Өткеннің өзекті мәселесі жер дауы ма?

Тамыры терең қазақ халқының ес жиғалы көрген тауқыметі аз емес. Бітпейтін дау-жанжалдар, жаугершілік соғыстар мен шешімі жоқ мәселелер. Тарихқа көз жүгіртсек, күн тәртібінен түспеген өзекті де, басты мәселе жер дауы екенін аңғарамыз. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 8 қазанында «Жер дауы» атымен жарық көрген мақала туралы ой қозғамақпыз. «Бортаң» бүркеншік атымен газетке жазба қалдырған Хайретдин Болғанбайдың бұл тақырыпқа баруына не себеп?

Алаш қайраткерлері қазақ халқының бастан кешкен ауыр күндерін газетке жариялап отырды. Дәл осындай кезекті газет санында көптің аузынан түспей, шешімі табылмай жатқан жер мәселесі жайлы сөз қозғалды. Қазақ жеріне ағыла келген мұжықтардың бөлінісіне түскен жер өзіміздің қара халыққа жетпей, әр шаруа 15 десятина жерге қанағат етеді. Одан қалса жығылғанға жұдырық болып, артылған жерлерін орысқа жалға беріп, жағдайды ушықтарған қара халық та бар. Өз қамын ойлап, ақшаның артынан ерді ме белгісіз.

Қасым мен Тәуке хандар тұсында шешіле қоймаған жесір дауы мен жер дауының өткен ғасырдың алғашқы ширегінде де өз түйінін таппауы қазақтың өзінен де ме деп ойлайсың. Неге десеңіз, жоғарыда үлгіге алған Бортаңның мақаласында  мешіт саламыз деп, 300 десятина жерді орыстарға жалға берген қазақтар туралы айтылады. Уәде етілген мешіті салынса бір жөн, бірақ айтылған сөз айтылған жерінде қалып құр сөздің жетегінде кетеді. Қазаққа тиесілі жеті қабат жерді орыстың қолына тапсырғаны сол заманның атқамінер ерлеріне сын дер едік. Мақала авторы былтырғының ісі мен биылғының ісі ретінде деп дерек те келтірген екен. Бұл оқиғаның қайталануы биыл да болды деп, 250 десятина жерден бір табақ етке тойған қазақтың кесірінен айырылғандығы туралы айтады. «Сорлы қазақ бір күн етке тойса, жүз жылғы пайдасын ұмытады» деген рас екен, деп қара халыққа бар уәжін Бортаң осылайша білдірген.

Ұлтымыздың тұрмыс салты көшпелі болғандықтан басты шаруашылық түрі мал шаруашылығы екені анық. Әрине, ол үшін кең жайылым мен жері жомарт кең дала керек. Бірақ әркез қарын тойды, қалта толдының жетегінде кете беріп қазақ халқы егіншілікпен де айналысқаны мәлім. Себебі, жайлауға татитындай жеріміз мұжықтарда, қалғаны диханшылықпен айналысу. Хайретдиннің де (Бортаң) айтқаны осы еді, кең жерін тарылтып алған соң, сол қыспақтың әдісін де үйрену керек қой. Қазақ шаруалары сауда қылып та жарыта қоймағанына налып, өнерді де мал соңында жүріп үйрене алмағанына іші ашиды. 300 десятинадан басталған жердің алыс-берісі кейін 45 млн десятинаға дейін артып кететінін сол кезде кім білген?

Алаш азаматы Ахмет Байтұрсынұлының: «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі»,- деген сөзін еске алып, жер дауы бұрыннан-ақ шиеленіске толы тақырыптың бірі болғанын аңғарамыз. Бортаңның «Қазақ» газетінде жариялаған мақаласы бізге екі дүниені түсіндіре алды. Біріншіден, басты байлығымыздан айырылуға патшалық Ресейдің салқын саясаты себеп болса, екіншіден, жер қатынасын реттеуге келгенде қазақ халқының менталдық сауатының аздығы себеп. 1915 жыл қазанның 8 жұлдызында көтерілген мәселе сол күйі шешімін таппады…

Мөлдір ТҮКТІБАЙ,

ҚазҰУ-дың 1 курс студенті