Отандық компаниялар GDTE шарасында өз жетістіктерімен бөлісті

Ханчжоудағы үшінші Дүниежүзілік цифрлық сауда көрмесінде Қазақстан елі құрметті қатысушылардың қатарында болып, орталық залда ұлттық павильонын ашты. Көрмеге еліміздің атынан 20-дан астам компанияның өкілдері қатысып, өздерінің инновациялары мен бірегей өнімдерін көрсетті, ал көрме қонақтары қазақстандық тауарларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл отандық өндіріске деген қызығушылықтың артуына ықпал етті.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Электрондық және биржалық сауданы дамыту департаментінің директоры Ғалия-Бану Мейірбаева:

«Қазақстанның Global Digital Trade Expo шарасына қатысуы екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетін маңызды сәт. Біз электронды коммерцияны белсенді дамытып жатырмыз, отандық өнімдер JD.com сияқты халықаралық платформаларда сұранысқа ие болып жатқанына көз жеткіздік. Аз уақыттың ішінде Қытай еліндегі тұтынушылар саны артқанын байқадық. Қуантатын нәтиже! Мұның барлығы екі ел арасындағы татулық пен игі байланыстың көрінісі. Әрі қарай Қытаймен экономикалық байланысты нығайтуда аянбай еңбек етеміз»

Қазақстан павильоны ел экономикасын дамыту үшін цифрлық сауданың маңыздылығын растайтын іскерлік байланыстар мен тәжірибе алмасудың басты аймағына айналды. Көрме заманауи экономикадағы инновацияның маңыздылығын көрсете отырып, жаңа байланыстар құру және бірлескен өсу мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты.

«Көрмеге қатысу қазақстандық компаниялар үшін халықаралық алаңда өз ұстанымдарын нығайтуға және біздің өнімдеріміздің бірегейлігін көрсетуге тамаша мүмкіндік. Біз цифрлық сауданы және шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға ұмтыламыз» — деп QazTrade өкілі Абдырашид Усенов атап өтті.


«ҰАТ» АҚ өкілі Азамат Баймен: «Бұл көрмеде компаниямызды электронды үкіметтің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы ретінде таныстырамыз. Іс-шара мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтердің цифрлық трансформациясы саласындағы өнімдеріміз бен қызметтерімізді ілгерілетудің жақсы мүмкіндігі. Біз үшін мұндай көрмеге қатысып, Қазақстанның атынан шығу үлкен мәртебе және Қытай елімен ынтымақтастық орнату мүмкіндігіне ие болғанымызға қуаныштымыз»

SmartGas Global өкілі Арман Жахеев: «Біздің басты идеямыз –  көлік тізгінін ұстаған жандарға көліктен шықпай-ақ жанармай құю ақысын төлеу үшін инновациялық және ыңғайлы қызмет көрсету. SmartGas Global қосымшасы Android және iOS пайдаланушылары үшін қолжетімді болады, бұл жанармай құю станцияларының иелерімен өзара әрекеттесуді айтарлықтай жеңілдетеді. Көрмеге қатысуға және елімізді таныстыруға қуаныштымыз. Сондай-ақ, Қытаймен ынтымақтастыққа ашықпыз, болашақта үлкен жобаларды бірге атқарамыз деген сенімдемін»

«Қазпочта» АҚ Халықаралық бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Диана Назарбаева: «Біз Қазақстандағы логистикалық қызметтердің ең ірі операторы екенімізді мақтан тұтамыз. Көрмеге қатысу арқылы біз халықаралық серіктестермен байланысты нығайтып, бизнес пен үкіметке кең ауқымды қызметтерді ұсына отырып, электронды коммерцияның дамуына қолдау көрсетеміз. Біз әлемдік оқиғалардың ортасында болуға және жаһандық өзгерістерге қатысуға қуаныштымыз. Қытай елімен жұмыс істеп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды асыға күтеміз»

AG TECH өкілі Қосманов Ақылжан: «Біз IT озық технологияларды енгізуге жұмылдық және Ханчжоудағы көрме сияқты маңызды оқиғаға қатысу көкжиегімізді кеңейтуге және одан әрі даму үшін пайдалы байланыстар орнатуға көмектеседі деп сенеміз. Біз Қазақстанды таныстыруды мақтан тұтамыз және Қытаймен ынтымақтастық орнату мүмкіндігіне қуаныштымыз»

Үшінші жаһандық цифрлық сауда көрмесіне (Global Digital Trade Expo) отандық делегацияны бастап келген Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ұлттық павильонды аралап, барлық қатысушылармен тілдесіп, олардың табысты бастамасына сәттілік тіледі.

Ғазиза Ұзақ

Ханчжоу