қабілетін қайта бағалауға мәжбүр етеді. Соңғы жылдары халықаралық саясаттағы шиеленістердің жиілеуі көптеген мемлекеттерді әскери модернизацияға көңіл бөлуге итермеледі. Қазақстан үшін де қауіпсіздік жүйесін нығайту, технологиялық әскери мүмкіндіктерді дамыту мәселесі маңызды болып қала береді.

Жалпы алғанда, Иран төңірегіндегі кез келген үлкен қақтығыс Қазақстанға бір мезетте әрі мүмкіндік, әрі тәуекел әкелуі мүмкін. Мұнай бағасының өсуі қысқа мерзімді экономикалық пайда әкелуі ықтимал, бірақ ұзақ мерзімде әлемдік экономиканың тұрақсыздығы экспортқа тәуелді мемлекеттерге ауыр салмақ түсіреді. Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді сценарий – Таяу Шығыстағы жағдайдың әскери эскалацияға жетпей, дипломатиялық жолмен шешілуі.

Өйткені қазіргі жаһандық экономика бір-бірімен тығыз байланысқан жүйеге айналды. Бір аймақтағы үлкен соғыс ақыр соңында бүкіл әлемге әсер етеді. Ал мұндай жағдайда геосаяси дауылдың ортасында қалмау шағын және орта мемлекеттер үшін ең күрделі міндеттердің бірі.