Павлодарда QR төлем үшін үстеме пайыз қосқан кәсіпкер жазаланды
Азық-түлік өнімдерін сатып алып, төлемді QR арқылы жасаған павлодарлыққа кәсіпкер жалпы сомаға 2% үстеме қосқан. Артынша қала тұрғыны Сауда комитетінің өңірлік департаментіне шағым қалдырған.
«Қала тұрғыны үй жанындағы дүкеннен қойытылған сүт, ананас және мойонез сатыл алған. Азық-түлім өнімдері үшін төлемді QR арқылы жасағаны үшін дүкен иесі жалпы сомаға үстеме 2% қосқан. Тұрғыннан түскен өтініштің негізінде Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің мамандары осы дүкенде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, құны ішкі және (немесе) сыртқы витриналарда қойылған жапсырмадан қымбат бағада сатқаны үшін шағын кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартып, 3 АЕК көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ кәсіпкерге сауда қызметін Сауда заңнамасына сай жүргізу туралы нұсқама берілді», деді Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Кабдушев.
Осы орайда Сауда комитеті «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 31-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес ішкі сауда субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде тауарды жария оферта, шарттар немесе өзге де мәмілелер талаптарына сәйкес белгіленген параметрлер бойынша сатуға міндетті екенін еске салады.
ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда қағидаларының 54-тармағының 8-абзацы қағидасы бойынша тауар сататын ішкі сауда субъектісі тауарды сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарында қойылған баға жапсырмасында көрсетілген құнға сәйкес сатып алушыға сатады.
Ішкі сауда нысандарында Сауда заңнамасына қайшы жағдайға тап болған жағдайда Сауда комитетінің өңірлердегі департаменттеріне жазбаша немесе E-otinishkz, E-tutynushy.kz бірыңғай жүйелері арқылы онлайн арыз-шағым қалдыруға болады.