«Отбасын қолдау орталығы» ашылды

Ескелді ауданының Алдабергенов ауылында кезекті «Отбасын қолдау орталығы» ашылды.
Ашылу рәсіміне Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев, аудан әкімі Елдос Ахметов, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай орталықтар қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға сүйеніш болуы тиіс. Бұл жерде отбасылық жанжалдарды реттеуге ықпал жасалып, тұрғындар білікті көмекке сене алады. Тек осы ауылдың ғана емес, аудан бойынша ауылдардың тұрғындары да заңгердің, кейс-менеджердің, психологтың және әлеуметтік қызметкерлердің тегін қызметін пайдалана алады.
Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға бір айға дейін уақытша тұруға мүмкіндік берілетін қолдау қарастырылған. Осы уақыт ішінде құжаттарын рәсімдеу бойынша, ақпараттық, заңгерлік, психологиялық, жұмысқа орналасу, кәсіби даярлау, қайта даярлау мен біліктілігін арттыру және басқа да әлеуметтік көмек түрлері көрсетіледі.
Бұл мекеменің мақсаты – отбасын сақтау және неке нығайту, отбасылық дауларды шешу, сондай-ақ мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыру болып табылады.