Отандық спортшылар Париж Олимпиадасына 100-ге жуық лицензия алуды көздеп отыр

ҚР ТСМ Баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, Париждегі Олимпиадаға дайындық аясында Қазақстанның құрама командалары 80-нен астам әлемдік рейтингтік турнирлерге қатысады. Лицензиялау кезеңі Олимпиаданың басталуына бір ай қалғанда аяқталады.
Осы жарыстардың қорытындысы бойынша спортшыларымыз Париж Олимпиадасына 100-ге жуық лицензия алуды жоспарлап отыр.
«Қазақстан командасын Париждегі олимпиадаға дайындау үшін ҚР Туризм және спорт министрлігі Ұлттық құраманың жұмысын ұйымдастыруға арналған жедел штаб құрды. Сондай-ақ, жазғы спорт түрлері бойынша спортшылар мен еліміздің штаттық құрама командаларын даярлау және олардың Олимпиада – 2024-ке қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама бекітілді», — деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.